Экономика 0 пікір 0 лайк

Бағдарлама тың серпiлiс әкелдi

Шілде 19 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен осыдан 4 жыл бұрын «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін–2050» әлеуметтік жобасы қабылданғаны белгілі. Аталмыш жоба еліміздің кейбір өңірлерінде өзекті болып тұрған кадр тапшылығы, енді біріндегі жұмыссыздық дейтін мәселелерді шешу үшін қолға алынған болатын. Бұл – еліміздің оңтүстік аймақтары жастарының республикамыздың солтүстігі мен орталығындағы, шығысы мен батысындағы оқу орындарына оқуға түсіп, жоғары білім алуына мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба болып саналады. Жоба аясында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау облыстарының мектеп бітіруші түлектеріне Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы оқу орындарына грантқа түсуге жеңілдік беріледі.

 

Алғашқы жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша 2050 грант бөлінсе, 2015 жылы оның саны 6200-ге жеткен. Бұл бағдарламаның еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайына тигізер пайдасы мол болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, «Серпін» бағдарламасымен оқитын студенттердің 85 пайызы көпбалалы отбасылардан шыққандар екен. Олардың 83 пайызы – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары.

Бұл жоба – халық саны көп, тұрғындары тығыз орналасқан Түркістан облысының халқына да тың серпіліс берді. Біздің өңірдегі оқу орындарына берілген гранттар саны облыстағы мектеп бітіруші түлектерге жеткіліксіз. Ал, қазіргі экономикалық жағдайда балаларын ақылы түрде оқыту кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді.

2017–2018 оқу жылында әлеуметтік жобаға 4 513 грант бөлінсе, биыл олардың саны 5 829-ға жетіп отыр. 5 089 грант жоғары оқу орындарына бөлінсе, 740 грант арнаулы оқу орындарына тапсыратын талапкерлерге берілмек. 22 жоғары оқу орны мен 20 арнаулы оқу орны облыс жастары үшін есігін айқара ашып отыр. Тек оқимын деп ниеттенген жас болса...

Облысымызда «Серпін» бағдарламасы бойынша құжаттар Шымкент қаласындағы ОҚМПУ мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да 18-26 шілде аралығында қабылданады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ