Әлеумет 0 пікір 0 лайк

«Бөбектер үйінде» тұсаукесер той өтті

Шілде 19 / 2018

 

Дилара БИМЕНОВА,  «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкенттегі «Бөбектер үйінде» тұсаукесер той болады деген әңгіме шыққан. Бұрын-соңды ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің тұсауы кесіліпті дегенді ести қоймап едік. Енді мұны естігенде бұл той біз көріп жүрген тойлардан өзгешелеу болатын шығар деп ойладық.

 

Ұлттық нақышта киініп, аулада ұзыннан-ұзын төселген кілем үстінде ойнап жүрген Қайрат есімді балақай көзімізге бірден түсті. «Ә, бүгін мына бүлдіршіннің тұсауы кесілмек екен ғой. Салт-дәстүрімізге сай киіндіріп қойыпты» дедік іштей. Атам қазақ әуел бастан балаға қатысты өткізілетін қайсы бір той болмасын, ерекше дайындық жасамайтын ба еді? Балалар үйінің тәрбиешілері де бұл дәстүрлі шараны жоғары деңгейде атап өтуге бар күш-жігерлерін салғаны көрініп-ақ тұрды.

Өңіріміздегі «Мейірім» әжелер тобының бір топ мүшесі Қайрат секілді бір жастан енді ғана асқан 6 балақайдың тұсауын кесті. Балалардың қадамына құтты болсын айта келген қонақтар да төрден орын алып, әкелген тәттілерін бөбектерге үлестіріп беріп жатты. Тәрбиешілер де бүлдіршіндердің әрқайсысының қылығын айтып, мәз-мейрам болысты. Қарап отырсаңыз, бұл бір кәдімгі үйімізде ет жақындарымызбен өткізетін кішігірім той секілді болды.

«Дүниеге келген күннен тағдырдың қатал сынымен бетпе-бет ұшырасқан бұл балалардың алдағы болашағы жарқын болсын» деп тіледік.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ