ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Шілде 19 / 2018

 

Мемлекет басшысы Павлодар облысына ресми сапармен барды. Сапар барысында «GiessenHaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі балқытылған алюминий және жеңіл қорытылатын автомобиль дискілерін өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

 

Елбасына «Павлодар» еркін экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалар жөнінде баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев «Казэнергокабель» акционерлік қоғамына барып, ток өткізетін кабель жасау технологиясымен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты. Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне ішкі және шетелдік нарыққа шығарылатын дайын өнім үлгілері де көрсетілді.

Жұмыс сапары «Павлодар мұнай химиясы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Онда Қазақстанды индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифрландырылған Павлодар мұнай химиясы зауытының жұмысымен танысты. Жас мамандар Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға және алған білімдерін өндірісте қолдануға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтты.

Содан соң Елбасы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті облыс басшылығының нақты жұмыс атқарып жатқанын және өңірде оң өзгерістердің байқалып отырғанын айтты.

– Мен бүгін бірнеше кәсіпорында болып, жұртшылықпен әңгімелестім, халықтың жай-күйімен таныстым. Облыс экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Павлодар облысының географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын атап өтіп, бұл өңір Ресей Федерациясының өнеркәсібі дамыған облыстарымен шектесетініне назар аударды.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және тиісті нысандарды салу мәселелеріне ерекше тоқталды.

Кеңес барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске асырылып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жиын қорытындысы бойынша өндіріске халықаралық ЭКСПО–2017 мамандандырылған көрмесінде көрсетілген «жасыл» технологияларды енгізу, шағын және орта бизнесті, Ресей облыстарымен шекарааралық сауда-саттықты дамыту, өңірдегі туристік кластердің әлеуетін арттыру, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті өркендету үшін нақты тапсырмалар берді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ