Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

АЗҒЫНДАТУ ТЕОРИЯСЫ немесе «ОВЕРТОННЫҢ ТЕРЕЗЕСI»

Шілде 19 / 2018

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қолға қалам алуға мәжбүрлеген оқиға – қазақ қауымының сүйікті әншісі әрі актрисасының бірі, жекеменшік театр иесі қарындасымыздың жаңа әнге клип түсіру үшін шетелге барғаны, шетін қадам жасағаны. Иә, кім шетелге бармай жүр, кім шетелде клип түсірмей жүр?! Біздің әншілеріміздің Меккесіне айналған Ташкент те бүгін шетелдік қала, мәселе клип продюсері Баян Алагөзованың әншіге: «Өз ұлыңның досымен төсектес бол және ол қазақ болмасын» деген талап қоюында ғана емес, мәселе көптің сүйсініп тыңдайтын әншісінің сол талапты құп алған ұстанымында болып тұр ғой… «Ұлым өзінің досын, 25 жастағы жігітті ертіп әкелді. Алғашында аздап ыңғайсыздандым, алайда, образды сомдауым керек болды. Мен актрисамын. Менің мамандығым маған сондай мүмкіндік береді».

 

Актриса осылай ағынан жарылады. Әрине, «талап етті» деп ақталуға, «мүмкіндік береді» деп мақтануға, «біз өнерде өмірді көрсетуіміз керек қой» деп жалтаруға да болады. Десек те, осы арада бұдан біраз жыл бұрын актриса атаулының тек түсіне кіретін рөлге қолы жеткенінде одан өз еркімен бас тартқан, себебін сұрағанда «мен кино екен деп камераның алдында қалай төсекке жатамын?» деп жауап қатқан түрік актрисасы еске түседі екен. Қайталап айтайық, түрік қызы маңдайына бір-ақ рет бұйыратын бақты құрбан етіп отыр. Қазақтың қызы бар-жоғы клипке түсуге «жоқ!» дей алмай отыр…

Болмашы оқиға ғой деп мән бермеуге де болар еді, бірақ, халықты азғындату осындай кішкентай қадамдардан басталады. Тойып секірген Батыс әлемінің әдебиеті мен киносы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан былай қарай төсексіз шығарма жазбайтын, төсексіз кино түсірмейтін болды. Көрерменді үздіксіз бауырына тартып отыратын, сол арқылы тиімділігі өте жоғары болып келген киноиндустрияға оның өзі аздық ете бастағанда қорқынышты кинолардың, «Акулалар» мен «Кинг-Конгтардың» дәуірі келді. Ол да ұзаққа созылмады. Енді өмірдегі халықтың өзін тікелей азғындыққа тарту, күндіз-түні соны насихаттау кең етек жайды. «Бісміллә!» деп есірткіні еркіне жіберу, оны шегу мен сатуды заңдастырумен қатар бүгінгі тілмен айтқанда алып мегажоба қолға алынды – сексенінші жылдары гомосексуалистер мен лесбиянкалардың, оларға кейінірек қосылған трансвиститтердің (қосжыныстылардың) «алтын ғасыры» бастау алды.  Халықты азғындатуға, азғындықты заңдастыруға, ресмилендіруге бағытталған бұл бағдарлама, бұл технология бүгін оны зерттеп жазған ғалым Джозеф Овертонның атымен «Овертон терезесі» деген ғылыми атауға ие. Ол негізінен «миға сыймайтын кезеңнен» басталып, «қалыпты жағдаймен» аяқталатын 6 кезеңді құрады.

Гомосексуализмнің бұдан 40 жыл бұрынғы шынайы мағынасы «азғындық» еді. Кейін оны алдымен көп кеселдің, одан берірек келгенде «ешкімге зияны жоқ» кеселдің қатарына қосты. Одан тағы біраз жыл өткенде адамзаттың көптеген таланттары мен дарындарының, тіпті Ленин секілді ұлыларының осы қатарда бар екені анықталып, қоғамда «олар сондай болса бұл өзі адам ұялатын ешнәрсесі жоқ нәрсе екен» деген пікір қалыптастырылды. Бүгін Батыс соның ең соңғы – алтыншы, «қалыпты жағдай» кезеңінде отыр. «Қалыпты» болғаны соншалық, олар үлкен күшке айналды. Күшке айналғаны емей немене, Батыстың дамыған елдері еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің отбасы құруын, бала асырап алуын заңдастырып қойды. Ағылшынның лордтар палатасы мүшелерінің үйлену тойы теледидардан берілетін болды. Батыстың оларға қарсы шыққан саясаткері, жүз жерден білімді, іскер болсын,  билікке жете алмайды. «Гей» болу бүгін мәртебеге айналды…

Осы жерде «халықты азғындату кімге және не үшін керек?» деген заңды сұрақ туады. Халықты азғындату – қолында әлемдегі байлықтың 90 пайызын ұстап отырған, әлем халқының 1 пайызын ғана құрайтын ат төбеліндей алпауыттар тобына керек. Халықтың бір бөлігі Нидерландыдағыдай «сыпайы нашақорға» айналсын, сөйтіп тұтас елден ұшқыш болуға жарайтын жалғыз ер-азамат қалмасын немесе ұрпақ көбеймесе одан әрмен, халық мал секілді білгенін істеп бетімен жайылып жүре берсін, ең бастысы, «алтынбастылардың» ақша істеуіне кедергі келтірмесін. Олар халықты аздыратын ақпарат құралдарына қанша қаржы керек, сонша қаржы тауып бере алады! Сонау 1815 жылы Ротшильдердің банктік империясының негізін қалаушы Натан Ротшильд «Кім ақпаратқа ие, сол – әлем қожайыны» деген жоқ па еді?! 

Экономикасы қарыштап дамыған Батыс азғындық дәстүрді әлемнің өзге бөлігіне айламен, күшпен, ақшамен аямай таңуда. «Гомик болғанша диктатор болғаным артық!» деген Беларусь президенті А.Лукашенко секілді оған қарсылық көрсетіп жатқан елдер де бар. Кеңес кезінде қылмыстық кодекстегі ер адамның ер адаммен жыныстық қатынасқа түскені үшін жазаға тартатын бапты бүгінгі кодексінен алып тастаған біз секілді елдер де бар… Білетіндер бір Алматы  қаласында 9 гей-клуб жұмыс істеп тұр дейді. Әзірге…

Азғындықтың Батыста кинодан басталғанын ұмытпайық…

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ