«Бүрмеленген белдемшені қайдан табамыз?» немесе мектеп формасы қандай болуы керек?

Тамыз 09 / 2018

 

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Әрбір бала 1 қыркүйек күні мектепке жаңа киім киіп, жарқырап барғысы келеді. Алайда, ата-ананың көбінің баласына жыл сайын жаңа форма әпере беруге шамасы келмейді. Келгенінің өзі әуре-сарсаңға түсуде. Шымкенттегі «Орталық қырғы базарда» кездестірген Шолпан апай бүрмеленген белдемше (шотландық юбка) таппай жүр екен. Қаладағы мектептердің бірінде оқитын қыздарына мұғалімдері бүрмеленген белдемше кию керектігін айтыпты. Өңіріміздегі фабрикаларда қазір мұндай белдемшелер тігілмейтін көрінеді. Оны бір кездері Таразда мектеп формасын тігетін фабрика саудаға шығарыпты. Әсте мектеп әкімшілігі мен ата-аналар бірыңғай мектеп формасы туралы шешімді сол уақыттарда қабылдаса керек...

 

Жалпы, Шымкенттегі мектептердің әрқайсысында мектеп формасы әртүрлі. Көпшілігі қою қара көк юбка, шалбар киюде. Дегенмен, «торкөзді матадан тігілген етегі бүрмелі шотландық белдемше киесіңдер» деп жатқан мектептер де бар. Базарға бара қалсаңыз, әуреге түскен ата-ананы көруіңіз мүмкін. «Жалпы, мектеп формасы қандай болуы керек? Оның нақты үлгісі бар ма?» деген сауалымызды Шымкент қалалық білім басқармасы оқу-тәрбие бөлімінің бас маманы Жанар Әлтаеваға қойған едік.

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талаптарды бекіту туралы бұйрығына сәйкес, бірыңғай мектеп формасы екі-үш түстен аспауы тиіс. Ер балалардың мектеп формасына пиджак, жакет, шалбар жатады. Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жакет, белдемшеден тұрады. Сонымен қатар, осы бұйрықта қыз балаларға арналған белдемшенің тізеден 5 сантиметр жоғары болмауы керек екендігі де жазылған.

Қыстыгүні оқушылардың водолазка, трикотаждан тоқылған желеткелерді киюіне рұқсат беріледі. Шаһардағы кейбір білім ұяларында ата-аналардың, қамқоршылық кеңес мүшелерінің келісімімен бірыңғай мектеп формасы қабылданған. Алайда, ата-аналарды «мына фабриканың өнімін алыңыз» деп күштеуге болмайды, -- дейді ол.

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектепке қажетті заттардың бағасы қымбаттай түсетіні рас. Бір байқағанымыз, биыл сауда орындары мен базарларда Қытай, Қырғызстан мен Түркия елінің тауарлары ғана емес, көрші өзбек ағайындардың қолынан шыққан өнімдер де самсап тұр. Олардың бағасы алдыңғы айтқан үш мемлекеттен келген киімдерге қарағанда біршама арзандау.

Мәселен, Түркия елінен әкелінген ер балаларға арналған ақ жейденің жеңі ұзынын – 5 мың теңгеге, қысқасын 3 мың теңгеге сатып алуыңызға болады. Қыз балалардың ақ жейделерінің де құны осы шамада. Ал, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің мұндай тауарын ерінбей іздесеңіз 2 мың теңгеге де табады екенсіз. Денешынықтыру сабағына арналған жеңіл жейделер (футболка) 800 теңге деп тұр. «Өзбекстанда жасалған» деген сауда белгісі бар ер балаларға арналған екі шалбарлы костюмдердің бағасы 9 мың теңгенің үстінде. Спорт костюмі – 5 мыңнан жоғары. Олар да сапасына қарай қымбаттай береді.

Өңірімізде мектеп формаларын тігетін бір-екі фабрика жұмыс істейді. Олардың өнімдерінің де бағасы қалтаға аса салмақ салмайды. Әрі сапасы көңілге қонымды. «Алтын адам» фабрикасында бастауыш сынып оқушыларына арнап тігілген костюм-шалбарлардың құны 8 мың теңгеден жоғары. Шалбарларды жеке-дара 3500 теңгеге аласыз. Былай қарағанда, отандық өнімдердің түсі де, тігісі де Түркия елінен әкелінген тауарлардан кем емес. Содан ба, аталмыш фабриканың дүкендерінде де сауда қызып тұр. Ол жерден қаладағы мектептердің эмблемасын да таба аласыз. Тігіншілер оны сол заматта сізге 500 теңгеге қалаған киіміңізге қондырып береді.

Базарларда аяқ киімдердің ең арзаны – 4000 теңге. Сапалырағын іздесеңіз, әрине, қалтаңыз қалыңдау болуы тиіс. Көпбалалы ата-аналардың перзенттерінің барлығына бірдей сапалы киім сатып әперулеріне шамасы келмесі анық қой. Сондықтан синтетикалық матадан тігілген тауарларды да сатып алып жатқандар баршылық. Арқаға асынатын сөмкелердің бағасы 4 мың теңгеден жоғары тұрады.

Мектепке дайындықтың тағы бір парасы – оқуға қажетті құрал-жабдықтар. Қаладағы кеңсе тауарларын көтерме бағамен сататын дүкендердің бірінен 25 сантиметр сызғышты – 60 теңгеге, «Plus alphagrіp» қаламсабының 5 данасын – 800 теңгеге, 24 парақты сурет салуға арналған альбомды – 720 теңгеге, 12 парақты дәптердің бір данасы – 15 теңгеге, «Dolphіn» деп аталатын желімді 160 теңгеге алдық.

Сонымен бір баланы мектепке дайындауға қанша қаржы жұмсайтынымызды саралап көрсек. Киім-кешек пен сөмкенің өзіне 30-40 мың теңге шығындайды екенбіз. Оған күнделікті киетін және денешынықтыру пәнінде киетін спорттық үлгідегі аяқ киімдерді қосыңыз. Оқуға қажетті құрал-жабдықтарға 4 мыңдай қаржы кетеді.

Бір отбасында екі-үш бала мектепке баратын болса, қанша қаржы керек екенін өзіңіз-ақ ары қарай есептей беріңіз...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ