Жетісайда спорт алаңы ашылды

Шілде 31 / 2018

 

Жетісайда спорт алаңы ашылды

Жетісай ауданындағы Жеңіс елді мекенінде Есенгелді Сейдақов атындағы спорт алаңы ашылды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында ашылған нысанды аудан тұрғындарына Сейдақовтар әулеті тарту етіп отыр.

Спорт алаңының ашылу салтанатына аудандағы спорт саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, спорт алаңына есімі берілген Есенгелді Сейдақов – осы Жеңіс ауылының тумасы. Еңбек жолын «Мақтаарал» ұжымшарында мал дәрігері болып бастаған. Есенгелді Мұстафаұлы еңбек еткен «Жеңіс» ұжымшары 19 жыл бойы қаракөл қойын өсіруден республикада үздіктер қатарынан көрінген екен. Бүкіл ғұмырын туған жердің өркендеуіне арнаған оның ұлдары да әке өнегесін көріп өскендігін дәлелдеді. Ауыл тұрғындарына арнап жаңа спорт алаңын салып берді. Енді ауыл жастары бұл алаңда емін-еркін жаттыға алады.

 

33 медаль – облыс қоржынында

Тараз қаласында Кеңес Одағының Батырлары Б.Момышұлы, М.Мәметова мен Ә.Молдағұлованы еске түсіруге арналған суға жүзуден Қазақстан біріншілігі өтті. Оған еліміздің түпкір-түкпірінен 16 жасқа толмаған балғын спортшылар қатысты.

Түркістан облысының атынан 11 спортшы өреніміз бақ сынап, барлығы да жүлдеге ілікті. Атап айтсақ, Е.Ким 5 алтын, 5 күміс жүлдені иемденсе, М.Болдырева 2  күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ал, Н.Мазурова облыс қоржынына 1 алтын, 2 күміс медаль салды. К.Шашин 1 алтын, 2 күміс медаль иеленсе, П.Похолкина 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте 13 алтын, 11 күміс, 9 қола медаль жеңіп алған Түркістан облысының командасы бірінші орынды жеңіп алды.

 

Олар әлем чемпионатына барады

Қапшағай қаласында ашық айдында суға жүзуден Қазақстан чемпионаты аяқталды. Түркістандық Әлібек Көзжанов 8 шақырымға жүзуден чемпион атанды. Енді ол Венгрияның Белотно қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады.  Ал, 2001-2002  жылдары  туған  жасөспірімдер арасында Алина Шишангарина ІІ орын иеленіп, ол да Венгрияға жолдама алды. Юлия Озерова ІІІ орын иемденді.

Ал, Қырғызстанның Чолпон Ата қаласында өткен Орта Азия елдері чемпионатында А.Автушко чемпион атанса, С.Пивоваров қола медальді қанжығасына байлады.

Көкшетау қаласында триатлоннан өткен чемпионатта облысымыздың өрені А.Нарметов чемпион атанды. Ал, Б.Қалдыханова мен А.Әбусейіт күміс медаль иемденді.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ