Экономика 0 пікір 1751 лайк

«Оңтүстік» АИО үй құрылысын қаржыландырады

Тамыз 07 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында еншілес «Ырыс» микроқаржы ұйымымен бірлесіп, 1068 жобаны қаржыландырды. Оған 3 920,7 млн. теңге жұмсалды. Нәтижесінде 1 119 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, бүгінге дейін 18 мыңға жуық кәсіпкерге 56,2 млрд. теңгеге қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл 42 600 жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпалын тигізді. Компания портфелінде құны 22,2 млрд. теңге болатын 5 486 жоба бар.

 

Биыл іске қосылған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Оңтүстік» АИО үй құрылысын қаржыландырудың механизмін әзірледі. Осылайша кәсіпкерлермен бірге экономиканың басқа да салаларын инвестициялаудың жаңаша үлгісін ұсынып отыр.

Енді «Ырыс» МҚҰ фермерлерге алдын-ала төлемсіз қаржылық лизинг түрінде қолдау көрсетеді. Бұл бағдарлама «Ырыс-өркендеу» деп аталады. Осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы техникалары мен қажетті жабдықтарды сатып ала алады және алдын-ала төлем ретінде инвестициялық субсидия төленеді.

Қаржыландырудан бөлек өңірге инвесторлар тарту ісі де қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатқа орай орталық тарапынан www.kazіnvestor.com веб-сайты іске қосылды. Мұнда инвесторларға облыс экономикасы жайлы нұсқаулықтар берілген.

Өткен жылы әзірленген «RІC ON EXPORT» бағдарламасы аясында облыстан 230 тонна ет экспортталды. Аталмыш бағдарлама кәсіпкер мен тасымалдаушы арасында «алтын көпір» іспетті. Яғни ет өндірушіге тауарын сатуға жәрдем беріледі, мұның өз кезегінде жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына, өнімдерінің экспортталуына септігі мол болмақ.

 Әлеуетті инвесторлармен бірқатар кездесулер ұйымдастырылып, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Жыл басынан бері Қазақстан фермерлер одағының облыстағы өкілдігімен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы іскерлік кеңесімен, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясымен» және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен әріптестік байланыстар орнатты.

Компания өкілдері Астана, Алматы, Дубай, Измир және өзге де қалалардағы халықаралық форумдар мен көрмелерге белсене қатысуда. Әлемнің түрлі елдерінен келген инвесторлармен көптеген келіссөздер жүргізілді. Мәселен, «Global Sіlk Road» халықаралық форумында орталық мамандары Жібек жолы елдері қалаларының мэрлерімен кездесіп, өңірде «жасыл жобаларды» іске асыру жайын талқылады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ