Руханият 0 пікір 0 лайк

Бала бағып, ас пісіре алмасақ...

Тамыз 07 / 2018

 

немесе шетелдік жұмысшылар жарты жылда 5 миллиард ақшамызды әкетті

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жақында БҰҰ-ға қарасты Халықаралық еңбек ұйымы (ІLO) әлемде кем дегенде 18 бен 30 жас арасындағы 70 миллион 900 мың адам жұмыссыз екенін мәлімдеді. Швейцарияның Женева қаласында жарияланған ІLO есебінде жас жұмыссыздардың 30 пайызы Африка елдерінде екені атап көрсетілді. Одан кейінгі қатарда Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері тұрса, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жастардың жұмыссыздығы бойынша үшінші орында.

Халықаралық еңбек ұйымы әлемде жұмыс табу мақсатымен басқа елдерге көшіп кететінін айтып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, әлем жастарының 36 пайызы екі қолға бір күрек табу үшін өз елінен кетуге мәжбүр болған.

Басқа елдерге көшіп кеткен жастардың 44,3 пайызы – Африканың оңтүстігіндегі елдерден қоныс аударғандар. Бұдан кейін Солтүстік Африка, Оңтүстік Америка, Кариб аралдары мен Шығыс Еуропа елдерінің жастары тұр. Америка Құрама Штаттарының солтүстігінде тұрып, басқа елдерге көшіп кеткісі келетін жастардың үлесі болса 17,1 пайызды құрайды екен.

Жұмыссыздық жайлаған елдердің қатарында Қазақстанның барын жасыра алмайсыз. Ресми деректерге назар салар болсақ, елімізде еңбекке қабілетті адамдардың 5 пайыздайы жұмыссыз. Бұл көрсеткішті нақты сандарға шақсақ, еңбекке қабілетті 440 мыңдай отандасымыз бос сенделіп жүр деген сөз. Олардың 70 мыңдайы ғана жұмыспен қамту органдарында тіркелген. Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, жұмыссыздық мәселесі халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстарда мейлінше өзекті екен. Елдегі жұмыссыздардың шамамен 20 пайызға жуығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының үлесінде. Үш миллион халқы бар өңір үшін 90 мыңға жуық жұмыссыз дегеніңіз аз ба, көп пе? Оның үстіне бұл есептеулер ресми статистикаға сүйеніп жасалғанын ұмытпағайсыз...

 Иә, жұмыссыздықтың азаймай отырғанына себеп көп. Ең бірінші кезекте... Еңбек нарығына қажетсіз, біліктілік деңгейі нашар мамандарға топырлатып диплом беріп жатқан жекеменшік университеттерге тоқтам сала алмай отырмыз. Еңбек нарығына қажетті кәсіптік мамандарды сапалы етіп әзірлейтін білім беру жүйесін әлі күнге толыққанды қалыптастырып болмадық. Өнеркәсіпті дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалардың дені қағаз жүзінде қалып, жүзеге асқандарының өзі мәселені түпкілікті шешердей ауқымды болмай тұр... Тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Бірақ, тоқтаңыз!

Тап осылай бәріне мемлекетті кінәлап отыра берсек, біздің жастарымызға біреу жұмыс тауып бере ме? Өзінің жолы болмағанын басқадан көріп, айналаның бәрін қаралай беру әлсіздердің әдеті емес пе? Расында, пайымдап қарасақ, біздегі жұмыссыздық пен әлгі Латын Америкасы, Африка елдеріндегі жұмыссыздықтың сипаты да, себептері де әртүрлі екен. Ол елдерде жастар күнкөрістің басқа ешқандай көзі болмағандықтан шет мемлекеттерге барып еңбек мигранты немесе босқын атанып жүрсе, біздегі жастардың көбі мынадай екі себеппен жұмыссыз атанған. Біріншісі – мамандардың кәсіби біліктілігінің төмендігі. Екіншісі – жастардың көбінің ауыр жұмыстан қашып, өзі жеңіл, бірақ жалақысы жоғары жұмыс іздейтіндігі.

«Қазақстанда істеймін деген адамға жұмыс көп» деген пікірді айтқандар қазір көпшіліктің мазағына қалады. Бірақ, мұның шындық екеніне жақында көзіміз жетті. Парадокс! Облысымызда жұмыссыздық өте өткір мәселе дейміз. Сөйте тұра 2018 жылдың бірінші жартысында шетелдерден келген 50 мың адамға ақша төлеп, жұмыс істетіппіз. Бұл жәй қауесет емес, бұл – анау-мынау емес, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының ресми мәлімдемесі. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есеп берген департамент басшысы Ә.Тілегенов шетелден келген 50 мыңға жуық жұмысшының тіркеліп, олардан 6 айда 500 миллион теңге табыс салығы өндірілгенін айтты.

Сонда шетелден келіп біздің елде жұмыс істегендердің бір жылда төлейтін табыс салығы 1 миллиард теңге! Бір жағынан қарағанда бұрынғы жылдардағыдай емес, еңбек мигранттарының тіркеліп, салық төлегені де жақсы шығар. Бірақ, екінші жағынан қарасаңыз, бізде жеке адамдардың табыс салығы – 10 пайыз. Демек, бір жылда 1 миллиард теңге табыс салығын төлейтін шетелдіктер облысымыздан 6 айда – 5 миллиард, 1 жылда 10 миллиард теңге жалақы алып, өз елдеріне әкетіп отырады. Шетелдіктер істеген сол жұмысты өз азаматтарымыз істеп, сол 10 миллиард теңге өз адамдарымыздың қалтасына түссе, бала-шағасына ырыс-несібе болса, бүйірімізді тесіп шығар ма еді?!

Қараңыз, шетелден келгендердің 80 пайызы құрылыс саласында жұмыс істеген. Негізінен Өзбекстаннан, қала берді Қырғызстан мен Тәжікстаннан келіп, 40 мыңдай адам бізде үй, басқа да құрылыстар салған. Мейлі, көрші елден келгендер құрылысты арзан, жылдам әрі сапалы етіп салады екен. Бірақ, шетелден келгендердің мыңнан астамы бала күтімімен айналысқан болса, 950-і кәдімгі аспаз болыпты. Егер тамақ істеу мен бала бағу да қолымыздан келмей, оған да шеттен адам алдырып жүрсек, сонда біз қайда бара жатырмыз? Қазір хабарландырулар берілетін сайттар мен газеттерді қарап отырсаңыз, қойшы, құрылыс бригадасына жұмысшы, жүк тасушы керек деген хабарландырулардан көз сүрінеді. Ал, біздің жұмыссыз жүрген жастарымыз олардың бейнетін ауырсынады, енді бірі жалақысын місе тұтпайды. Оны айтасыз, мектеп түлектеріне «кәсіптік-техникалық лицейде оқып, құрылысшы, кран жүргізуші, бульдозерші, автоэлектрик немесе дәнекерлеуші бол, ертең жұмыссыз қалмайсың» десеңіз, олар Сізді менсінбей, миығынан күледі.

Проблемаға кеңірек контексте қарасаңыз, негізгі мәселе сыртқа кеткен 10 миллиард ақшаға немесе қазақ отбасыларының бүгінгі әлеуметтік жағдайына тіреліп тұрған жоқ. Қиыны сол, бұл түрімізбен кете берсек, бір жылдары араб елдеріндегідей бізде де автокөлік жүргізетін шофер табылмай, оны да сырттан алдырып, масқара боламыз. Тоғышарлық пен жалқаулық желкесіне мықтап мініп алған, жұмыс істеуге құлқы да, қауқары да жоқ ұлттың генофоны тас-талқан болады. Еріншек, ақ саусақ, кертартпа, бозөкпе жастар көбейе берсе, әуелде еңбек мигранты болып келгендер елімізге сіңісе береді. Біртіндеп қызыңды алып, құда болып, азаматтықты қалтасына басады. Ол – еңбекқор, сен жалқау болсаң, жұмыс іздеп келген келімсек түбінде байып, сенің қожайыныңа айналары анық. Одан арғы жағы...

Халқымыздың «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деген даналығының астарында осындай мәселелер жатыр. Олай болса, жас ұрпақты еңбекке баулу – мемлекеттің де, халықтың да мойнындағы ортақ міндеті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ