Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1771 лайк

Бәйдібекте берекелі істер көп

Тамыз 09 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шаянға барсаң әншімін деме... Әйгілі Әуезов берген баға бұл. Игі жақсылардың ізі қалған Бәйдібек ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ауданға жасаған арнайы сапарымызда не көрдік, нендей мәселелерді көңілге түйдік?

 

Алдымен аудан орталығы Шаянның оңтүстік батысындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған құрылыс жұмыстарымен таныстық. Ауыл іргесіндегі жазық далаға жолдар салынып, бағаналар тартылған. Аяқжолдар төселіп, суағарлар жасалған. «Бұл жаңадан бой көтеретін шағын ауданның орны, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандарбек Сұлтанбеков. – 55 гектар жерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын толық аяқтадық. Енді бұл үйлер кезекте тұрған 326 тұрғынға беріледі. Яғни алдағы бірер жылда Шаянның іргесінен жаңа шағынаудан пайда болып, заманауи үйлер, жаңа мектеп пен медициналық мекеме салынады. Оған арнайы жер бөлініп, бүгінгі таңда сметалық құжаттары дайындалуда».

Аудан бойынша үйіргелік жер алу үшін 1040 адам кезекте тұрған болса, оның 30 пайызы биыл жер теліміне қол жеткізіп, баспана салу қарекетіне кіріспек. Яғни бұл дегеніңіз – Бәйдібек ауданында тағы бір елді мекен пайда болады деген сөз! Бір жыл бедерінде атқарылған жұмыс осы қарқынын бәсеңдетпесе, көп ұзамай-ақ ауданда баспана мәселесі толық шешіледі деген сенім бар.

Баспана демекші, жер телімін дайындап беру жағынан көш бастап келе жатқан аудан тұрғындарды дайын үймен қамтамасыз етуден де алда келеді. Астана қаласының 20 жылдығына орай 20 үй пайдалануға беріліп, осынша отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери адамдар мен апатты жағдайдағы үйлер санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар бар.

Жаңа үйге кіріп, қуанышын еселеп отырған отбасылардың бірі – білікті дәрігер, көпбалалы әке Жамалбек Бейсенов. Ол 40 жылға жуық еңбек өтілінің 25 жылын өз ауылындағы денсаулық сақтау саласының өркендеуіне арнаған.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Алматы, Тараз қалаларында жұмыс істеп, әскери дәрігер болған азамат ауылға шақырту алғанда көп ойланбай көшіп келіпті.

– Өйткені, ауылды жерлерде маман жетіспейді. Жолдасым Айсұлу Сейітбекова да осы саланың маманы, психолог. Тоғыз бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Үлкеніміз Күлшат та медицина саласын таңдады. Көп баламен көшіп-қонып жүру оңай емес, дегенмен, тәуекел еттік. 2006 жылы аудан әкімінің шақыртуымен көшіп келдік, – дейді подполковник-дәрігер Жамалбек Бейсенов.

Иә, Бейсеновтер отбасын ауылдастары білікті дәрігерлер әулеті ғана емес, үлгілі, көп балалы отбасы ретінде де құрмет тұтады.

БАҚ өкілдері мұнан кейін инвесторлар есебінен салынып жатқан ашық спорт кешені мен теннис корты, жүзу басcейнінің құрылысымен танысты. Жалпы құны 1,3 миллиард теңгеге салынып жатқан жобаны Біріккен Араб Әмірлігінің қайырымдылық қоры қаржыландырса, құрылыс жұмыстарын түркиялық мердігер компания қолға алған. Бұл нысандар қыркүйек айында пайдалануға берілуі керек. Құрылысшылардың айтуынша, жүзу бассейні артық шығынды керек етпейді. Ені 11, ұзындығы 25, тереңдігі 2 метрден тұратын бассейнге суды жылына бір толтырса жеткілікті. Астындағы заманауи қондырғылар суды күнделікті сүзгіден өткізіп, тазартып тұрады. Сондай-ақ, жабық бассейн жыл он екі ай бойы жұмыс істейді. Бұған дейін қазақша күрес пен тоғызқұмалақ ойындары бойынша көптеген жетістіктерге қол жеткізген аудан спортшылары алдағы уақытта су спортынан да небір саңлақтарды шығарады деген сенім бар.

Бәйдібек ауданы – негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығы саласынан тұратын аграрлы өңір. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Күмісбек Ахметовтің айтуынша, егін саласында да, мал шаруашылығында да өсім бар. Биыл 95 мың гектар жерді игерген бәйдібектіктер қысқы жемшөбін дайындап, «кәрі құданың» келуіне толық қамданып отыр. Іріленген шаруалардың ұтары көп екенін айтқан бөлім басшысы бізді «Алғабас-Ағыбет» өндірістік кооперативінің жұмыс жайына бастап барды. Ерболат Мырзабеков басшылық ететін бірлескен шаруашылық Алғабас, Ағыбет ауылдық округтері аумағынан 2000 гектар жерге бидай, 1500 гектарға мақсары, 900 гектар жерге арпа мен жоңышқа еккен. «Ерсұлтан агро» серіктестігімен бірлесе атқарылатын жұмысқа жергілікті жиырма адам тұрақты тартылса, маусым кезінде қол күші артып, оларға 80 мың теңгеге дейін еңбекақы төленеді екен.

Тағы бір айта кететін жайт, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды жеңілдету мақсатында электронды жүйе қолға алынған. Бүгінде шаруалардың 90 пайызы осы заманауи жүйемен жұмыс істеп, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге дер кезінде қол жеткізіп жүр. Бұл жүйенің тағы бір тиімді тұсы – бұрынғыдай иегерілмеген жерлерге де субсидия алу сияқты қитұрқы әрекеттер сап тиылған. Өйткені, электронды жолмен жөнелтілген құжаттардың сызбасы спутник арқылы қайта тексеріледі.

Иә, бір сөзбен айтқанда, Бәйдібек ауданында берекелі істер мен жүйелі жұмыстар бар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ