Болыстың қызы

Шілде 17 / 2018

 

Шымкент қаласының тұрғыны Қанаш Күзербаева жасы 103-ке келсе де өзі ине сабақтап, тігін тіге алады.

 

Ол 1915 жылы Жамбыл облысының Тамды деген ауылында дүниеге келген. Әкесі Қожампатша өз заманында би, болыс болған кісі екен. 1928–1930 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, бар мал-мүлкі кәмпескеленеді. Содан Қанаш әжесі Ақангүлдің (әкесінің анасы) қолында қалып, сол кісінің тәрбиесін алып өсіпті.

Жастайынан еңбекпен шыңдалғандықтан ба, кейіпкеріміз ғасырдың жүзін көрсе де әлі тың. Сөзі анық, қимылы ширақ. Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылының тұрғыны Шатай Күзербаев деген азаматпен шаңырақ көтереді. Бұлар шаңырақ көтерген жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Алайда, жолдасы көзінің кемтарлығына байланысты соғыстан қалдырылады.

Шатай ата екеуі таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етеді. Мал бағып, майданға сүт, айран, май, құрт жөнелтеді. Қария ұзақ өмір сүрудің сыры осы еңбекте деп біледі. Колхозда әртүрлі жұмыстарды істегенін жиі есіне алып, ұрпағына үлгі-өнеге ретінде айтып отырады.

Қанаш әже 11 құрсақ көтерген. Бүгінде 1 ұл, 7 қызынан 30 немере, 50 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Алтын алқа иегері, Ұлы Отан соғысына 50, 55, 60, 65, 70 жыл мерекелік медальдарымен марапатталған.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ