Заң-заман 0 пікір 0 лайк

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУ АВТОМАТТАНДЫРЫЛСА...

Шілде 30 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазір үйде де, түзде де әр қадамыңды аңдап баспасаң, айыпты болып шыға келесің. Шектен шықсаң – «штраф!». Бұрындары бұл сөзді көлік жүргізушілерден көп еститін едік. Қазір жүргізуші тұрмақ, жаяу жүргінші жолдан дұрыс өтпесе айыппұл төлеуге мәжбүр. Тұрмыстық теріс қылықтан бастап, әкімшілік тәртіпбұзушылық, тіпті, кейбір қылмыстық іс-әрекеттерге де айыппұл түріндегі жаза қолданылып келеді. Бұл заң бұзғандар үшін қамалып қалмаудың ең жеңіл жолы. Ал, құқық қорғаушылар бұған тұрғындарды ережеге бағындырудың бірден-бір амалы ретінде қарайды. Жә, айыппұл жайлы кейінірек.

 

Айыппұлды өндіруге келгенде көпшіліктің наразылығын тудыратын жағдайлар да аз емес. Ереже бойынша, егер айыппұл 30 күн ішінде төленбесе, іс сотқа өтеді. Мұндай істер көбіне талап қоюшы тараптың пайдасына шешіледі. Осы ретте редакцияға қоңырау шалған бір оқырманның сөзін мысалға келтіре кетсек.

Түн жарымында учаскелік инспектор Шымкент қаласында пәтер жалдап тұратын Е.Р. есімді азаматтың есігін қағады. Қасында күндіз онымен сөзге келіп қалған көршісі тұр. Бірақ, бұлардың келудегі себебі басқа екен. «Түнгі тыныштығымызды бұзды, пәтерде айқай-шу болды» деп басталатын сала құлаш арыздың соңына дейін оқу мүмкін емес. Жала! Инспектор әй-шайға қарамастан хаттама толтырып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыпты. Не де болса ендігісін сотта айтармын деп іштей кіжініп қала береді бұл. Алайда, екі айдан кейін жалақысын алуға барғанда барлық банктегі шоттары бұғатталып, меншігіндегі мүлкінің кепілге алынғанын бір-ақ біледі. Дереу сот орындаушыны іздеп табады. Оның қолында сот қаулысы бар. Істі қараған сотқа сұрау салады. Олар сотқа шақыру парағын пошта арқылы жібергенбіз дейді міз бақпай. Олардың хабарлама жібергенін түбіртек айғақтайды, ал, бұл шақыруды алмағанын дәлелдей алмай әлек. Бір бұл емес, «сотқа шақырмастан, сыртымнан шешім шығарды» деп ренжіп жүргендерді жиі кездестіреміз. Сонда кінә сот кеңсесі қызметкерлерінде ме, әлде пошта қызметкерінде ме? Осы жерде бір кілтипанның бары анық. Әйтпесе, айыппұл салу туралы парақта борышкер туралы толық мәлімет жазылады емес пе? Оның мекенжайы да, қалта телефоны да құжатта көрсетіледі. Сонда дейміз-ау, сот кеңсесі қызметкері де, сот орындаушы да борышкерге бір рет қоңырау шалуға қинала ма? «Сот орындаушысы есепшотымды алдын-ала ескертусіз жауып тастады» деген шағым да көп айтылады. Шынында, «айыппұлыңды төле» деп борышкердің мекенжайына іздеп барған немесе телефонына қоңырау шалған сот орындаушыны көрген адамды кездестірмедік. Әйтпесе, борышкер туралы мәлімет құжатта «тайға таңба басқандай» жазулы тұр. Ең оңайы – шотқа бұғат қою. Айтпақшы, айыппұл толық төленбесе шотты бұғаттан шығармайды екен. Ал, ондай жағдайда бұғатталған шоттан ақша шешу мүмкін емес. Мына жақта сот орындаушы «жыласаң, тағы ұрамынның» керін келтіріп, айыппұлды төлемесең, жолыңа бұғаттан да басқа бөгет қоямын деп қорқытады. Өйткені, сот орындаушылар салынған айыппұлдың көлеміне қарай ақы алады. Яғни, айыппұлға қоса сот орындаушының «еңбегіне» тағы төлеуіңіз керек. Не әрі, не беріге жүріс жоқ. Амал жоқ, қарызданып-қауғаланып, әлгі соманы төлейсіз. Төленгені туралы түбіртекті алып сот орындаушыға барасыз. Ол кепілдіктен шығару туралы қаулы шығарады. Оны қай банкте шотың немесе меншігіңізде жылжымайтын мүлігіңіз болса, оны бұғаттан босату үшін жағалай банктерге шетінен таратып бересіз. Бұғат 3 жұмыс күні ішінде ашылады. Ақшаны былай қойғанда, әурешілікті айтсаңызшы. Бұдан бөлек салық, коммуналды қызмет ақыларын төлемеген жағдайда да жеке сот орындаушыларының «арест» қоятыны бар. «Қарапайым халықтың уақытын бір, жүйкесін екі тоздырмай, алдын ала ескерту хат жіберсе болмай ма?» дейді тұрғындар. ОҚО әділет департаментіндегі жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айнұр Исабекова: «Заңнамада сот орындаушысы борышкерді алдын-ала ескертпей оған тиесілі есепшоттарына тыйым сала алатыны туралы ереже көзделген. Дегенмен, сот орындаушылар тараптарға қозғалған атқарушылық іс жүргізу, қойылатын талаптар мен іске асырылған атқарушылық іс-әрекеттер туралы хабарлауға міндетті» дейді.

Әрине, бұлай заңды жолын іздей берсек, әркім өз құқығын қорғап шығары сөзсіз. Одан да жоғарыда айтылған қиындықтардан айналып өтіп, мәселені шешудің оңайлау жолын қарастырған жөн. Қазір техниканың дамыған заманы. Ендеше, бұл жүйені де автоматтандыратын уақыт жеткен сияқты. Сондықтан сот өндірілсін деп белгіленген соманы сол сәтте-ақ борышкердің есепшотынан ұстап қалса... Бұдан, біріншіден, айыппұлды өндіру көрсеткіші артса, екіншіден, борышкер де артық әуреге түсіп, шығындалмайды. Бір жағынан сот орындаушылардың да жүктемесі азаяр еді. Әйтпесе өңірде 225-ке жуық жеке сот орындаушысы болса, олардың өндірісінде кемінде 1000-1500 атқару құжаты бар. Жеке сот орындаушысы әрбір атқару парағы бойынша борышкердің қай банкте есепшоты барын, оның атына қандай мүлік тіркелгенін анықтау үшін кемінде 30 шақты мекемемен хат алмасады екен. Міне, олардың әр күні осылай борышкер туралы мәлімет жинаумен, олардың мүлкі мен шотына бұғат қойып-шығарумен өтіп жатыр. Есесіне, жеке сот орындаушылардың қызметіне зәру жандар оларға қол жеткізе алмай жүр. Әсіресе, алимент өндіре алмай табанынан тозған жалғызбасты аналардың оларға деген өкпесі қара қазандай. Ал, алимент өндіре алмай жүргендерді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ай сайын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өтетін қоғамдық қабылдауға келетін 15-20 азаматтың тең жартысы осы алимент мәселесін алға тартады. Ал, бұл мәселеге келгенде сот орындаушылар «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнімнің» кебін келтіреді. «Айыппұл өндіруге келгенде «айбат» көрсететін жеке сот орындаушылар алимент өндіруге келгенде неге әлсіздік танытады?» деген сауал өз-өзінен туындайды. Айыппұл өндіруге қатысты шығарылған шешім мен алимент өндіру туралы сот қаулысының күші бірдей емес пе? Айырмашылығы айыппұл – қазынаға, алимент жалғызбасты аналардың қалтасына түседі. Алимент бойынша арызданушылардың көбісі жеке сот орындаушылардың мұндай іске немқұрайды қарайтынын айтады. Өйткені, алименттен жалтарып жүретіндердің дені жұмыс істемейді, тұрақты жалақысы болған күннің өзінде оны жасырады. Ал, сот орындаушыларға мұндай борышкерлерден пайда түспейтіні анық. Тіпті, кейбір заң өкілдері көкек әкелермен келісіп, «тіл табысып кетеді» дегенді де естідік... Әрине, анығын Алла біледі. Десе де, алимент төлемей жүргендерге де заң жүзінде белгіленген бұғаттау, айыппұл салу, қамау сияқты жазаларды қолданса, жалғызбасты аналар дәл қазіргідей табанынан тозбас еді ғой.

Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл басынан бері сот орындаушылардың үстінен 500-ден астам арыз түссе, оның 70-ке жуығы өз дәлелін тапқан. Яғни, заң бұзушылық фактілері анықталған. Тұрғындар тарапынан келтірілген шағымдарды қарау нәтижесінде сот 9 жеке сот орындаушының лицензиясына шектеу қойған. Ал, өткен жылы осы мазмұндас 1963 арыз қаралған. Соның ішінде сот шешімін орындауда борышкерге толық хабар бермегені себеп болған 166 шағым бойынша ақиқат ашылған.

Бірақ бұдан іс оңалып, күрделі кедергілер түбегейлі жойылды деп айта алмаймыз. Ендеше, сот орындаушылар да, олардың жұмысын ұйымдастыратын құзіретті органдар да жүйеге жаңа әдістерді енгізуді ойластырғаны жөн сияқты. Егер тек борышкердің банк есепшотына бұғат, мүлкіне «құлып» қоюмен шектеліп, сол қызметі үшін қарапайым адамдардың қалтасынан ақы алатын жеке сот орындаушылардың қызметі керек пе? Сіз қалай ойлайсыз?

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ