«Жапырақ жайған БӘЙТЕРЕК»

Шілде 19 / 2018

 

«Топырағынан тоқшылықтың лебі ескен,

Сұлулығы талайды тамсандырған,

Хикаясы таусылмайтын ертегі өлке –

Сыр бойында туып,

Сонда өмір сүріп жатқан

Жомарт елдің ортасында ержеткенім – мақтаныш.

Елу жыл бойы еліме мінсіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтым.

Осы жерге төккен маңдай терім –  мақтаныш.

Бұл жарты ғасыр –

Айтуға оңай болғанмен, жеткеріп жазуға қиын менің ғұмыр-дариям!

Менің ғұмыр-дариямда төгілген терім мен жоғарыдағы

Сырдарияның аққан суында ғажайып ұқсастықтар бар.

Ол туралы ғұмырым жетсе әлі талай жазатын боламын...» депті біздің Борекең, өңіріміздің белді де беделді қариясы атанған, парасат-пайымы телегей теңіз, адалдықтың ақ жейдесін кірлетпей өткен ақсақал, Социалистік Еңбек Ері Боранбек Шүкірбеков ағамыз өзінің «Мен жүрген жол» атты кітабында. Иә, ағамыз «ғұмырым жетсе» деп тегін айтпаған екен. Ол кісінің 80 жасын ел болып тойлаған қалың жұрт 87 жасында мәңгілік мекеніне шығарып салды. Оған да бір жылдың жүзі болып қалыпты. Қызметтес інісі ретінде білетінім, Борекеңнің жүрген жолы даңғыл жол болған жоқ. Бұралаңы мен соқпағы мол, қиындығы мен тоқпағы мол, небір тар жол, тайғақ кешулерге толы болды.

 

Боранбек ағамыз шыр етіп жарық дүниеге – 1930 жылы келіпті. Бұл әйгілі қолдан ұйымдастырған қуғын-сүргіннің, аузын арандай ашқан ашаршылықтың қарсаңы болатын. Бұл сол жылдары туған балалар үшін «Бақытты балдәурен шақ» деген тәтті сөздің әдірем қалып, ел ішінде жағымпаз-жандайшаптардың ала құйын болып шапқылап жүрген заманы еді. Сондықтан да отызыншы жылғылар ішер асқа, киер киімге жарымай, еңбекке ерте араласты, ерте есейді. Борекеңнің балалық шағы Мырзашөлді жарып өтетін канал құрылысымен тікелей байланысты, ол осы өлкеде шыңдалып өсті. Соғыстың ауыртпалығы сейіліп, қанаты қатайған шақта еңбек армиясынан қайтқан әкесіне серік болып, мал шаруашылығына араласты. Су таситын машина айдады, автодүкен жүргізушісі де болды. Партия қатарына өтіп, едәуір ысылған соң Шымкент ет комбинатының Арыс қаласындағы бөлімшесін басқарды. Ұжымды адал еңбек етуге жұмылдырып, жұмыстан қолы босаған кезде ойын-сауық отауын құрып, жастардың демалысының мазмұнды өтуіне жағдай жасады.

Ағамыз есейе келе білім деген бұлақтың мөлдір суынан қанып ішті деуге болады. Көзін ашқалы мал ішінде өскен балаң жігіттің зоотехника саласына қызығушылығы ерте оянды. Ол әуелі Тәшкендегі ауыл шаруашылығы техникумының зооветеринарлық бөлімін бітірді. Сол кездегі ұстаздарының «ветеринария адамзатты емдейді» деген аталы сөзі Алматыдағы мал дәрігерлік институтына жетеледі. Институт қабырғасында өткен 6-7 жыл, білікті де білімді ұстаздардан алған тәлім-тәрбие оның өмірге деген көзқарасын айтарлықтай өзгертті. Жұмыстан да қол үзбеді. Борекең өзінің бір әңгімесінде «мен білім-шынардың биігіне шыға алмасам да белгілі дәрежеде жақындадым ғой деп ойлаймын. Жанкештілікпен жинаған сол білімімді өмірімнің ең қызықты да табысты кезеңдері 1960-1990 жылдары ел игілігіне жұмсағаныма қуанамын. Осы білімімнің арқасында 50 жылдан аса ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ел тұрмысын жақсартуға үлес қосқанымды мақтан тұтамын» деген еді.

Борекең дипломдық жұмысын өзі өскен «Задария» кеңшарының экономикалық жағдайына арнаған еді. Ұстаздарының ақыл-кеңесі бойынша осы тақырып кандидаттық диссертациясына негіз болды, 1986 жылы ағамыз «экономика ғылымдарының кандидаты» деген атақ алды. Адамда арман таусылған ба? «Менің орындалмаған бір арманым – докторлық диссертация жазып, қорғай алмадым» деуші еді Борекең. Бірақ, соның өзінде «кіші ғалым» дәрежесінде жүріп-ақ ағамыз құрамында бірнеше ғылыми институты мен тәжірибе стансалары бар, зертханалары өзіне сай «Агропром» ғылыми орталығын 10 жыл абыроймен басқарды.

Боранбек Шүкірбековтің басшы, ұйымдастырушы ретіндегі қабілеті Арыс қаласының «Задария» кеңшарында жарқырай көрінді. Бұл шаруашылық ғылыми-селекциялық жұмыстардың нәтижесінде 1940–1964 жылдары Қазақстанның қаракөл қой саласындағы №1 асыл тұқымды зауыт болып тіркелді. Сыртқы нарықта жоғары бағаланатын «жакетті тип» деп аталатын қаракөл елтірісін өндіруге маманданған қаракөл қой зауыты тікелей Мәскеуге бағынатын. Міне, осы кеңшарға 1972 жылы Борекең директор болып тағайындалды. Басшылыққа келген ағамыз аздаған жылдардың ішінде «мал баққанға бітетінін» шопандарға ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. Талантты ұйымдастырушы жайылымды жақсарту мәселесін қолға алып, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы олардың жұмысқа деген ынтасын оятты. Кеңшар орталығынан бастап барлық бөлімше-фермаларға электр желілерін тартып, жаңа үйлер салдырды. Шопандар бір мезгіл радио тыңдап, теледидар көре алатын болды. Әрине, бұлар айтуға ғана оңай. Ал, оның орындалуы үшін қаншама рет жүйке тозды, қанша рет айқай есітті. Жанкешті еңбек ақыры нәтижесін берді.

Боранбек ағамыздың шаруашылық басқарып жүріп елге жасаған жақсылығының бірі – мәдени жайылым мәселесін көтеруі еді. Бұл, расында да, республика деңгейінде бұрын-соңды көтерілмеген тың идея болды. Ғалым-агроном, академик Сейфулла Әбдірайымов екеуі ақылдаса отырып, эрозияға ұшыраған жайылымдарды жақсарту, сөйтіп микроклимат қалыптастыру мақсатында үлкен бағдарлама-жоба жасады. Расында да, бұл тірлік сол кездегі ұғым-түсінік бойынша орындалмайтын арман болып көрінетін. Борекең осы жобаны жүзеге асыру үшін біреуді «әке» деді, біреуді «жәке» деді. Жел суырып жатқан сайын далаға сексеуіл, изен, теріскен, қырықбуын, жусан секілді шөлге төзімді 7-8 өсімдік дәнін сеуіп, одан 2-3 жыл өткенде жайқалған табиғи өнім алынады, оның гектар байлығы 8-10 центнер болады дегенге ол кезде кім сене қойсын. Дегенмен, директордың да, ғалым-агрономның да сағы сынбады. Қолға алған тірлікке білек сыбана кірісті. 1976–1977 жылдары екпе шөптер дүркірей көтеріліп, гүлдей бастады. Сексеуіл, изен, теріскен өсімдіктері белуардан келіп, жердің беті жайқалып, бастары желмен тербеліп, сайын далаға тамаша көрініс берді. Ал, 1978–1979 жылдары кеңшарда 5-6 мың гектар алқап жайқалған көкорай тоғайға айналды. Осы жерлер арада 5-6 жыл өткенде 30 мың гектарға жетті. Бұл туралы сол кезде республикалық, одақтық басылымдар жарыса жазды, деректі фильмдер түсірілді. Шаруашылық халық-
аралық үлкен көрмелерге қатысып, үш рет жеңімпаз атанды.

Жалпы, «Задария» кеңшарын басқарған кезең Борекең үшін аса бір табысты жылдар болды. Сол кездегі есеп-қисапты зерделеп көрсек, шаруашылықта 50 мыңнан аса саулық қоздап, қойдың жалпы саны 100 мыңға жуықтаған, экономикалық көрсеткіш 170 пайызға дейін көтерілген екен. Ал, оны басқарған Боранбек Шүкірбековтің атақ-абыройы аспандап, одақ көлеміне танымал тұлғалардың қатарын толықтырды. Әрине, ол туралы көп айтуға да, көп жазуға да болады. Арыс ауданының тарихында бұрын-соңды болмаған оқиғалардың бірі – ағамыздың әуелі Орталық сайлау комиссиясына мүше, ал,
1984 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануы еді. Облыс халқы, оның ішінде Арыс ауданының жұртшылығы бұған шын қуанды. «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген сөз рас-ау өзі, 1986 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Боранбек Шүкірбековке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Осы бір нар тұлғалы, жазық маңдайлы, жанарынан от шашқан қайратты азаматтың кескін-келбеті қарауытып, күреңітіп көрінгенімен, жүзінен үнемі жылылық есіп тұратын. Ағамыз арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғағанда тереңдігімен, шешендігімен таңқалдыратын. Сейхун мен Жейхунның бір замандардағы өткел бермес дүлей толқынындай екпіндетіп әңгіме айтқанда арқаланып кететін әдеті бар екенін де аңғардым.  Бір мезет сабасына түскен Сырдарияның сыпайы ағысындай сұлу сөздерімен жан тербететін ғибратында ұлыларға тән ұлық мінез байқалып тұрар еді. Осылардың бәрін пайымдай келгенде Борекеңнің адами қасиетіне ерекше өң беріп тұратын үш-төрт мінезді екшей кетейін.

Біріншісі – туған жерге деген адалдық. Иә, Борекең өзі айтатындай, Сыр өңірі – көне дастандар отаны. Тарихи шежіренің қатпар-қыртысына үңіліп, көне сақ дәуірінен осы кезге дейінгі «мың өліп, мың тірілген» қазақ даласының тағдырын тамаша әңгімелеп беретін қабілет бар еді ол кісіде. Өзінің білгенін, көрген-түйгенін ұрпағына ұран етіп қалдырғысы келген бе дерсің. Ежелгі аңыздардың желісімен желіп отырып туған, өскен жері мен ата-тегінің тарихын тізбелеп, тасқа басып, тағлымды мұра қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермес.

Екінші қасиеті – кісілік пен кішілікті қатар алып жүру. Мен білетін Борекеңде кісіліктен гөрі  кішілік  ілтипат  басымдау еді.  Борекеңнің еңбегін  бағалаған   Д.Қонаев,   А.Асқаров,  Т.Назарбеков, С.Оспанов сынды тағы басқа да ел ағалары өз кітаптарында жылы пікір қалдырады. Данамен данаша, баламен балаша түсінісу теоремасын терең меңгерген азамат еді. Мен мұны жас кезінде көрген қиындықтарының қайтарымы шығар деп түсіндім.

Үшінші қасиеті – кешірімді бола білуі. Мақаламның басында Борекең жүрген жол тақтайдай тегіс, даңғыл болған жоқ дегенмін. Сол сөзімді тірілте кетейін. Жалпы, өзінің адалдығына сенген адам ештеңеден қорықпайды екен. Шаруашылық басқарған жылдары кейбіреулер пендешілікке салынып, соңынан шырақ алып түскенде, арыз жазып, қызметтен кетірмек болғанда ағамыз сасқан да жоқ, қорыққан да жоқ. Сөйте тұра Борекең оларға кешіріммен қарады, кек сақтамады. Керісінше, «таспен ұрғанды аспен ұрды».

Борекең облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде обкомның бірінші хатшысы Рысбек Мырзашевпен бірге Созақ ауданына келгені бар. Облыстың бірінші басшысына Борекең сырлы Созақтың көркем табиғатын, Бетпақдаланың, Сарыарқаның кереметін, Қаратау бөктерінің рухани қазына қатпарын аңыз қып айтып берген екен. Енді соны көзбен көргенде Мырзашевтің таңқалғанын көрсеңіз. Теріскей жерін екі күн бойы аралап, ағамыздың аңызға бергісіз әңгімелерін естіп, естен кетпестей естелік алып қалған жайым бар. Борекеңе жоғарыдағыдай мінездеме беру сол бір кезеңдердің жемісі десем, артық айтқандық болмас. Ол кісі маған керемет ұстаз болды. Айтқан ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары алтынмен тең еді. Ағалық қамқорлығын мен ешуақытта ұмыта алмаспын. Ағамыз бұдан кейін облыстық агроөнеркәсіп комитетінде, Тассайдағы ғылыми-тәжірибе стансасында да өзінің тамаша қолтаңбасын қалдырды. Облыстың құрметті азаматы атанды. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық істерден сырт қалмады. Бақ қарап, қыдыр дарыған жылдардың елесі Борекеңнің «Мен жүрген жол» атты кітабында кеңірек баяндалады. Халқына қалаулы, еліне елеулі ұл болған Борекеңнің есімі тарих парағында алтын әріппен жазылып қалды.

Отбасындағы татулықтың берекесін келтірген Әшіркүл жеңгеміз туралы айтпай кетуге болмас. Ол кісі тоғыз ұл-қызды дүниеге әкеліп, Батыр ана атанды. Перзенттерінің бүгінде бәрі де отбасылы, өздері ұл-қыз өсіріп отырған жағдайлары бар. Ағамыз бен жеңгеміз  солардан туған немере-шөберелерін еркелетіп, әдемі әже, әдемі ата бола білді.

Бір сөзбен айтқанда, жапырақ жайған саялы бәйтерек бір әулеттің ұстыны ретінде мәңгілік көгеріп тұрары сөзсіз. Өйткені, ағамыздың өзі айтқандай, жүрегіне түйген бойтұмары, діліндегі дұғасы, тіліндегі тілегі, өмірінің мазмұн-мәні келешегі зор бақытты ұрпаққа бағышталды.

Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ