Сарыағаш – ТМД-ға танымал аудан

Тамыз 07 / 2018

 

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Сарыағаш – облыстағы өнеркәсіптік-аграрлық аймақтардың бірі. Ауданның орналасу жағдайы, жер асты қойнауынан шығып жатқан шипалы минералды суы, түрлі көкөніс пен бақша, жүзім өнімдерін беріп жатқан жомарт жері, көп тармақты автомагистраль жолдары, бір сөзбен айтқанда, табиғи ресурстардың молдығы оның экономикалық әлеуетінің артуына мүмкіндік береді.

 

Иә, тұтас еліміздегі секілді Сарыағаш ауданында да соңғы үш жылда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны орасан зор.

Мәселен, ауданда өндірілген аймақтық жалпы өнім көлемі өткен жылы 198,4 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2016 жылмен (153,0 млрд. тг) салыстырғанда 129,7 пайызға артқан. Ал, жыл басынан бері 55,9 млрд. теңге болып, ол өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 107,3 пайызға өскен. Ауданның биылғы бюджетінің көлемі 22 млрд. 432 млн. теңгені құрады. Ал, аймақтың өзіндік табысы 3 млрд. теңгеге жуықтады.

Елімізде өндірілген жылыжай өнімдерінің шамамен 40 пайыздайы Сарыағаш ауданында өндіріледі. Одан бөлек жүзім шарабын, минералды су, бидай ұны мен оның өнімдерін, мақта талшығын, консервіленген көкөніс, шұжық өнімдерін өндіретін алдыңғы қатарлы өндіруші аудан болып табылады. Айта кететін жайт, Сарыағаш ауданы – жүзім шарабын, минералды су, ерте пісетін бақша өнімдерін өндіретін аудан ретінде ТМД елдеріне әлдеқашан танылған.

Қазір диқандар нарық заманына қарай сұранысы мол бақша өнімдерін өсіруге ден қойған. Мәселен, қауын-қарбыз, қырыққабат, құлпынай секілді бақша өнімдері ерте пісіп, бүгінде ол республика аймақтарын айтпағанда, шетелдерге де жөнелтіліп жатыр. Ауданда 2016 жылы 82,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 98,1 млрд. теңгені құраған. Бақша өнімдерін молайту үшін жыл сайын 2-3 мың гектар егістік алқап айналымға қосылып отырады.

Мал шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік бар. Соңғы үш жылда «Алтын асық» бағдарламасы бойынша – 45,9 мың тұсақ, «Құлан» бағдарламасы бойынша – 1,8 мың бие және «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 9,2 мың сиыр сатып алынған. Сонымен қатар, осы мерзім аралығында 870 шағын мал бордақылау алаңы құрылып, ауыл шаруашылығының 310 техникасы жаңартылған.

Аудан аумағында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін агроқұрылымдарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету барысында шаруаларға 3342 тонна жанар-жағармай таратылған. Диқандар оның 1316 тоннасын минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы аясында сатып алған. Аудан бойынша ағымдағы жылы 179,6 мың гектар жер аумағына Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда ауданда кәсіп ашып, жеке бизнеспен айналысқандар саны жиырма мыңнан асып, ол жылдан-жылға көбейіп келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын 45 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылса, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 47,3 мың адамды құрады.

Сарыағаш ауданында Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2016 жылы құны 450 млн. теңге болатын 1 жоба қолға алынса, өткен жылы 3 жоба қолдау тауып, 2 жобаны жүзеге асыру ұсынылды. Биыл «ТМстрой» ЖШС Бірлік ауыл округінде құны 250 млн. теңгені құрайтын пресс жіп шығаратын цехты іске қосады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Сарыағаш қаласы аумағында орналасқан темір-бетон бұйымдарын өңдейтін зауыт алдағы жылы толығымен іске қосылады. Экономикалық өсімнің арқасында ауданда халықтың әл-ауқаты артып, жұмыссыздық саны азайған. Қазір тұрғындар шағын бизнес ашуға дағдыланған. Мемлекеттен төмен пайызбен несие алғандар қатары да біршама көбейген. 2016-2017 жылдары ауданда 28,4 мың адамға 17 млрд. теңге көлемінде несие беріліп, нәтижесінде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Аймақта жұмыспен қамтуды көздейтін бағдарлама негізінде тиісті шаралар атқарылып келеді. Осы жылдар аралығында 25 мыңдай азамат өзіне тұрақты жұмыс тапты. Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке тарту шаралары да үздіксіз атқарылып келеді. Биылғы 6 айда 160 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, бағдарлама аясында жұмысқа орналасты.

Аудан халқы санының еселеп өсуі өз кезегінде әлеуметтік нысандарға деген сұранысты да арттыруда. Бүгінде ауданда 90 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 24 орта мектеп, 4 денсаулық сақтау мекемесі, 8 мәдениет үйі ғимараты мен табиғи газ, ауызсу жүйелері бар. Сондай-ақ, 13 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту ісінде де кешенді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2016 жылы ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 22,4 млрд. теңгені құраса, өткен жылы ол 30,8 миллиард теңгеге жеткен. Ал, жыл басынан бері аудан экономикасына 5,2 млрд. теңге инвестиция құйылып, жыл соңына дейін оның көлемі бұдан да арта түспек.

Сарыағаш ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ