Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Игi iстерге оң бағасын бердi

Шілде 17 / 2018

 

Алмас АҚЫЛБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев Отырар ауданын аралады. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов халық қалаулысын ағымдағы жылы атқарылған жұмыстармен және алдағы жоспарлармен таныстырды.

 

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Ақтөбе ауылындағы Ә.Қамбаров атындағы спорт кешенін аралап, кешеннің бүгінгі жай-күйімен танысты. Ауылдың ажарына сән қосқан спорт кешені жеке кәсіпкер Есбол Қамбаровтың демеушілігімен бой көтеріп, пайдалануға берілген болатын.

Фахриддин Қаратаев Елбасымыздың сындарлы саясатына қолдау білдіріп, жүзеге асуына атсалысып, орталықтарға ғана емес, шалғай ауылдардың да дамуына үлесін қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Онан соң Фахриддин Әбдінәбиұлы аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты қызметтік үйлер мен газ құбырларын тарту жұмыстарымен танысты.

Білікті кадрларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биылдың өзінде 4 көпқабатты қызметтік тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Аудан әкімі әкімдік тарапынан Отырардың дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарға жасалатын жағдай мұнымен шектеліп қалмайтынын ерекше атап өтті.

Халық қалаулысы Отырар ауданында қалыптасып, дәстүрге айналған білікті мамандар даярлаудың «Алтын қорын»  ерекше атап өтіп, өзгелерге үлгі болатынын жеткізді.

Сонымен қатар, халық қалаулысының назарына аудандағы газдандыру жұмыстары ұсынылды. Тарихи сәт ретінде бағасын алған газдандыру жылы аясында аудандағы 7 елді мекенге газ құбыры тартылмақ. Бүгінгі таңда Шәуілдір, Темір, Ш.Қалдаяқов ауылдарында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Ескі Шілік, Жаңа Шілік, Ақтөбе елді мекендерінде жақын күндері басталмақ.

Жұмыс сапары барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін тамашалап, Арыстанбаб кесенесінде зиярат жасаған Ф.Қаратаев ауданда атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, алдағы жоспарларға сәттілік тіледі.

Отырар ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ