Дәстүрді дәріптеген Зоя әже

Тамыз 07 / 2018

 

Альвира ПАЙЫСХАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкенттік Зоя Құсбекова жолдасы Амантұр Бегімбетовпен бірге 11 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 26 немере, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Жастайынан еңбекпен өскен кейіпкеріміз көбінесе сыртта жүретін отағасының қас-қабағына қарап, балалардың ас-суын дайындап, үйдегі шаруаны жайғапты. Ал, ұлдары балалықпен бұзықтық жасап қойса, «әкеңе айтамын» деп жөнге салады екен. Қазақтың: «Әке – айбар, ана – қайнар, бала – ойнар, дұрыс берсең тәрбиені, үйің жайнар» деген сөзі осындайда айтылса керек.

 

Иә, ынтымағы жарасқан отбасы ең бірінші кезекте бала тәрбиесіне шындап көңіл бөлді. Әкесі әсіресе ұлдарының тәрбиесіне ерекше мән беретін. Боркемік, жасық ұл елі тұрмақ, өзін қорғауға қауқарсыз. Осыны түсінген Амантұр қария ұлдарының спортпен шұғылданғанын өзі қадағалайды екен. «Әкемнен қалған үш қағиданы мықтап ұстанамын: ең алдымен балаға денсаулық керек. Ұлт болашағы дені сау жастардың қолында. Содан кейін балаларымыз білім-ғылыммен шұғылдансын. Өркениеттің кілті білімде. Соңғысы, Отанның айбары болатын ұлдар әскери борышын міндетті түрде өтеп қайтуы қажет. Ал, әскери тәртіп жігітті шыдамдылыққа үйретеді» дейді көпті көрген қарт. Сондай-ақ, ұлдарының жоғары білімді, жан-жақты көзі ашық болғанын қалап, перзенттерінің кәсіптік оқу болса да оқып алуларын міндеттепті.

Әке ұлды қас-қабағымен тәрбиеледі. Амантұр ата да балаларының санасына бабалар ерлігін сіңіруге ұмтылды. Қарияның бұл тұрғыда еңбегі еш кетпеді десе де болады. Бірде дастарқан басында қалаға көшу жайы сөз болып, әрқайсысы өз ойларын білдіріп жатты. Ес біліп, ақыл тоқтатқандары қуанып, кішкентайлар жағы түсінбей отырған. «Әке, ата-бабаларымыз осында туылып, өмір сүріп, дүниеден озды. Бәріміз бірдей ауылдан үдере көшсек, мына үйге кім ие болады? Мен қалаға бармаймын, түтінімді туған жерімде түтетсем деймін. Тек бір кәсіпті игерсем болғаны. Оқыған мамандығыммен жұмыс істеп, отбасымды асырармын. Ал, сіздер уақыт оздырмай, көше беріңіздер» деді үлкен ұлы Еркелді жанарынан ұшқын ата. «Мына неменің ақылы бар екен ғой» деп көзіне жас алыпты қос қария үлкен ұлдың шешіміне риза болып.

Отбасының үлкені Еркелді – қарашаңырақта, Нұркелді – оператор, Қасымжан Астана қаласында «Абди» компаниясында менеджер, Сәуле – есепші, Ақмарал – заңгер, басқа балалары сантехник, электрик, жүргізуші болып адал еңбектерімен нан тауып жеп жүр. Барлығы отбасылы, балалы-шағалы.

Бегімбетовтер әулеті ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлерді жаңғыртуда да ағайынға үлгі.

«Баланың тәрбиесін бұғанасы қатпай тұрып қолға алу керек. Жас кезде берілген тәрбие ғана тәрбие, есейіп кеткеннен кейін берілген тәрбиенің көбі бос әурешілік» дейді алтын құрсақты Зоя әже.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ