Бізге вальс билеуді үйреткен қыз

Тамыз 07 / 2018

 

Сіздер мына суреттен Шаян ауданы (қазіргі Бәйдібек) «Орловка» (Қ.Сәтпаев атындағы) мектебінің 1962 жылғы түлектерін көріп отырсыздар. Осы бір суретке қарап, сонау қайта айналып келмес кезеңдегі қызықты сәттер, оның ішінде қайтпас қайсарлығымен бәрімізге үлгі болған сыныптас бір қызымыз туралы әңгімелемекпін.

 

Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі елдің даму жылдарына тұспа-тұс келді. Техниканың жоқ кезі. Үйде малға қарау, шөп шабу сияқты жұмыстарды атқара жүріп, бәріміздің оқуға деген құштарлығымыз жоғары еді. Ол кезде мектепте үлкен үзіліс отыз минут. Үзілісте кең залда Толықбек атты оқушы мандолинада ойнап, біз вальс, фокстрот билейміз. Сыныптағы жеті қыздың ішіндегі өзі сұлу, өзі пысық, спорт пен өнерге жаны құмар Мәрия Зәйтүнқызы бәрімізге би үйрететін.

Мәрия көркіне ақылы сай, әрі керемет әнші де еді. Көркемөнерпаздар үйірмесі ауылдарды аралап концерт қойғанда оның салған әніне көрермен елітіп отыратын. Бірде көктемде заңғар жазушы М.Әуезов Шаянға келетін болып, мейманды Шыбықбел асуында күтіп алуға біз де дайындалдық. Сонда Мәрияның батылдығы болу керек, ұлы қаламгерге бәйшешек тауып әкеліп сыйлады.

Мектеп бітірген соң бәріміз өз жолымызбен әр қиырға кеттік. Әрқайсысымыз хал-қадерімізше елімізге қызмет еттік. Бір қызығы, көбіміз мұғалім болуды таңдадық. Бәріміздің жағдайымызды ойлап жүретін сол сүйкімді қыз өзінің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мен талапшылдығының арқасында Ордабасы ауданында ұзақ жылдар мектеп, гимназия директоры қызметін атқарды. Зейнетке шыққан соң да өз қаражатына 400-дей жәдігер жинап, Ордабасы аудандық тарихи өлкетану мұражайын ашты. «Өнегелі өмір», «Әйел – қоғамның қуатты күші», «Ұлттық тәрбие – мәңгілік ел негізі» атты кітаптар жазды. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдың иегері, Ордабасы ауданының құрметті азаматы. Аяулы жар, қадірлі ана, парасатты әже қазір аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін абыроймен атқарып жүр.

Мәрия сұлу бұл суретте алдыңғы қатарда, оң жақтан санағанда екінші отырған қыз. Осы суретті көрген сайын кешегі жастық шақ еске түседі. Адамдардың көзі мейірімге тұнып тұр. Жігіттердің шаш қою үлгісінің өзі қандай! Әрқайсысынан тектілік аңғарылылады.

Міне, бұл біздің жастық шағымыз!

Насұрла АЛМАБАЕВ, ардагер ұстаз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ