Экономика 0 пікір 0 лайк

Ол үкіметке алақан жаймайды

Тамыз 04 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазір егін егіп, мал асыраймын деген ынтасы бар адамға Үкіметтің қаржылай көмегі көп-ақ. Оны түрлі қаржылық институттар арқылы да, субсидия түрінде де алуға болады. Бірі егін егіп, көл-көсір пайда табуды ойласа, енді бірі мал өсіріп, одан мол өнім алуды қалайды. Алайда, мемлекет шаруа біткеннің бәрінің уысын ақшаға толтыра алмайды. Толтыруға міндетті де емес. Сондықтан бұралаңы көп бұл жолда қаржыға қолы жетпегендер өзіндегі барының басын құрап, қалыпты тірлігіне қайта кірісіп жатады. Біз сөз еткелі отырған Нұрмағанбет Сатыбалды «алма піс, аузыма түс» дейтін кержалқаулардың қатарынан емес. Қимылдаса қыр асатынын о баста түсінген жан.

 

Сарыағаш ауданына қарасты Көлтоған ауылын негізінен ризығын жерден терген диқандар мекен етеді. Кейіпкеріміз осы ауылдың байырғы тұрғыны. Кеңес Одағы тұсында мақта өсірумен шұғылданған ауыл қазір көкөніс баптауға көшкен. Мақта өсірудің майталман маманы, Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Абдуллаев, Қазақстанның халық әртісі Әшірәлі Кенжеев сынды есімі елге белгілі тұлғалар осы ауылдың топырағынан түлегендер. Кетпенін иығына асынған Нұрекеңді егістік басынан таптық. Әбден шыңдауға түскен кетпеннің жүзі күнге шығылысып, жалт-жұлт етеді.

– Бұл әкейден қалған белгі ғой, – дейді біздің кетпенге жиі қарағанымызды сезген ол. – Жарықтық, осымен-ақ ұлан-асыр жерді шауып шығатын. Ол кезде бүгінгідей техника аз, жұмыстың көпшілігі қолмен атқарылатын. Ілгеріде бұл ауыл тегіс мақта егетін, кейін темекі өсірдік. Қазір жаппай көкөніс егуге көштік. Көкөністің пайдалы тұсы бір маусымда екі рет өнім алуға болады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын есік алдындағы 10 сотық жерге жылыжай салғанбыз. Оған жыл сайын ерте көктемде қызанақ, қияр егеміз. Биыл да солай еттік.

Ұзындығы 40 метр, ені 15 метр болатын есік алдындағы жылыжайға жақындадық. Наурыз айында егілген қызанақ сабақтарын әр жерден керілген жіпке айналдыра байлапты. Диқан мұның мәнісін сорттың ерекшелігімен түсіндірді. Бір қараған жанға кәдімгі ағаш бөренеден қиюласқан жылыжайдың тұрқы қарапайымдылықты аңғартады. Көшетті шабу, оны суару, арамшөбін жұлу жұмыстары да түгелдей қолмен атқарылады. Күн жылынысымен бір үйлі жанның ермек етері осы. Қара күзге дейін тыным таппайды. Топырағы қатыңқыраған көшеттің түбін қопсытуға кіріскен ағамызға «мемлекет сіз секілді шаруаларға қаржылай көмек беруге әзір. Соны неге пайдаланбасқа?» дейміз.

– Дұрыс айтасың, Елбасымыз шаруаларға бар жағдайды жасап-ақ келеді. Жыл сайын берілетін субсидиядан бөлек, қазір көптеген қаржылық қорлар арқылы несиелік көмек алуға мүмкіндік мол. Бірақ, оны алуда түрлі кедергілерге кездесесің. Қаржыдан қағылдым екен деп шаруаны шетке ысырып қоя алмаймыз ғой. Өйткені, бар күнкөрісіміз – осы жер. Бір-екі рет несие алуға талаптанып көргенім бар. Бірақ, тауым шағыла берген соң, ақыр аяғында қолды бір-ақ сілтедім. Содан бері ниеттенген емеспін. Қайта оған жұмсаған уақытымды еңбек етуге пайдаланғанды жөн көрдім. Еңбек ете білсең, мына жер сені ешуақытта аш қалдырмайды.

Бұл – жылыжайдың қарапайым түрі. Жабындысы бір жылға ғана шыдас береді. Осындай шығындарға жыл сайын 300 мың теңге жұмсаймын. Есесіне, 2,5-3 миллион теңгедей пайда табамын. Тұрақты сауда жасайтындар алдын-ала тапсырыс беріп қояды. Тек өнімді жинап, қаттап қойсаң болғаны, арғы жағы алушының жұмысы, – деген ол тек жылыжай емес, бау-бақша өнімдерінің сан түрін егіп, қосымша пайда түсіретінін де айтып өтті.

Байқамаппыз, әңгімелесе жүріп, жүйектің арғы басына да жетіп қалыппыз. Алпысты алқымдап қалған ағамыздың қимылы анау-мынау жігіттен ширақ. Кетпенін еппен сілтеп, адымдап жылжып барады. Осындайда есік алдындағы алақандай жерін игере алмай, масылдыққа бой алдырған кейбір ағайын еске түседі. Қазір солардың ішінде егін егуді былай қойғанда, мал ұстамайтындары көп. Азын-аулақ мал ұстап, есік алдына егін салмаған соң ауылда тұрудың не жөні бар деп ойлайсың кейде. Сөйтіп жүріп, шеттерінен заманды, қала берді билікті кінәлауға құмбыл екенін қайтерсің. Ауылдың жағдайы ауызбен оңалмайтынын ол ағайындар қашан түсінер екен дейсің. Несібе-ризықтың өзі көктен емес, төккен термен келеді емес пе?! Ой үстінде жүріп, әлгі ауылдастарымның жатыпішер әрекетінен қысылсам, бір жағынан мына кісінің ешкімге қол жаймай-ақ, адал еңбегімен отбасы дейтін шағын мемлекетін бағып-қағып отырғанына сүйсіндім. Бабаларымыз айтатын «Сен істі сүйсең, іс саған басын иеді» деген осы шығар, бәлкім.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ