Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Шәкірттер кітап оқудан жарысқа түсті

Шілде 31 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орындалуы аясында «Лидер Reader ON» («Үздік оқырман») кешенді іс-шарасы қолға алынды. Мектеп кітапханаларына енгізілген жаңа жоба еліміздің басқа аймақтарында жүзеге асырылмаған.

 

«Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбековтің айтуынша, бұл іс-шараға облыстағы 1038 мектептің 13 мыңнан астам оқушысы жүйелі түрде қатысып, кітап оқу бойынша жарысқа түсті. «Лидер Reader ON» кешенді іс-шарасының ережесі бойынша айдың, тоқсанның, жылдың 13 үздік оқырманы анықталып, марапатталды. Олар туралы мәліметтер мектептердегі тақтайшаларға ілінді. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің  кітап оқып, рухани қазынамен сусындап, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына игі ықпалын тигізді. Әр жанр бойынша үздік оқушылар Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде дауыс жинау арқылы анықталып, әр айдың жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болды. Облыстық жобалық кеңсенің жетекшісі Бақытжан Айдарханұлы үздік оқырман оқушылардың ата-аналары да алдағы уақытта назардан тыс қалмайтындығын айтады. Оларға ынталандыру сыйлықтары беріледі. Мұндағы мақсат – баланың рухани  дамуына ата-аналардың да қызығушылығын ояту. 

Сонымен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  аясында  биыл философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика салалары бойынша жоғары оқу орындары студенттеріне арналған 18 оқулық аударылғаны белгілі. Қазіргі уақытта келесі 30 кітап тәржімаланып жатыр.

– Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Сатылымда жоқ. Алғашқы
18 оқулық әрқайсысы 10 мың данадан басылып, 110 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Қазір оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған әдістеме дайындап жатыр. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасына жүктелді. Көпшілік осы жерден оқи алады. Сондай-ақ, Ұлттық аударма бюросы әр кітап негізінде жеке-жеке 20 минуттық видеолекциялар топтамасын түсіріп жатыр, – дейді Бақытжан Айдарханұлы.

Айта кету керек, жуырда облыстық  жобалық кеңсесі мен М.Әуезов  атындағы  ОҚМУ-дің ұйымдастыруымен аударылған 18 оқулықты таныстыру шарасы өтті. Басқосу барысында ғалым, оқытушылар оқулықтарға қатысты өз пікірлерін білдіріп, аталмыш еңбектерді дәріс беруде қолдану жайын да кеңескен еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ