Ауғанстан ақиқаты немесе анамның дұғасы

Тамыз 09 / 2018

 

Бейіт басында тұрмын. Қарсы алдымда қарулас досым Ғалымбай бір уыс төмпешік болып жатыр... Бірге өстік. Әскерге де бірге бардық. Ауған даласының аңызақ аптабында бірге жүріп, суығына бірге тоңдық. Тау-тасында табанымыздың ізі қалды. Бүгінде оқ бораған отты күндерден қалғаны еміс-еміс естелік қана.

1979 жылы сәуірдің 22-сінде Байжансайдан екі бала әскер қатарына алындық. Қазіргі Бәйдібек ауданына қарайтын Байжансай ауылы ол кезде Кентаудың құрамында еді. Сол себепті біз Кентаудың әскери бөлімінен аттандық.

Түнде поездан түсіп, гарнизонның клубына келдік. Таңертең барлығымызды бөле бастады. Кентаудан бірге келген жігіттердің көбісі Алматы қаласына кетті. Мен Сарыөзекте қалдым. Сол жылы желтоқсан айында Кеңес өкіметі Ауғанстанға әскер кіргізді. Алғашқылардың бірі болып біз де қаңтардың 14-і күні Ауған еліне табан тіредік. Тікұшақ командирі бізге: «Жігіттер байқаңдар, балалық жасамаңдар. Мен сендерді апарып, қайтарда «Груз-200» алып қайтамын» деп көзі жасаурады. Ол кезде білмейміз, сөйтсек «Груз-200» дегені қаза болған сарбаздардың мәйіті екен.

Құндыз әуежайында екі-үш күндей болдық. 3-ші батальон Кишимде, 2-ші батальон Тулуканда, 1-ші батальон Құндызда екен. Ертеңіне бізді жан-жаққа бөлді. Кишимде ауылдас досым Қазанғапов Ғалымбайды кездестірдім. Ауылдан бірге аттанып, Сарыөзекте бөлініп, алты айдан кейін Ауған жерінде қайта кездестік. Сондағы қуанышымызды көрсеңіз...

Өкінішке қарай, Ғалымбай Асадабад елді мекенінің жанында өкпесіне оқ тиіп, жараланды. Ташкенттегі госпитальға жеткізіліп, екі айдан кейін 6 шілде күні қаза болды. Осылайша ауған жерінде ерліктің үлгісін көрсетіп, өз есімін қарулас достарының жүрегіне өшпестей етіп жазып кеткен қазақтың қайсар ұлы Ғалымбай Қазанғаповқа өзінің туып-өскен жері Байжансайдан бір уыс топырақ бұйырды. Бүгін қандыкөйлек қарулас досымның бейітінің басында отырып, ақиқаттан аңызға айнала бастаған ауған жеріндегі қиын-қыстау күндерімізді еске аламыз. Сарытап сағынышқа айналған сәттерімізді көз алдымызға елестетеміз. Біз соғысты емес, соғыс бізді таңдаған екен. Бұл да болса тағдырдың маңдайға жазғаны шығар. Оған да көндік. Әттең-айы, қаншама боздақтар қыршын кетті. Есімін ұлықтап, еске алғаннан басқа не шара бар?..

Cолай... Кишим елді мекенінде бір-екі операцияға қатысып, ақпан айының 16-сында қайтадан Құндызға қайттық. 1980 жылы 23 ақпанда біздің полк атақты Саланг асуынан өтетін болды. Барлығымыз флягқа су құйып, өзімізбен бірге таза мата алып алдық. Себебі, Саланг асуындағы тоннельден өткенде, матаны сулап, сол арқылы демалып отырасың. Ауғанстанның солтүстігі мен оңтүстігін Гиндикуш тауы бөліп тұр. Үш мың метрге көтеріліп, сегіз шақырымдық Саланг асуынан тоннель арқылы солтүстіктен оңтүстікке өтесіз. Кейде көліктен бөлінген улы газ тоннельде тұрып қалып, өткіншілер тұншығып қалады екен. Бізбен бірге әскери борышын өтеген боралдайлық Сапарғали Борықбаев та сол тоннельде тұншығып қалғанын айтады. Бұл есін жиғанда өзі сияқты басқа жігіттер естен танып жатса керек. Жүріп бара жатқан көлікке жүгіріп мініп, аман қалған екен. Сөйтсе, бас-аяғы көрінбейтін қара түнек тоннельде көлік бұзылып, артында келе жатқан колонна кептеліп қалады. Әр көліктен бөлінген улы газ әп-сәтте тоннель ішін қап-қара түтін етеді.

Көктемнің алғашқы айында Кабулдан Жалалабадқа келдік. Кабулда күн салқын еді, Жалалабадқа келсек - ыстық. Су тапшы. Өлшеулі болған соң ба, дәмі бал татиды. Алғашқыда тамақ іше алмай, тек су ішумен болдық. Сәуірдің басында Кингерлан елді мекеніне операцияға бардық. Ол жерде Баратов Самат бауырымыз оққа ұшты. Көз алдыңда жүрген адамнан айырылып қалу өте ауыр. Ертең-арғы күні ажал құшатын адамдай алаңдап жүресің.

Мамырдың 11-і күні біздің батарея Баркандайға келдік. Таңда естігеніміз 1-ші рота қоршауда қалып, біраз жігіт қаза болыпты. Аға лейтенант Шорников қоршауда қалған соң, тірідей қолға түспеу үшін өз-өзін гранатамен жарып жіберген. Кейіннен Шорниковқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1-ші ротаның қоршауда қалып, жігіттердің ерлікпен қаза тапқандары жайлы Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл «Мен көрген соғыс» кітабында жазған. Жігіттер қаза болған жерде кешке дейін 2-ші, 3-ші және десантшы батальондарды қолдап атқыладық. Кейіннен бригада Нуристанға кетті. 15 мамырда қайта Асадабадқа келдік. Батальондағы қазақ жігіттерімен жөн сұрасып, талай қандастарымыздың ерлікпен қаза тапқанын естідік.

Ол кезде Ауғанстанда соғыс болып жатыр деп айтылмайтын. Әскерлер интернационалдық борышын өтеп жатыр дейтін. Бір күні ауылдан хат келді. Анам Ұлбала жазған екен. Шіркін, ана жүрегі сезеді ғой, бар-жоғы бір беттен тұратын хатта: «Балам, Бисмиллахи Рахмани Рахим, Әй, Алла, өзің сақтай көр» деп жүрші» дегенді үш-төрт рет қайталапты. Жазуы жалынып, жалбарынып тұрғанын елестетті. Содан кейін атыс болса, колоннамен келе жатқанда «Бисмиллахи Рахмани Рахим, Әй, Алла, өзің сақтай көр» деп жүретін болдым. 1981 жылы елге аман оралғанда, анам бір жарым жыл бойы Жаратқанға жалбарынумен жүргенін айтты. Бәлкім, оқ пен оттың арасынан аман-есен оралуымызға адал ниетті анамыздың сол дұғасы әсер еткен болар?..

Анам жайлы айтқанда мына бір оқиға есімнен кетпейді.

Біздің батарея орналасқан жерде, жолдың шетінде сай болатын. Түс кезінде сайдан минаның жарылған даусы шықты. Жүгіріп барсақ, қырғыз жігіті минаға түсіп қалған екен. Бір аяғы тізеден, бір аяғы тобықтан жоқ. Жанұшыра жылаған даусы сай-сүйегіңді сырқыратады. Қиналғаны сонша, бізге «атып тастаңдар» деп жалынады. Қаны сорғалаған аяғын таңуға бір ауған әйел көмектесті. Киіз туырлықты түтетіп, қанын тоқтатып алды. Сондағы түсінгенім – ана қашан да ана! Мейлі ол кім болса да, қандай ұлттың өкілі болмасын, мейірімділіктің символы болып қала береді екен.

Содан бір өлімнен аман қалған қырғыз жігіт екі аяғын ауған даласына қалдырып, еліне қайтты. Көп ұзамай хат келді. Өзін өлім аузынан арашалап қалған жолдастарына алғыс айта келе, аман қалғанына шүкіршілік етіпті. Ауылда сағыныштан ішқұса болып отырған анасын айтыпты. «Мен өліп кеткенде ол кісінің жағдайы не болмақ еді?» деп айтуды да ұмытпаған.

Бастауыш сыныптан бастап батыр Баукеңнің, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев атамыздың, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің және Шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлия апаларымыздың ерліктерін оқып, көптеген Ұлы Отан соғысының ардагерлерін көріп, соның ішінде соғыс және еңбек ардагері, марқұм әкем Бердалиев Жақсыбектің өсиеттерін тыңдап, патриоттық тәрбие алып өстік. Сол сезім, сол рух қиын-қыстау кезеңде қорған болды.

Шілде айында бір жұмыстармен Жалалабад аэродромына барып, қайтып келе жатып госпитальға соқтық. Жігіттер госпитальға кіріп кетті. Мен машинаның жанында қалғам.

– Өскен! – дегендей болды біреу.

Жан-жағыма қарасам ешкім жоқ. Сәлден кейін аңғардым, басы тұтас ақ бинтпен оралған бір солдат тұр. Көздері ғана көрінеді.

Тағы да:

– Өскен, – дейді. Басын таңып алған солдаттан басқа пенде жоқ. Бір кезде ол:

– Өскен, танымадың ба? Мен Бақытпын ғой, – деді.

Сөйтсем, әскерге Кентаудан бірге аттанған Бисейітов Бақыт екен. Ол 2-ші батальонда Асадабад жақта болатын. Желкесінен жарақат алып, госпитальда жатыр екен. Ақ матаға орап алған оқты көрсетті. Хирург беріпті. Талисман деп. Кейін елге оралғанда Кентауда жолығып, баяғы талисманының қайда екенін сұрасам, «лақтырып жібердім» дейді. Бәлкім соғысты есіне түсіргісі келмеген шығар. Бақыт қазір Шымкентте тұрады. Қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында білікті маман, травматолог.

Соғыс болған соң қиындық та, қорқыныш та болады. Басында айтып кеткем, 1980 жылы қаңтар айының аяғы, ақпанның басында Ауғанстанның солтүстігі Кишим елді мекенінің жанында бір ай болдық. Қыс. Қар аралас жаңбыр жауады. Суық. Палаткада 12 адам жатамыз. Киімімізбен. Жер түгел батпақ. Палаткадағы буржуйка пешке от жағамыз. Су ағаш жанбайды, түтейді. Бет аузымыз күйе. Өзендегі мұздай суға жуынамыз. Бетіміз тап-таза, мойнымыз, құлақтың арты қап-қара кір. Бір-бірімізге қарап күлеміз.

Бір жолы моншаға түсесіңдер деді. Келсек «Газ-66» машинасының жанына екі палатка тігілген. Машина суды өзеннен сорып алып жылытады да, палаткадағы душқа жібереді. Алғашқыда жылы сияқты еді, кейіннен мұздап кетті. Сөйтсек, машина бұзылып қалған екен. Киініп, далаға шығып, саппен бір-екі айналып жүгіріп едік, жылындық. Осындай қызық жағдайлар да болған.

Біздің 66-шы бригада ақпанның ортасында Кишимнен кеттік. Біз кеткен соң орнымызға басқа полк келген. Соның ішінде байжансайлық Смолев Александр да болыпты. Кейін 1989 жылы Кишимде біздің ауылдан Жолдасов Нұрхан да болған екен.

1980 жылдың шілде айында операциядан қайтып келген соң Жалалабадта қыркүйектің 15-іне дейін болдық. Одан кейін Пәкстаннан 5-6 шақырым жерде ғана орналасқан Асмар қаласына келдік. Жылдың аяғына таман батальон командирі В.В.Рыжий мені 5-ші расчеттің командирі етіп бекітті.

1981 жылдың басында 2-ші батальонға Бақытжан Ертаев ағамыз жаңадан комбат болғанда Лагман провинциясына операцияға бардық. Жолда атыс болды. Жаяу әскер БМП-дан түсіп, тауға көтеріліп кетті. Бір кезде екі солдат көрінді. Бірі жараланған солдаттың аяғынан, екіншісі қолынан көтеріп алыпты. Аппақ бинт соңдарынан шұбатылып келеді. 2-ші батальонда егіз беларусь жігіттер болатын. Соның біреуі қаза болыпты. Жаяу әскер таудан бір дұшпанды ұстап әкелді. Жігіттер ашулы, офицерлер жігіттерді дұшпанға жақындатпады. Өлтіріп қоюы мүмкін еді. Штабқа алып кетті. Лагманда бір жұмадай болып бригадаға қайттық.

Қаңтардың 28-іне Жалалабадтан Асадабадқа келдік. Асадабадқа жетпей жолдың сол жағында тауда дұшпандардың базасы және госпиталі болатын. 1980 жылы сәуір айының басында осы жерде ауылдас досым Қазанғапов Ғалымбай жараланып, Исмаилов Үсен қаза тапқан еді.

1981 жылы наурыз айына дейін Асадабадта болдық. Одан кейін қайтадан Жалалабадқа келдік. Онда екі ай болдық. 9 мамырда генерал Ахромеев біздің 66-шы бригаданың жауынгерлік туына Ленин орденін қадады.

Осы жерде Бақытжан Ертаев, Әлімжан Ерниязов, Қоқымбаев, Жайлыбаев сияқты ағаларымыз бен Смағұл Бақытбек, Серік Тілешов, Қайрат Ақатаев, Салиғұлла Наукеев, Бақыт Бисейітов, Берік Бекбаев сынды қазақ жігіттері мен басқа да жауынгерлердің ерлігін ерекше айта кетуге тиіспіз.

13 мамыр күні бригадаға келіп, палаткаға кірсек, екі-үш сержант отыр. Бізді ауыстыруға келгендер екен. Қуанып кеттік. Ертеңіне прапорщик Турбинский келіп «Бердалиев дайындал, ертең дембельге кетесің» деді. Мамыр айының бел ортасында екінші партиямен ауылға аттандық.

Біз Жалалабад әуежайына келгенде Асадабадтан да 2-ші батальоннан дембельдер келді. Сол батальонның комбаты Бақытжан Ертаев ағамыз шығарып салуға өзі келіп, барлығымызға жақсы тілектер айтты. Кабулда бір күн түнеп, ертеңіне «ТУ-154» ұшағымен әуеде қалқып ауылға келе жаттық. Ашхабад қаласына жетіп, ұшақтан түскенде мүлде басқа бір әлемге тап болғандай сезіндік. Оқ пен оттың арасынан келген біздер бейбіт өмірдің не екенін жан-жүрегімізбен сезінгендей болдық. Жамбылдық Бекбол екеуміз және украин жігіттер поезбен қайттық.

19 мамырда Шымкентке келіп, тіке Байжансайға тарттым. Осылайша мен үшін ауған соғысы аяқталды.

Жалпы, Байжансай кенішінен тоғыз жігіт ауған соғысында болған екенбіз. Атап айтсам, Сергей Лункин, Александр Смолев, Владимир Слободянин, Мұхтар Тұранов, Нұрхан Жолдасов, Ержан Қаратаев, Жамбыл Назарбеков және марқұм Ғалымбай Қазанғапов. 1987-1989 жылдары Кентау қаласындағы Әл-Фараби атындағы мектепте Ғалымбай рухына арналып, мрамор тақтаға аты жазылып, суреті салынып, «Даңқ залы» орнатылды. Бәйдібек ауданындағы Жоғарғы Боралдай мектебінде де бір сынып Ғалымбай Қазанғапов атымен аталады. Сол мектепте ауған соғысында ерлікпен қаза болған жігіттерге және Ғалымбай Қазанғаповқа арнап ескерткіш орнатылды. Ол ескерткішті мектеп мұғалімдері Қайрат Қошанәлиев пен Құрмантай Балғабаев өз қаражаттарына тұрғызғанын ерекше айта кетейік. Сондай-ақ, сол аудандағы Саттар Ерубаев мектебінде де ауған соғысында ерлікпен қаза болған жігіттерге арнап ескерткіш орнатылған. Жыл сайын ақпан айында волейболдан Ғалымбай Қазанғапов атындағы турнир өткізіліп тұрады.

Өскенбай БЕРДАЛИЕВ, ауған соғысының ардагері. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ