Ұласбек СӘДІБЕКОВ: «Отандық журналистика елді біріктіретін күшке айналуы керек»

Тамыз 09 / 2018

 

Түркістан облысының әкімдігінде облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыста Түркістан облысы әкімі аппараты әдеп жөніндегі уәкілінің есебі, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің қоғамды біріктірудегі рөлі, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жайы мен облыста «Құрметті азамат» атағын беру қағидасы сынды барлығы жеті мәселе қаралды.

 

Кеңес отырысына облыс әкімі аппаратының басшысы мен облыс әкімінің орынбасарлары және облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырыста аталған мәселелер жөнінде сала басшылары баяндама жасап, белгіленген тапсырмаларды іске асыру аясында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды. Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің қоғамды біріктірудегі рөлі жөнінде баяндама жасап, журналистер қауымын елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға үндеді. Баяндамада сөз болған бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры-бас редакторы Абай Балажан, «Айғақ» телеарнасының директоры Дулат Әбіш, облыстық «Южный Казахстан» газетінің директоры-бас редакторы Марина Лимаренко, «Әділет рухани жаңғыру» басылымының директоры-бас редакторы Захардин Қыстаубайұлы, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, журналист Әбдез Рахман, тағы басқа қалам ұстаған азаматтар үн қосып, бүгінгі журналистиканың бағыт-бағдары жөнінде ой бөлісті, үндеу қабылдады.

Отырыста қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, ұсыныстар енгізілді. Күн тәртібінде қаралған мәселелер кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан мақұлданып, облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды.

Журналист қашанда қоғамның ағартушысы деген мәртебеге ие. Сондықтан осы мәртебеге лайықты болып, журналистерді ауызбіршілікте болуға үндеген Ұласбек Сәдібекұлының баяндамасын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

Құрметті қоғамдық кеңес мүшелері, ақпарат саласының өкілдері!

Сіздер билік пен бұқара халықтың арасында дәнекер болып, еліміздің дамуына, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың нығая түсуіне елеулі үлес қосып келесіздер.

Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы проблемаларды уақтылы көтеру арқылы оны биліктің назарына ұсынып, оң шешімін табуына ықпал етуде. Дегенмен, БАҚ-тың мұнан да маңызды миссиясы барын ұмытпауға тиіспіз. Ол – қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы халықты елдік асқақ мақсаттарға жұмылдыру, қоғамға жол көрсетіп, ұлттың тәрбиешісі болу. Яғни, ақпарат құралдары елді біріктіруші факторға айнала білуі тиіс.

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және рухани жаңғыруға бет түзеді. Мақсатымыз – әлемдегі барынша бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу. Міне, осы тұста қолына қалам алған қауымның да қосар үлесі зор болмақ.

Өз аудиториямызға түрлі кереғар көзқарастарды тықпалаудан, жалған ақпарат таратудан, мәліметтерді бұра тартып, өзгеше сараптау арқылы елдің ынтымағына сына қағудан аулақ болғанымыз абзал.

Сондықтан қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің қоғамды біріктірудегі рөлі» тақырыбына тоқталып отырмыз.

Республикадағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының 30 пайызы – Түркістан облысында. Өңірде екі жүз елу үш (253) БАҚ бар.

Бұл дегеніміз – облыста шынайы сөз еркіндігі мен ақпарат алу және тарату бостандығының қалыптасқанын айғақтайды.

Бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстар арқылы жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.

Мұнан бөлек соңғы жылдары журналистердің шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына да мүмкіндіктер жасалды.

Соның нәтижесінде телевизия мен радиода, баспасөз бен интернет ресурстарда таратылатын медиа-өнімдердің де сапасы жылдан-жылға жақсара түсуде.

 Алдағы уақытта да облыс әкімдігі журналистердің мәртебесін көтеруге, кәсіби біліктілігін шыңдауға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша қолдау көрсете береді.

Құрметті әріптестер!

Бүгінде облысымызда желілік және мобильді интернетті қолданушылардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Түрлі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың саны жүздеген мың адамға жетіп отыр.

Бұл бір жағынан ақпарат құралдарына зор мүмкіндіктер туғызуда. Жаңа медиа ақпарат таратудың ұшқырлығын арттырып, қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына жол ашуда.

Ашығын айтқанда, біздің еліміздегідей, оның ішінде біздің облысымыздағыдай сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі, ашықтық пен жариялылық көп жерде жоқ.

Екінші жағынан баспасөз бен әлеуметтік желілердегі осы еркіндік – біздің қоғамды ақпараттың шынайылығы мен құқықтық мәдениетті сақтау мәселесімен бетпе-бет келтіріп отыр.

«Не шықса да Шымкенттен шығады» деген қағиданы ұстанған кейбір қаламгерлер мен желі қолданушылары кейде «сенсация жасаймын» деп шындыққа жанаспайтын, елдің ынтымағына сызат түсіретін немесе адамдардың жеке басына тиетін ақпараттарды да таратып жатады. 2017 жылдың өзінде республикада жалған ақпарат тарату бойынша 20 адам жауапкершілікке тартылған. Мысалы, күні кеше ғана «мектепке 300 метр аумақтағы мешіттер сүріледі» деген жаңсақ ақпарат таратылып, соңында Астанадағы тиісті орындар терістеме беру арқылы жоққа шығарды.

Қандай кезде де жеке мүддеден облыстың, ұлттың, мемлекеттің мүддесі басты орында тұру керектігін бір сәтте де ұмытуға болмайды. Қайсыбір іске де патриотизммен қарап, туған жерге деген сүйіспеншілік пен жанашырлық таныту көптеген олқылықтардың орнын толтырар еді. Қазіргідей ақпарат ғасырында кез келген жаңсақ жаңалығыңыз қас пен көздің арасында дүниені шарлайды. Халқымызда мұндайда «Шындық шырылдап жеткенше, өтірік талай жерді өртейді» деген даналық бар. Демек, ақпараттың ақ-қарасын ажыратпастан таратудың заң немесе ар алдындағы жауапкершілігі орасан.

Өйткені әрбір оқиғада адам тағдыры, қоғам мүддесі бар екендігін ескеруге тиіспіз.

Негізінде мұның бәрі сол журналист немесе әлеуметтік желі белсенділерінің ішкі мәдениетінің деңгейін көрсетеді. Әрине, кез келген тақырыпты қозғауға, ол жөнінде пікір айтуға әркімнің құқығы бар. Дегенмен, тақырыпты қозғап отырған журналист өзінің мойнында зор моральдық жауапкершілік бар екенін ұмытпауы тиіс.

Жазуға «ардың ісі» деп қарайтын нағыз майталман мамандар кімді сынаса да, қандай проблеманы көтерсе де этика нормаларын бұзбайды, кейіпкерінің жеке басына тіл тигізбейді және жалған ақпараттарды таратпайды.

Шын қаламгер қолындағы қаламның киесі барын, оны теріс мақсатқа пайдаланса, түбі опа таппайтынын бір сәтке де есінен шығармайды.

Себебі, барлық ақпарат құралының ең басты капиталы – ол өз аудиториясының сенімі. Оқырманы мен көрерменінің сенімінен айырылған БАҚ-тың да бағы жанбайды. Халқымыз мұндайды «Өтірікшінің шын сөзі зая» деп әдемі жеткізген.

Елбасының «Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған» деп саналатын біздің өңірге ерекше ықыласпен қарайтынын білесіздер. Енді өлкеміз ұлт тарихында тебіреніспен аталатын Түркістан атауына ауысып, рухани жаңғыру жолында айрықша өзгерістерге бет бұрдық.

Ұлы даланың дәуірін, ұлттық рухтың ұшқынын бүгінге жеткізіп тұрған Түркістанның түлеуіне, шын мәніндегі түркі әлемінің ордасына айналуына үлес қосу әркімнің перзенттік парызы саналады. Көші-қон барысымен орнығу кезеңдеріндегі уақытша қиындықтарға қарамай, қайта еңбекқор елдің ынтасын оятып, құлшынысын арттыратындай жалынды ойларыңызбен жігерлендірулеріңіз керек.

Екі ғасыр бойы Қазақ елінің астанасына айналған қасиетті Түркістан қазір халқымыздың рухани орталығы екені анық. Ендеше, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап, тереңдету жолында қаламгер қауымының бұл тұста да қосар үлесі маңызды болмақ. Бұл мақсатта да бірге боларымыз анық.

Журналистикада көзқарастардың әртүрлі болуы, пікір алуандығы – қалыпты құбылыс. Тіпті, онсыз журналистиканың өзі де дамымайды.

Бірсарындылықтан арыла алмаған, таптаурындыққа ұрынған журналистика қоғамдық пікір қалыптастыруға қабілетсіз. Ол ел дамуының қозғаушы күші бола алмайды.

Дегенмен, көзқарастар мен ұстанымдар әрқилы болғанымен, бәріміздің түпкі мақсатымыз біреу. Ол – қоғамның тұрақтылығы, еліміздің дамуы мен ішкі бірлігі, қарапайым адамдардың құқығының қорғалуы мен тұрмысының түзелуі.

Әрбір журналистің азаматтық ұстанымының темірқазығы осы идея болуы тиіс деп білемін.

Сондықтан өзара пікірталастарға барғанымен журналистер қауымы өздерінің ішкі бірлігіне бекем болуы керек. Ата-бабамыздан «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген қанатты сөз қалған.

Қаламгерлердің ынтымағы жарасымды болса, қоғамдық пікір де дұрыс бағытта қалыптасып, дамиды. Демек, Сіздердің ішкі ауызбіршіліктеріңіз, елдік мүдде бәріміздің басты қағидамызға айналуы керек.

 

ҮНДЕУ

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Бүгінде журналистика саласы – оқиғалар мен жаңалықтарды таратушы ғана емес, тұтастай алғанда өңірімізде, республикада және бүкіл әлемде болып жатқан жағдайларды талдап, сараптап, оның қалай өрістеп отырғанын айшықтайтын жетекші күш.

Баспасөз еркіндігі, сөз бостандығы, ашықтық пен жариялылық бүгінгі демократиялы қоғамымыздың негізгі құндылықтары ретінде қалыптасты. Бұқаралық ақпарат құралдарының, ондағы журналистердің кез келген тақырыпты қозғауына, ұстанымдары мен көзқарастарын еркін жеткізуіне ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен, осы еркіндікті теріс пайдаланып, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік желілерде бүркеншік атпен отырып елдің ынтымақ-бірлігіне сына қағып, азаматтардың ар-намысы мен іскерлік қабілетіне күйе жағып жүргендер де бар.

Проблемаларды көтеріп қана қоймай, отқа май құйып, мәселені ушықтыруы, жалған ақпараттар таратып, елді дүрліктіруі, түрлі кереғар көзқарастары арқылы халықты адастыруы – адамгершілікке де, заңға да қайшы. Біз отандық журналистиканың бұлай іріткі салушы емес, біріктіруші күшке айналғанын қалаймыз. Өйткені, бүгінде ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналды.

Осының бәрін ескере отырып, өңірдегі БАҚ басшыларын, бас редакторлар мен журналистерді және әлеуметтік желі белсенділерін дәлелденбеген, жалған ақпараттарды таратпауға;

- жеке адамның қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, этносаралық және конфессияаралық келісімді бұзатын, зорлық-зомбылықты, лаңкестік пен экстремизмді, рушылдықты қоздыратын ақпараттарды жарияламауға;

- өз шығармашылық қызметіміздің қоғамның ортақ мүдделеріне қайшы келмеуін және Қазақстан Республикасы заңдарының шеңберінен шықпауын үнемі қадағалауға;

- журналистік зерттеу жүргізгенде пікірлер, нанымдар, ұстанымдар мен көзқарастардың толық ауқымын қамтуға;

- проблемаларды көтергенде, сын материалдар дайындағанда мойнымызда моральдық, әлеуметтік және құқықтық жауапкершілік барын сезінуге, этикалық нормаларды бұзбауға, объективтіліктен айнымауға шақырамыз.

Журналистердің ауызбіршілігі бүкіл еліміздің ынтымақ-бірлігіне әсер ететінін естен шығармайық!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ