Құрыш білек

Тамыз 09 / 2018

 

1942 жылы қасиетті Қазығұрт тауының баурайында, сылдырап аққан Атбұлақтың жағасында Нұржанның отбасында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Ауыл ақсақалы азан шақырып, «Сенің атың Анарбек» деп құлағына үш рет сыбырлап есімін қойды. Әке майданда...

 

Асыраушысы – анасы колхозда жұмыс істеді. Өзінен екі-үш жас үлкен немере ағаларының соңынан еріп жүріп, ерте мектепке барды. Жетіжылдықты 1954 жылы бітірген соң анасы Қалдығыз әулеттің үлкен-кішісімен ақылдаса отырып, Шымкентке оқуға алып келді. Ауылдасы, көптен араласатын Ирсали деген танысына сеніп тапсырды. Қала мен ауыл арасы отыз-отыз бес шақырымдай жер. Көлік қатынамайды.

Балалармен бірге ауылға жаяулатып барып қайтатын. Түн жарымында келсе де анасы шарбақтың сықыры естілгеннен ұйқысынан оянып, ұлын есіктің аузынан күтіп алатын.

Иә, осылайша зымырап үш жыл да өте шықты. Әр барған сайын анасы құрақ ұшып қарсы алады. Шымкент политехникалық техникумын бітірген жылы әскер қатарына алынып, Балтық жағалауында азаматтық борышын өтеді. Әскерден оралған соң «Промстройматериалы» құрылыс-монтаждау басқармасына шебер болып орналасып, аумағы сол кездегі Шымкенттің жартысын алып жатқан бүкілодақтық екпінді құрылыс – цемент зауытын салуға қатысты.

Ауылда қара жұмыспен, әскерде жаттығулармен шыныққан жас маман жұмысын да істеп, сонымен қатар, білімін де шыңдай түсті. Уақытпен санаспай құрылыс алаңында жұмысшылармен бірге болды. Олармен жобалау институты жасап берген сызба-жобаларды бірге талқылады. Нәтижесінде білімін көтеру үшін Қазақ химия-технология институтының құрылыс инженері факультетінің кешкі бөліміне оқуға түсті. Жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген азамат прораб, учаске бастығы, басқарманың бас инженері лауазымдарына дейін көтерілді.

Кірпіш зауытының, асбест-цемент конструкциялары комбинатының, №1 және №2 темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыттарының құрылысын жүргізуге атсалысты. 1975 жылдың наурыз айында тағдыр оған көкейде жүрген арманын іске асыруға керемет мүмкіндік сыйлады.

Сол уақытта Анарбек өзінің бұрынғы учаске бастығы В.И.Мишуринді жолықтырып қалды. Жөн сұрасып болған соң Мишурин бүгінде «Чимкентсельстрой - 25» тресін басқаратынын айта келіп, Анарбек Нұржановқа №2505 жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасына басшы болып келуге ұсыныс жасайды. Ол көп күттірмей бұл ұсынысты қабыл алады. Бірақ жұмысы тұралап қалған мекемені аяққа тұрғызу оңай болмады. Қиын жағдайдан шығу үшін бұрынғы істеген жерінен білікті мамандарды, ұйымдастыру қабілеті жоғары бригадирлерді жұмысқа шақырды. Күн-түн демей еңбектеніп, жылды абыроймен қорытындылады. Ауыл құрылысында да көп қиындықтармен күресті. Шаруашылықтағы бір нысанды бітіре сала екіншісіне көшетін. Ауданнан ауданға сабылатын. Осылайша жер шалып, ел таныды. Көптеген азаматтармен араласты, жаңа достар тапты.

Сол кездегі Бөген ауданының XXІ-партсъезд атындағы кеңшарындағы 1200 сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы – ірі құрылыс нысандарының бірі еді. Жұмысқа белсенді, ынта-жігері тасып тұрған жас маман Кеңес өкіметі бекіткен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес үш жылда аяқталуы тиіс нысанды бір-ақ жылда бітірді. Енді оны тапсырыс берушіге өткізу үшін мемлекеттік акт керек. Қиындық құжат әзірлеуден басталды. Анарбекке мемлекеттік актіні бекіту үшін 17 мекемеден қол жинау қажет болды. Оның ішінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, банк, санитарлық-эпидемиологиялық стансасы секілді мүйізі қарағайдай мекемелер бар. Жүгіріп жүріп олардың өкілдеріне ферманың аяқталған құрылысын көрсетіп, айтқан ескертулері бойынша ішінара түзетулер енгізіп, тиісті құжатқа қол жинады.

Сонымен ең соңында құжат келешекте шағаладай аппақ ауылға айналатын тауарлы-сүт фермасы орналасқан кеңшар директорының қолына келіп тірелді. Оған да барды. Ол кісінің қол қоймайтын сылтауы көбейіп кетті. Қайта айналып барады, орнында болмай шығады. Ұстатпайды.

Бір күні шалғайдағы бір бөлімшеде таңертеңгі лездеме өткізіп отырған жеріне барып, әрең дегенде қолын қойдырды. Алайда, облыс басшылығы қабылдау актісін республикаға барып бекітуді мұның өзіне жүктейді. Осылайша Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің алдынан бір-ақ шықты. Министр жоспардың мерзімінен ерте орындалғанына іштей риза болып, құрылысқа жауап беретін орынбасарына: «Мына азаматқа не бере аламыз?» деді. «Жеті айлыққа дейін сыйлық беруге болады» деді қаржы жөніндегі келесі орынбасары. «Олай болса, мына мемлекеттік актіні бекітуге және ПМК басшысына жеті айлық көлемінде сыйақы беруге бұйрық дайындаңдар» деді министр.

Анарбек құстай ұшып өзінің салалық Ауыл құрылысы министріне де соқты. Бұл, енді, өзінің қарашаңырағы ғой. Министр өте жылы қабылдады. Жабдықтау басқармасының бастығына базада тұрған екі «Волга» көлігінің біреуін Анарбекке беруді бұйырды. Оған қоса әлгі жеті айлық сыйақыны бұл жерде де алды.

Көп ұзамай облыстық партия комитеті министрлікпен келісе отырып, Анарбекті «Чимкентсельстрой-25» тресіне бас инженер етіп тағайындады. Мәскеудегі В.В.Куйбышев атындағы құрылыс инженерлері институтын да ойдағыдай бітіріп алды. Өзінің еңбек жолында құрылыстың күрделі сала екеніне көзі жетті. Халық құрылысшыларды құрыш білекті деп тегін атамапты.

Кейіпкеріміз 1979 жылы облыстық құрылыс-жөндеу тресіне басқарушы болып ауысты. Жеті жылдан соң өзінің қарашаңырағы есепті «Чимкентсельстрой – 25» тресіне басшы болып қайта оралды. Осында біраз тер төгіп, адал қызметімен көпке үлгі болды. Еліміз егемендік алған кезде Шымкент қалалық әкімдігінің құрылыс бөліміне басшылық жасады. Осы мекемеден зейнеткерлікке шықты.

Ұзақ жылдар еткен еңбегінің арқасында күрделі құрылыс саласының майталмандарымен араласты, жақсы жолдас болды. Ташқараев Әбдіғани, Айманов Тыныштық, Алдияров Абдулла, Тшанов Амалбек, Сыпатаев Әбдіманап, Орманов Анарбек, Пірімбетов Әли, Нұржанов Әжіхан, Төленов Әуесхан, Әбуов Әбдімүтәліп, Молдияров Щедрин, Бегімбетов Тұрғанбек, Өмірәлиев Махмұт секілді әріптестерінің есімін бүгінде бүкіл облыс жұртшылығы құрмет тұтады.

– Сәке, – дейді Анарбек Нұржан- ұлы, – Шымкентті бір-екі күн араламасам танымай қалатын болып жүрмін. Облыс және қала әкімдері Шымкенттің қай тұсына барып, көпшілікпен кездесу, сұхбат өткізсе, ертеңіне сол жер құлпырып шыға келеді. Бұл ғажап емес пе?!

Мына сөзден кейін екеуміз сырласып отырған саябаққа көз салдым. Расында да, жерұйықтың төріндей. Көз жауын алады. Сан түрлі гүл көмкеріп, сәнді ағаштары тербелгенде жүрегің ән салып кетеді.

Расында да, керемет емес пе?!

Сейдахмет БАЙДӘУЛЕТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ