Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Жетпіс үйге жеміс таратты

Шілде 19 / 2018

 

Ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында жұмыс істеп, майор шенімен зейнетке шыққан Әлібек қажы Құдабаев бүгінде бау-бақша өсірумен айналысады. Осыдан он үш жыл бұрын Өзбекстаннан ата жұртқа қоныс аударып келген ол Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында тұрады.

 

Иә, Шұбарсуға барған адам болса орталық көшедегі «Ар Рахман» мешітінің алдында жемістері жайқалып тұрған бау-бақшаға көзі түскен болар еді. Анадайдан көз тартатын сары өрік пен алқызыл алмалар көздің жауын алады.

– Мешіт ауласындағы мәуелі ағаштарды жеті жыл бұрын осындағы жамағат болып отырғыздық. Ол кезде су жоқ, дарақтарды шелекпен тасып суардық. Сусыз жерге бау егіп, оны өсіру арқылы біз жастарға жұмыс істеуді үйреттік. Жиырма жыл бұрын бұл жер мидай дала еді. Бүгін жасыл желекке оранды, – дейді Әлібек ата.

Иә, бау да бала сияқты күтімді керек етеді. Күнделікті күтіп-баптап жүріп 50 түп алма, 50 түп өрік өсірген шұбарсулықтар бүгінде төккен терлерінің жемісін көріп отыр.

– Әкімшіліктен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімін алдық. Биыл жетпіс отбасыға өрік тараттық, – дейді мешіт имамы Әбдуәлі қажы Асанов.

Мұндағы мешіт ғимараты 2009 жылы жеке кәсіпкер Жанғали Нұрғалиұлының демеушілігімен салынған екен.

«Оңтүстік» - ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ