Заң-заман 0 пікір 1770 лайк

Жаңа заң: адвокат айбарлы бола ма?

Тамыз 09 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы осыдан бір ай бұрын азаматтарға заң көмегін көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға қол қойған болатын. Осыған орай облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабековтің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.

 

Мейіржан Нұржанұлының айтуынша, аталмыш заң жобасы заң көмегін көрсету тәртібінің ашықтығы мен әділеттілігін, ең бастысы, сапасын көтеруге бағытталған.

– Шынын айту керек, еліміздегі адвокаттық қызмет сапасы дамыған елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келе бермейді. Оның ең негізгі себептерінің бірі – адвокаттардың жетіспеуі. Айталық, өңірімізде 446 адам осы қызметпен айналысса, соның 297-сі Шымкент қаласында. Қалғаны басқа аудандарға тиесілі. Яғни біздегі халық санына орай бір адвокатқа 7 мың адамнан келеді деген сөз. Ал, Батыс елдерінде 250-1000 адамның төңірегінде. Бұл тұрғыда адвокаттыққа үміткерлер үшін негізгі мәселелердің бірі – жарнаның қымбаттығы. Сондықтан алғашқы жарналардың алынып тасталуы жастардың бұл мамандыққа көптеп келуіне, бәсекелестікті күшейтуге және олардың санының артуына мүмкіндік бергелі отыр, – деді.

Ұзақ әрі жан-жақты зерделенген заң жобасының халыққа тиімді тұстары көп-ақ. Соның бірі – әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көрсетілетін тегін заң көмегі. Ол – pro bono деп аталады. Ескерте кететін жайт, pro bono қызметі міндет емес әрі оны көрсету мәжбүрлі болмайды.

Тағы бір маңызды жаңалық, заңда адвокаттардың жауапкершілігін қарайтын екі деңгейлі тәртіптік комиссия құру қарастырылған. Құрамына 6 адвокат, 3 қоғам белсендісі, отставкадағы 2 судья енетін комиссия азаматтардың шағымдарын жан-жақты әрі ашық қарауды қамтамасыз етеді. Оның үстіне, бүгінге дейін жоғары заң білімі бар кез келген адам сотта азаматтың мүддесін қорғауға мүмкіндігі бар-тын. Алайда, осындай көмек сапасыз көрсетілген жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғай алмайтын. Жаңа заңның талабына сәйкес, енді сотта өкілдік ететін тұлғалалардың заң кеңесшілері палатасының мүшелігінде болуы міндеттелген. Ал, 2020 жылдан бастап адвокаттардың, заң кеңесшілерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігі енгізілмек. Бұл заң көмегі сапасыз көрсетілген жағдайда келтірілген зиянды өтеуге кепілдік береді.

Облыстық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Фатима Сариеваның айтуынша, жаңа заңда адвокаттық ордерді алып тастау тәжірибесі енгізілген. Бұл қадам қорғаушылардың қызметін оңтайландыруға, уақыт пен қаржы шығындарын азайтуға жол ашпақ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ