Экономика 0 пікір 0 лайк

Ағайындылар аграрлық ғылымды дамытуға үлес қосып жүр

Тамыз 04 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

«Хазрат Али Акбар» – өңіріміздегі шикізаттан бастап өнімді толық өндіріп, сауда нүктелеріне дейін жөнелтетін жалғыз компания. Кәсіпорын биопрепараттар, биотыңайтқыштар және биопестицидтер өндіреді. Оның өнімдері бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне және Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттеріне тасымалданады. Енді Малайзия мен Израиль шаруалары да бұларға қызығушылық танытуда.

 

Компанияны техника ғылымының докторы, профессор С.Усмановтың басшылығымен ағайынды жігіттер құрған. Өмір бойы агрохимия саласында еңбек еткен олар Жер-Ананы баптаудың қыр-сырын толық меңгерген.

2006 жылы құрылған бұл серіктестік алғашында бидай өніміндегі арамшөптерді жою үшін қолданылатын химиялық қоспалар, яғни гербицидтер шығарумен айналысса, қазір оның аясын кеңейтіп, өсімдіктің барлық түріне тұқым дәрілеуіштер дайындайды. Бүгінгі таңда компания жылына 10 мың тоннаға дейін гербицид, 8800 тоннаға дейін тұқым дәрілеуіш өндіруге қауқарлы. «Орталық Азияны биопрепараттармен қамтамасыз етуге толық күшіміз жетеді» дейді кәсіпорынның өндіріс зауытының директоры Жамалидин Махмудов.

– «МЭРС» микробиотыңайтқыш» құрамында қоректік 7 микроэлемент болса, «Биобарс» қоректендіретін ерітінділер құрамында 14 түрлі макроэлемент бар. Демек, оларға түрлі шөптердің элементтері қосылады. Биопрепараттар өсімдіктен алынып тазаланып, құрамы байытылып қайта өсімдікке енгізіледі. Яғни, бұл – таза экологиялық қоспа. Бидайға, мақтаға бөлек, қалған барлық өсімдіктерге жарамды әмбебап түрі де бар. Тек, әрқайсысының өзіне тән өлшемі болады. Тұқым дәрілеуішті сатып алушыларға нұсқаулығын қоса береміз. Сонымен қатар, зауыт жанындағы арнайы зертханада әр жердің топырақ құнарлылығы тексеріліп, соған сай өнім ұсынылады, – дейді кәсіпорын директоры.

45 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан кәсіпорынның өсімдікті қорғау және қоректендіру департаментінің директоры, халықаралық Тұран академиясының академигі Камалидин Махмудов тыңайтқышты дұрыс пайдаланғанда өнім сапасы жақсаратынын айтады. Түсім көбейіп, дақылдардың сапасы артады. Сондай-ақ, бұл препараттардың өсімдікті құрғатпайтын қасиеті де бар.

Компания 2009 жылдан бері мемлекеттен субсидия да алады. «Негізінен ауыл шаруашылығы – күрделі сала. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығына негізделгендіктен, бұл салаға ерекше назар аударады. Халқымыздың 48 пайызы ауылда тұрады. Тұрғындардың күнкөріс көзі де – жер. Алайда, біз жерді өз дәрежесінде дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Егер жерге тыңайтқышты пайдалану жүйелі жүргізілсе, бұдан да жоғары табыстарға қол жеткізер едік» дейді академик Камалидин Усманұлы.

Кәсіпорын директоры Жамалидин Махмудов Шымкенттегі Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінің химия және биология кафедрасында профессор, студенттерге дәріс оқиды. Енді ағайындылар Елбасының халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне өз үлестерін қосуды мақсат етіп отыр. Университеттен арнайы ауыл шаруашылығы факультетін ашу бойынша ұсыныс жолдаған. Егер ұсыныс қолдау тауып жатса, агроөнеркәсіп кешеніндегі үздік тәжірибені болашақ мамандарға үйретуді қолға алмақ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ