Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Азаматтық қоғам қалыптастырады

Шілде 17 / 2018

 

Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай,  нақты  10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Яғни Жолдауда айтылған негізгі тапсырманың қай-қайсысы да маңыздылығы жағынан   бірінен-бірі  асып  түседі.  Мемлекет  басшысы  қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында әлеуметтік салаға, зейнетақымен қамсыздандыруға және адами капиталды дамытуға ерекше назар аударып отыр.

 

Әр сала бойынша атқарылатын жұмыстарға қарай 10 негізгі міндетке тоқталар болсақ, біріншіден, елімізде индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс екені айтылды. Президент, ең бастысы, цифрлық дәуір, технологиялардың дамуы, технологизация, жалпы төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекеттің дамуының айқын бағыттарын анықтаған. Экономика, мемлекеттік басқару, тіпті агроөнеркәсіп саласын дамытудың өзінде технологияларды енгізуге, оны дамытуға басты назар аударылып отыр. Яғни он негізгі басымдықтың түйіні, ол – цифрлық дәуірдің болатыны. Осы бастама арқылы мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға мүмкіндік мол. Бұдан бөлек, цифрлық теxнологиялар биліктің ашықтығын, яғни қабылданып жатқан шешімдердің жариялылығын қамтамасыз ететіні де сөзсіз. Халық пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын жасай алса, қоғамда билік пен қарапайым халық арасында ашық диалог орнайды.

Ал, аталған  он  міндеттің  жаңашылдығын  айтар  болсақ,  инфрақұрылымдық жүйенің интеллектуалдық басқару жүйесіне талаптар күшейе түспек. Бұл – интеллектуалдық әлеуетті нығайту, сонымен қатар жеке адамның мүддесін ойлау, сондай-ақ, әлеуметтік құрылымдардағы жүйелілікті қалыптастыру болып табылады. Сонымен бірге, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігі де ерекше сөз болды.

Елбасы екінші тапсырмасында  ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту керек екенін айта келе, экологиялық кодекске өзгерістер енгізу күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселе екеніне тоқталды. Соның ішінде, жергілікті әкімдерге шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Аграрлық саясатқа да айрықша көңіл бөлініп отырған біздің мемлекетте енді еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға басымдық беріліп отыр. Ал, төртінші тапсырмасында Президент көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру жайын айтады. Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтинентальды коридор өтетіні белгілі. Былтыр  еліміз  арқылы  өткен  жүк  транзиті  17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтағанын айтқан Елбасымыз оны алдағы уақытта одан сайын арттыру керектігіне тоқталды.

Биыл бас қаламыз Астананың құрылғанына – 20 жыл. Елбасымыз мерейлі мерекеде еліміздегі қалалардың мәртебесін арттыру жолдарына тоқтала келе, өзінің оныншы тапсырмасында  «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін жұмыс істеуі керек екенін айтты. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаларға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет» деген Елбасы әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасқанын да жасырмады.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары әр қазақстандық үшiн ерекше маңызды, көпшілік асыға күтетін саяси мәні зор құжат.

М.ЖАҚСЫБАЕВ, Шымкент қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі. 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ