Белтемірде ойнап 500 мың теңге ұтып алды

Шілде 24 / 2018

 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен сәуір айынан бері Street Workout челленджі ұйымдастырылған болатын. Екі айға созылған спорттық жарысқа елімізге танымал тұлғалар Серік Сәпиев, Әділ Ахметов, Қайрат Нұртас, Денис Тен, Галиб Джафаров, Қанат Ислам, Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Иманбаев, Ардақ Назаров, Мөлдір Әуелбекова, «Меломен» тобы қатысқан болатын.

 

Шараның шарты бойынша салауатты өмір салтын насихаттай отырып, жұртшылықты спортпен шұғылдануға шақыру керек. Спортпен айналысқан бейнежазбаны әлеуметтік желілерге жүктеп, көпшіліктен дауыс жинау арқылы жеңіп шығу қажет. Іс-шара Астана қаласының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жақында Астана қаласындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Challenge Street Workout» акциясының қорытындысы шығарылды. Бәйге қорытындысы бойынша турникте ұршықша иірілген жерлесіміз, мақтааралдық Азамат Сапар жарты миллион теңгеге ие болды.

«Стрит воркаут» – түсінікті тілмен айтқанда, темірдің тілін тапқандар. Спорттың бұл түрі менің сүйікті ісім десем артық айтқандық емес. Бала кезден спорттық іс-шараларда белсенді болып жүретінмін. Еркін күреспен айналыстым. Бұл жарысты интернеттен кеш көріп қалдым. Қатысып, ауылға заманауи спорт алаңшасын салып беру мүмкіндігіне ие болғым келген. Бірақ, дер кезінде дауыс (лайк) жинай алмадым. Ақшалай сыйлық алдым. Болашақта Ақжол ауылының тұрғындарына бір спорт алаңшасын салып берсем деймін. Өзім Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде екінші курсқа өттім»  дейді А.Сапар.

Аталмыш жарысқа АҚШ, Қытай мемлекеттерінен де қатысуға 167 өтініш түскен. Солардың ішінен суырылып озып шыққан жерлесіміздің шығар биігі әлі алда екеніне сенімдіміз.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ