Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Борлысайдың түнi де күндізгідей жап-жарық

Шілде 31 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,  «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасына орай ел азаматтары өздері туып-өскен өлкеге қолдан келгенше жақсылықтарын аямауда. Осындай игі іс атқарып жүрген жандардың бірі Бәйдібек ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Оралбек Ботбай жуырда Борлысай ауыл округіне қарасты Ақтас, Қошқарата, Кеңсай ауылдарын жалғайтын жол бойына көше шамдарын орнатып берді.

 

Осынау жобаның салтанатты тұсаукесер рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысып, борлысайлықтардың қуанышымен бөлісті.

– Бүгін есте қалатын үлкен оқиғаның куәсі болып отырмыз. Есімі елге танымал кәсіпкер Оралбек Ботбай өз қаржысына үш елді мекеннің жолын жарықтандырып берді. Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында туған жерді түлету перзенттік парыз екенін еске салып кеткен болатын. Орекең сол бастамаға үн қатып, туып-өскен елінің көркеюіне үлес қосып отыр. Осындай азаматы бар ауылды бақытты ауыл деп есептеймін. Оралбек Ботбай руханиятқа да жанашырлық танытып келеді. Оның өткен жылы ЭКСПО көрмесіне оқушыларды тегін апарып тамашалатқанын, жылда жағдайы төмен отбасылардағы мектеп түлектерін өз қалтасынан оқуға түсіретінін жұрт жақсы біледі. Енді Борлысай ауыл округіне  «Билайн» байланыс операторының антеннасын орнатып бермек. Бұдан бөлек, ауылдан дене шынықтыру, ІТ мектебін ашу ойында жүр. Ауыл-аймақтар жылдан-жылға көркейіп келеді. Қазір Борлысай ауыл округіне қарасты елді мекеннің бәрінде мектеп бар. Тақтайдай тегіс жол жатыр. Ауызсу жүргізілуде. Көше шамдары орнатылды. Осының бәрі ауыл тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан оңды істер, – деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Сөз соңында Ұ.Сәдібеков кәсіпкерге облыс әкімінің атынан Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты. Салтанатты шара барысында ауыл тұрғындары атынан ардагер ұстаз Есіркеп Қырықбаев сөз сөйлеп, өзінің шәкірті болған Оралбек Ботбайға туған жеріне жасаған жақсылығы үшін алғысын білдірді. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары арнайы тетік арқылы көше шамдарын салтанатты түрде іске қосты. 

Айта кетейік, энергия қуатын үнемдейтін мұндай автоматты көше шамдары еліміз бойынша тұңғыш рет Бәйдібек ауданында орнатылды. Оның ерекшелігі сол, шамдар күн батқанда өздігінен қосылып, таңның атуымен өздігінен сөнеді. Әрбір шам 100 ватт көлемінде энергия тұтынғанымен, 1300 ваттың жарығын береді. Мәселен, қазіргі көше шамдары 500 ватт қуат жұмсайды.

Осынау жобаны жүзеге асыруға кәсіпкер 245 млн. теңге жаратқан. Борлысай ауыл округіндегі 14 шақырымнан астам жол бойына 438 бағана орнатылды. Әр бағана жеке штрих-кодпен нөмірленген. Егер бір бағанадағы шамнан ақау шықса, ол автоматты түрде өзі өшеді. Келешекте көше шамдары телефон арқылы басқарылмақ. Яғни шамның біреуі сөніп қалса, ол туралы ақпарат міндетті түрде оператордың телефонына келіп түседі. Борлысаймен қоса бүгінде мұндай көше шамдары Шаян елді  мекенінің  М.Әуезов  көшесіндегі  3 шақырымнан астам жол бойына да орнатылуда. Сондай-ақ, кәсіпкер О.Ботбайдың айтуынша, келешекте энергия үнемдеуші шамдар өзімізде шығарылмақ. Ол үшін қажетті жұмыстар бүгінгі таңда жүргізілуде екен. 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ