Жаңа бағдарламаның артықшылықтарын түсіндірді

Тамыз 04 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер алдымен Ордабасы ауданындағы «KazKіotі» компаниясының трактор зауытымен танысты. Жылына 6 мың трактор құрастыруға қауқарлы зауыттың жұмысына оң баға берген Ө.Шөкеев қажет болса өндірісті кеңейтуге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетінін атап өтті. Мұнан кейін Ө.Шөкеев Арыс қаласының Ақдала ауыл округіндегі «Жаңа Ақдала» серіктестігінің егіс алқабына да барды. 2700 гектар алқапқа егін салатын бұл серіктестіктің ерекшелігі – өздері өсірген өнімін өздері өңдеуінде. Науқан кезінде 200 адамды, ал, тұрақты түрде 48 адамды жұмыспен қамтып отырған компания томат және алма пастасын шығарады.

 

Мұнан кейін вице-премьер облыстың жаңа орталығы Түркістан қаласына ат басын тіреді. ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына енгізілген толықтыруларды талқылауға арналған жиында сөз сөйлеген Ө.Шөкеев қазіргі таңда көрші елдердің барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аудара бастағанын айтты. Әсіресе, Батыс елдерінің экономикалық санкцияларына байланысты қиындықтарға душар болған Ресей агросекторды өркендетуге айрықша көңіл бөлуде. Біздің еліміз де бұл саланы жедел дамытпаса, болашақта халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола алмай қалуы мүмкін.

– Бүгінде отандық ет өнімдеріне Өзбекстан мен Иран ғана емес, Қытай да қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, Қытай нарығының ашылуы – қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Мұны фермерлер тиімді пайдалануы тиіс. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтқан болатын. Елбасы тапсырмаларын орындау үшін біз агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы даму бағдарламасын қабылдадық. Алдағы бес жылда саладағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге арттыруды көздеп отырмыз, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Оның айтуынша, республикадағы барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің бар-жоғы 7 пайызы – суармалы егіс алқаптары. Есесіне сол аз ғана жер еліміздің барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайызын беріп отыр.

– Суармалы егістіктің қаншалықты тиімді екенін осы көрсеткіштерден-ақ байқауға болады. Бұл мәселе, әсіресе, Түркістан облысы үшін маңызды. Сондықтан облыстағы пайдаланылмай жатқан алқаптарды тездетіп қайта айналымға қосудың маңызы зор, – деп атап өтті вице-премьер.

Агроөнеркәсіп кешенінің 2017-2021 жылдардағы даму бағдарламасын Түркістан облысында жүзеге асыру мәселесі талқыланған айтулы жиынға өңір басшысы Жансейіт Түймебаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармалардың басшылары және фермерлер мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.

Жиында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарламаның мәні — жер мен қаржыландыруды қажет ететін фермерлерге баса көңіл бөлінеді. Мал шаруашылығымен, оның ішінде қой және жылқы өсірумен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 миллион гектардан 100 миллион гектарға дейін, ал, ірі қара малдың санын 15 миллион басқа дейін, қой санын 30 миллион басқа дейін жеткізу көзделген.

– Фермер аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай қолдау қорымен 15 жылға 4 пайызбен қаражат ала алады. Бұл мәселе шешілуде, тек нақты технологиялық тәртіп қажет, – деді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ, Түркістан облысының жағдайына тоқталған А.Евниев өңірде 9 миллион гектар жайылым алқабы барын, оның 2 миллион гектары ірі фермерлердің меншігінде болса, тағы 2 миллион гектары игерусіз бос жатқанын айтып, бұл жерді тездетіп игеру қажеттігін атап өтті.

Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та сөз алды. Өңір басшысының айтуынша, биылғы жартыжылдықта саладағы жалпы өнім көлемі 146,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,4 млрд. теңгеге артқан. Ал, республикада өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 14,6 пайызды құрап отыр. Жансейіт Қансейітұлы бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орынға ие екенін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылғы тиісті кезеңдегіден 18,2 пайызға артқанына да назар аударды. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыс бойынша 60 мыңнан аса үй шаруашылықтары мен шағын фермер мүшелерінен құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде.

Семинар-кеңесте сондай-ақ, зәкірлік кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде өңірде 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ.

Айта кетейік, жиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков пен ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов баяндама жасады. Сондай-ақ, бірқатар фермерлер жаңа мемлекеттік бағдарлама жөніндегі ойларын ортаға салды.

Жұмыс сапары барысында Ө.Шөкеев пен Ж.Түймебаев бастаған топ «Golden camel group LTD» компаниясының қымыз бен шұбатты өңдеп, құрғақ сүт шығаратын зауытының жұмысымен танысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ