Руханият 0 пікір 1762 лайк

Бекзат күйші

Тамыз 09 / 2018

 

Базаргүл ҚАЛБЫР, «Оңтүстік Қазақстан».

Елімізде түрлі деңгейде домбырашылар байқауы ұйымдастырылып тұрады. Өнер сүйген жастарға шабыт сыйлауда осындай мәдени шаралардың пайдасы ұшан-теңіз. Ордабасылық Бекзат Прилепесов – сондай үлкенді-кішілі байқауларға жиі қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген талантты жастардың бірі.

 

Оның алғашқы ұстазы – аудандық «Өнер» мектебінің мұғалімі Қаламқас Шымырова. Бекзат Оңтүстік Қазақстан саз колледжін домбыра сыныбы бойынша бітірді. Былтыр республикалық ХІІІ «Ұлттық дельфий ойындары» байқауында күйшілер сайысында бірінші орынды иеленді. Екі турдан тұратын сайыста өнерпаз Қ.Ахмедияровтың «Қуаныш», Н.Тілендиевтің «Аққу», Құрманғазының «Серпер», Қазанғаптың «Жұртта қалған» күйлерін шебер орындады. Биыл алғаш рет республикамызда атап өтілген Домбыра күніне орай Түркістан облысы күйшілерінің арасында өткен «Күй құдіреті» атты сайыста да жас домбырашы бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл байқауда Бекзат Т.Момбековтің «Мыңжылқы», Сүгірдің «Назқоңыр», Файзолла Үрмізовтің «Файзолланың қосбасары», Құрманғазының «Байжұма» күйлерін тамаша орындап, қазылар алқасын да, көрермендерді де тәнті етті. Өнерлі жанның арманы – Ұлттық өнер университетіне оқуға түсіп, осы саладағы білімін шыңдай түсу. Талантты жас домбырамен ғана шектелмей, фортепиано, гитара, аккордеон тартуды да шебер меңгерген.

Ордабасы ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ