Экономика 0 пікір 0 лайк

Республикада екiншi

Шілде 19 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Облысымызда жыл басынан бері ауыл шаруашылығының  жалпы өнім көлемі 146,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 25,4 млрд. теңгеге артқан. Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада Алматы облысынан кейінгі екінші орында. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков өзі жетекшілік ететін салада атқарылған осы және өзге де жұмыстарға тоқталды.

 

Экспорт көлемі 68,6 млн. АҚШ долларын құраған.   Сондай-ақ,  бүгінде  облыс  бойынша  60 мыңнан аса үй мен шағын фермерлерден құралған 704 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Биыл ауыл шаруашылығы саласына қажетті 520 техника жаңартылған.

Басқарма басшысы республикадағы салынған жылыжайлардың – 77, тамшылатып суару әдісінің 73 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, тамшылатып суару технологиясы жаңадан 6 223 гектар аумаққа ендіріліп, жалпы көлемі 64,2 мың гектарға жетіпті.

«Облыс бойынша дәнді дақылдардың барлық егіс көлемі 280,9 мың гектарды құрап, межеден 35,9 мың гектарға артты. Ал, мақтаның егіс көлемі 129,7 мың гектарға жетіп, жоспар 24,7 мың гектарға артық орындалған. Бүгінгі таңда облыстағы барлық бау көлемі – 21 600 гектар, оның ішінде қарқынды баулар – 2 800, жүзім – 10 200, таңқурай  –  208  және  жаңғақ  шаруашылығы  350 гектарды құрайды. Ағымдағы жылы қосымша қарқынды баулар – 940, жүзім – 570, жаңғақ  207 гектар  алқапқа  егілді»  деді  Серік   Ордабекұлы.

Басқарма басшысы биыл құрғақшылық салдарынан мал  азығын  дайындайтын  алқаптың  40 мың гектарға кемігенін, яғни әзірге   жем-шөп  дайындау  көрсеткіші  70 пайызға ғана орындалғанын жеткізді. Алайда, бұл кемшіліктің орны сабан мен жүгерінің және таулы аймақтарда шығымы жақсы болатын жоңышқаның есебінен толтырылатынын атап өтті.

Сонымен бірге, жылыжайларды жылумен қамтамасыз етуде, басқа да инновациялық бағыттағы ғылыми-технологияларды енгізу аясында жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Брифингте бұдан бөлек суармалы жерлердің жай-күйі, субсидия мәселесі, бидайдың биылғы  өнімділігі  жағдайы да сөз болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ