Экономика 0 пікір 0 лайк

Қамбаны қызыл дәнге толтыруда

Тамыз 07 / 2018

 

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде Қазығұрт өңірінде егін орағының нағыз қызған шағы. Диқандар маңдай термен өсірген ризықты шашпай-төкпей жинап алуды мақсат тұтып отыр.

 

Қ.Әбдәлиев ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекеніндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативі 2002 жылы құрылған. Астық өндірумен айналысатын кооперативте 1690 гектар егістік алқап бар. Шаруашылық биыл 750 гектар жерге күздік бидай, 50 гектарға арпа, 260 гектарға мақсары дақылын егіпті. 630 гектар парға айдалған. Өздерінің қалыптасқан тәжірибесіне сүйенген еңбекшілік егіншілер ұйымшылдықпен қамбаны қызыл дәнге толтыруда. Егіндік алқапты аралағаннан кейін өндірістік кооператив төрағасын әнгімеге тарттық. Арын Қалшабеков орташа өнім гектарына 20-25 центнерді құрағанын, техника, адам күші жеткілікті екенін айтады. Ұжым 5 «К-700», 3 «Нива-Эффект» комбайнымен қамтамасыз етілген.

Ауылда көпбалалы отбасында дүниеге келген Арын Батырұлы туған жерді түлетуге өзіндік үлесін қосып келеді. Әкесі Батыр ақсақал бұрынғы «Күйік» асыл тұқымды қой зауытында 42 жыл аға шопан болып еңбек етсе, анасы Сәуле – «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері. Арын – осы әулеттегі 7 ұл, 3 қыздың тұңғышы. Ол Алматыдағы Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, агроном мамандығын алған. Еңбек жолын Қазығұрт (ол кезде Ленин) аудандық «Сельхозхимия» өндірістік бірлестігінде агроном-техник болып бастап, кейінірек «Күйік» асыл-тұқымды қой зауытында бас агроном болып қызмет атқарған. Әрине, өндірістік кооперативті аяққа тұрғызу оңай болған жоқ. Бұл – қажырлы еңбектің нәтижесі. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол қандай істің болмасын күрмеуін тез шешіп, ұжымды ізгі мақсаттарға жұмылдыра біледі. А.Қалшабеков Қазығұрт аудандық мәслихатының V-VІ шақырылымына депутат болып сайланды. Өзіне сеніп дауыс берген азаматтардың аманатына адалдық танытып, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жүр.

– Елбасы тапсырмасына орай кәсіпкерлік саласы дамып, экономикамыз тұрақталып, халықтың рухани байлығы түгенделіп келеді. Осы ретте біздің кооперативтің де Қазақстанның өркендеуіне өзіндік үлес қосқанын қалаймын. Әсіресе, ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ізгі істеріміз арқылы тарих шежіресінде қалсақ дейміз, – дейді халық қалаулысы.

Сондай-ақ, ол жұмысшылардың еңбекақысын уақытынан кешіктірмеуді, әлеуметтік жағдайларын жақсартып, әрдайым көмектесіп отыруды бәрінен де маңызды іс санайды. Сондықтан да бұл шаруашылықта күнкөрісі төмен отбасыларға, кооператив мүшелеріне ұн, жем-шөп таратылып беріледі.

Текті әулеттің ұрпағы Арын Батырұлы жұбайы Шолпан апай екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты жандар.

Қазығұрт ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ