Рухани жаңғыру 0 пікір 1766 лайк

Әлеуметтік салада айтарлықтай өзгерістер бар

Тамыз 09 / 2018

 

ҚР Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркесіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлгені белгілі. Соның ішінде зейнетақы жүйесіне де заман талабына сай толықтырулар еніп отыр. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады.

 

Биылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілгені, оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтерілетіні айтылған еді. Соның нәтижесінде еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болып, еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары одан әрі күшейтіледі. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындап келеді. Еске сала кетсек, 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейді. Базалық зейнетақы жалпы алғанда 29 пайызға, ынтымақты зейнет-ақы 32 пайызға, бала тууға байланысты жәрдем- ақы 37 пайызға, ал, мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 пайызға өсті. Экономикалық дағдарысқа қарамай әлеуметтік салаға жұмсалатын шығын көлемі жыл санап артып келеді.

Елбасының тапсырмасымен әлеуметтік салаға бөлінген қаржы 12 пайызға өскенін де айта кетейік. Биылдан бастап ынтымақты зейнетақы

8 пайызға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 пайызға дейін өсті. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көтерілді. Осыған байланысты базалық зей­нет­ақы тағайындаудың жаңа механизмі күшіне енді.

Азаматтар жалпы зейнеткерлік жасына жеткен кезінде ғана (63 – ер адамдар, 58,6/63 – әйел адамдар) базалық зейнетақы тағайындалады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес біз көп балалы аналарға 53 жасқа толғанда ынтымақты және базалық зейнетақы да тағайындайтын болсақ, 1 шілдеден бастап 53 жаста тек ынтымақты зейнет- ақы тағайындаймыз, базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа (58,6/63) жеткенде тағайындалады.

Базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа механизмі келесідей болады: егер азамат жұмыс істесе және БЖЗҚ-ға тек 10 жыл бойы аударымдар жүргізсе немесе мүлдем жұмыс істемесе, онда оған біз төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде базалық зейнетақы тағайындаймыз. Ондай жағдайда азамат қосымша ақы алмайды. Бұл қазіргі таңда зейнеткерлік жастан асқан, бірақ, жасына байланысты зейнетақыға құжат өткізбеген мүгедектік жәрдемақы алушыларға да қатысты. Сондықтан егер 10 жылдан асатын еңбек өтілі болған жағдайда жасына байланысты зейнетақыға құжат тапсыруы тиіс.

10 жылдан асқан әр 1 жыл еңбек өтілі үшін базалық зейнетақы 2%-ға ұлғаяды. Мысалы, 20 жыл еңбек етсе, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%, 30 жыл еңбек етсе 94%, 33 жыл немесе одан көп жыл еңбек етсе 100% құрайтын болады.

Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектердің күтімі үшін ата-аналарына немесе қамқоршысына мемлекеттік жәрдемақы ең төменгі жалақының 1,05 еселенген мөлшерінде тағайындалады.

Н.КАРАЖАНОВА, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының ОҚО бойынша филиалының электронды іс макеттерді бақылау және жеке, заңды тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ