Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

2 миллионнан астам тұрғынның электрондық денсаулық паспорты жасақталды

Шілде 19 / 2018

 

Түркістан облысындағы 69 медициналық ұйым бүгінде медициналық ақпараттық жүйемен жұмыс істеуге көшті. Ал,  осылардың жартысы ішінара қағазсыз құжат айналымына ауыстырылған. Жыл соңына дейін қалған 10 медициналық мекеме ақпараттық жүйемен толық қамтылады. Бұл туралы селекторлық   режимде   өткен  ҚР Үкіметi отырысында облыс әкімі Ж.Түймебаев мәлім етті.

 

Облыс басшысының айтуынша, интернет желісімен аудан деңгейіне дейінгі елді мекендер түгел қамтылған болса, 2021 жылға дейін аудан деңгейінен төмен ауылдарды қосу жоспарлануда.   Осының  нәтижесінде  өңірдегі  2 миллионнан астам тұрғынның электрондық денсаулық паспорты жасақталған. Бұдан бөлек әкім осы жылдың  1 сәуірінде Түркістан облысымен бірге Алматы, Павлодар, Маңғыстау облыстары «қағазсыз аурухана» пилоттық жобасына кіргенін айтып, аталған облыстардың ішінде ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша бірінші орында екенін жеткізді.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысын баяндаған өңір басшысы осы жылдың алты айында межеленген  негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Түркістан облысы денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік бағдарламаларының негізгі нәтижелі көрсеткіші бойынша бесінші орында. Мұның ішінде сәбилер өлімі өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға төмендеді. Бұл бойынша республикада 8-орында болсақ,  ана өлімі көрсеткіші бойынша облыс елімізде 9-орында. Ал, туберкулезден болған өлім-жітім көрсеткіші 33,3 пайызға төмендеген. Бұл нәтижелі жұмыстар мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылған жұмыстардың көрсеткіші деп   білемін» деді Ж.Түймебаев.

Баяндама барысында өңір басшысы кадрлық мәселелерді шешу мақсатында арнайы бағдарлама жасалынып, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою үшін аудан орталықтарынан қызметтік тұрғын үйлер салынып жатқанына тоқталды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ