Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1764 лайк

«Қиналғанға көмектесу – азаматтық міндетіміз»

Тамыз 09 / 2018

 

Осылай деген қала әкімі Ғ.Әбдірахымов шымкенттіктерді қайырымды болуға шақырды. Әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайға тап болған және тұрақты табысы жоқ, жетегінде бірнеше баласы бар аналар қала әкімінің табалдырығын жиі тоздыратынын айтқан шаһар басшысы тығырықтан шығар жолды да ұсынды.

 

Себебі, мұндай аналарға ұдайы қайырымдылық қорлары арқылы қолдау көрсете беру мүмкін емес. Оның үстіне халқымызда «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген даналық бар. Осыны басшылыққа алған қала әкімі «әлеуметтік жағдайы төмен, асырауында бірнеше баласы бар аналардың кәсіптік білім алуына, кәсібін ашуына, жеңілдікпен несие алуына жәрдемдесуіміз керек» деді.

– Көбіне менің қабылдауыма келген азаматшалар күйеулерінің жұмыс істемейтінін, отбасын асырауға күйеулерінің қауқарсыз екенін айтады. Тіпті, қиындыққа шыдамай бала-шағасын тастап кететін еркектер көбейген. Мұңайған аналардың көбі жарқын болашақтан үмітті. Көмектессек қолынан іс келетінін дәлелдеуге дайын тұрады. Алайда, қолдары қысқа. Күнделікті тапқан табысы балаларын қатарынан кем қылмай бағып-тәрбиелеуге мүмкіндік бермейді. Сол себептен де, біз оларға лайықты жәрдем көрсетуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың өз ісін жүргізіп, аяғына нық тұрып кетуіне ықпал ету, – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Салалық басқарма басшылары мен мамандарына тағдыр теперішін тартқан осындай әйелдер үшін шағын бизнесті дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бағдарламаны жасауға бір ай уақыт берді.

Бағдарламада негізінен таңдаған мамандықтары бойынша әйелдер кәсіби біліктілігін арттырып, өз ісін ашуына көмек беретін міндеттер айқын көрінуі керек. Яғни шаштараз, маникюр, массаж, аспаз немесе тігіншілік секілді қысқа курстардан өтуі тиіс. Осы арқылы олардың өз шағын бизнесі және тұрақты табысы болмақ.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметтері бойынша қазіргі уақытта қала аумағында тұрақты жұмыс орындарына мұқтаж 10 мыңға жуық әйел тіркелген.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ