Катарда кездескенше!

Шілде 17 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Загало, Беккенбауэр, Дешам...

Бұл үш фамилияны бекер айтып отырғанымыз жоқ. Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде Франция құрамасының бапкері Дидье Дешамның ӘЧ тарихындағы үлкен жетістіктердің бірін бағындыруы мүмкін екенін айтқанбыз. Осыған дейін мынау Жер дейтін планетаңызда ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де әлем чемпионатын жеңіп алған екі-ақ адам болған. Кешегі финалдан кейін олардың саны үшеуге жетті. Бұл рекордты алғаш тіркеген бразилиялық Марио Загало болса, кейін оның ерлігін атақты Франц Беккенбауэр қайталай алды. Енді бұл тізімге Дидье Дешамның да есімі жазылатын болды. 1998 жылы Франция алғаш рет әлем чемпионы болғанда Дешам сол команданың капитаны еді. Дидье араға жиырма жыл салып әлем чемпионатында атой салған француз футболшыларын баптап келіп отыр. Француз футболы ешқашан таланттарға кенде болмаған. Сол 1998 жылы әлем чемпионы болған құраманың ойынына қарап, жанкүйерлер сүйсінетін. Олар бүкіл команда болып шабуылға көтерілгенде «мен» деген құрамалардың өздері шыбын жандарын қоярға жер таппай кететін. Дәлел дейсіз бе? Басқасын айтпай-ақ, қояйық, сол жылы финалда Дунга, Кафу, ойнайтын қаһарлы Бразилияның өзінің екі аяқтарын бір етікке тығып, 3:0 есебімен тас-талқанын шығармап па еді?! Дәлел осы! Дидье Дешам дәл сондай мықты құраманы осы чемпионатқа да баптап әкеліпті.

Қаһарман да, анти қаһарман да – Манджукичтің өзі

Бұл әлем чемпионатының 64-ші матчына төрелік етуге аргентиналық төреші Нестор Питана тағайындалған екен. Мұны естіген аузы жеңіл әріптестеріміз «жалғыз болса да бір аргентиналық финалға шықты-ау», «аргентиналықтар қатарынан екінші рет финалда» деген сынды мысқылды мақалаларды бірінен кейін бірі жариялап жатты. Одан Питананың қай жері қисайғанын білмейміз. Білетініміз Нестор Питананың отандастары бұл чемпионатта жеңілістің ащы дәмін екі рет татқан. Ол екі жеңілістің себепкері осы финалдағы қос құрама – Франция мен Хорватия екен.

Питананың ысқырығы естілісімен хорваттар алға ұмтылды. Француздарды өз жарты алаңдарынан шығармай, біраз састырды. Хорваттардың бұл әрекетіне көпшілік басын шайқай қараған.

Алайда, біртіндеп хорваттардың аптығын басқан француздар сосын қарсыластарына азуын да батыра бастады. Ойынның 18-минутында француздар Субашичтің қақпасына жақын жерден айып добын тебуге мүмкіндік алған. Антуан Гризманн жұмсақ пас асырып, әріптестерінің басымен соққы жасауын күткен еді. Бірақ, Гризманның үміті ақталмады. Ол допқа хорват шабуылшысы Манджукич бірінші жетті. Жеткені бар болсын, оның басынан серпілген доп Субашич қорғаған қақпадан бір-ақ шықты! Автогол! Ағылшындардың қақпасына жартылай финалда гол соғып, хорваттардың қаһарманына айналған футболшы әп-сәтте анти-қаһарманға айналып шыға келді. Манджукич – әлем чемпионатының финалында автогол соққан әзірге жалғызфутболшы.

Көпшілік хорваттардың жауабын ұзақ күткен жоқ. Айрықша айбармен алға ұмтылған «шахмат жейделілер» есепті теңестіру үшін қандай қадамға баруға да әзір еді. Сондай шабуылдардың бірінде доп Перишичтің аяғынан табылған. Ол шалт қимылмен әншейінде доптан өлсе де ажырамайтын Кантенің өзінің аузын күншығысқа қаратып кетті де, сол аяғымен соққы жасады. Жайшылықта мұндай доптарды пісте шаққан құрлы көрмейтін Льорис бұл соққыға дайын болмай шықты. Таразы басы теңескен соң үш жолақты елдің футболшылары қайтадан шабуылға иек артты. Бұрыштамадан көтерілген допқа Матюиди басын қоя салған. Серпілген доп Перишичтің қолына тиіп кетті. Мұны енді қырсық шалу дейді! Төреші бейнеқайталау жүйесіне жүгініп, хорваттар қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді көзді жұмып-ақ салатын Гризманн мүлт кетсін бе?! Алғашқы тайм 2:1 есебімен француздардың пайдасына шешілді.

Екінші таймда хорваттарға тайлы-тұяғымен алға ұмтылудан басқа амал қалмады. Ал, француздар қарымта шабуылға иек артып отырды. Жас шабуылшы Мбаппе сәт сайын допты ала қашып, хорват қорғаушыларының жүйкесіне тиіп-ақ бақты. Сондай сәттердің бірінде оң қанатпен шабуылға шыққан Мбаппе қорғаушылардың бәрін қасына жиып алды да, ашық тұрған Погбаға допты итере салды. Погбаның алғашқы соққысы хорват қорғаушысының аяғына тиіп, кейін серпілді. Бірақ, Погба сол соққысын екінші рет қайталағанда Субашич допты қақпаға қарай көзбен шығарып салғаннан өзге түк те істей алмады. Осыдан кейін хорваттарға жоғалтатын ештеңе де қалған жоқ болатын. Алайда, алға ұмтылғандары сол еді, қақпаларына төртінші голды жіберіп алды. Бұл жолы қақпаны дәл көздеген Мбаппе болатын. Содан кейін барып ойын сәл саябырсығандай болды. Ойынның 69-минутында қақпашы Льористің өрескел қателігін тиімді пайдаланған Манджукич матч басындағы өзінің қателігін жуып-шаюға мүмкіндік алды. Бұл үміт шіркінді қойсаңызшы. Екі доп айырмашылығымен ұтылып жатса да хорваттар шабуылды тоқтатқан жоқ. 90-шы минутқа дейін сауатты қорғанған Франция құрамасы өз тарихында екінші рет чемпиондық атаққа қол жеткізді. Бұл құрама сол Зидан, Бартез, Дешам, Блан, Трезеге, Анри, Пети сынды жұлдызды ойыншылардан кейінгі «алтын құрама» ретінде тарихта қалмақ. Олар – талассыз, дүдәмалсыз чемпион!

Командасы Даличке, Далич командасына риза

Хорватия жұрты бас бапкер Златко Даличке елдің әр қаласынан бір ескерткіш орнатса да жарасады. Төрт жарым миллионға да жетпейтін тұрғыны бар шағын мемлекеттің құрамасын әлем чемпионатының финалына алып шығу кез келген бапкердің қолынан келе бермейді.

Финал алдында журналистерге берген сұхбатында «финалға дейін жеттік екен деп тоқтап қалуға болмайды. Бүгін Хорватияның ең үздік ойынын көресіздер. Бізді «тұлыпқа мөңіреген сиыр» деп ойлайтындар қателеседі. Тек қиялмен ғана финалға шығу мүмкін емес. Жігіттеріме ризамын» деді. Финалдан соң да бұл сөзіне бір әріп те алып-қосқан жоқ. «Жігіттеріме ризамын» деуден танбады.

Тіпті, Далич бапкердің төрешінің әрбір әрекетіне наразылық білдіріп, айқайлап жатқанын да көрген ешкім жоқ. Сол сабырлы қалпынан бір танбайды. Әдетте финалға шыққан командалардың бапкерлері қызуқандылығымен есте қалушы еді. Далич ондай коучтардың қатарынан емес екен. Алаңның жиегінен ойынды қас қақпай тамашалап тұрады да қояды. Төрешінің ақтық ысқырығы естілген кезде де эмоциясын сыртқа шығарғанын көрген ешкім жоқ. Дидье Дешамның қолын қысып, бауырына басты. Бұл – жеңілісін мойындағаны емес, қарсыласын жеңісімен құттықтағаны ғой.

Сонымен, деректер сөйлесін...

Жиырма бірінші рет өткізілген әлемдік доп додасы да тарих қойнауына кетті. Енді бұл мундиальды әлем жұртшылығы тек өткен шақпен ғана еске алмақ.

Ресей үкіметі бұл чемпионаттың шығынын 660 млрд. рубль деп отыр. ХХІ әлем чемпионаты күтпеген нәтижелер көп тіркелген чемпионат ретінде де есте қалмақ. Әлем чемпионы Германия құрамасының топтық турнирден шыға алмай қалуы, Португалия, Аргентина, Испания секілді футбол алпауыттарының ұзаққа шаба алмауы – бәрі-бәрі күтпеген нәтижеге балануда.

Тағы бір қызықты факт, жасыл алаңда жарақат алып, ең ұзақ жатқан бразилиялық Неймар екен. Ол 5 ойында 26 рет құлап,
14 минут жасыл алаңда сылқ түсіп жатып алған. Ресейлік ойыншы Роман Зобнин бүкіл чемпионат бойы жасыл алаңда 62 шақырымды артқа тастап, жүгірген екен. Оның бұл көрсеткішін өзге 735 футболшының бірде-біреуі қайталай алмаған. Ал, бұл мундиальда ең жылдам жүгірген футболшы – Криштиану Роналду. Ол қарымта шабуылдардың бірінде сағатына 38 шақырымды артқа тастайтын жылдамдықпен жүгірген. Есесіне ол соңғы 52 жылда әлем чемпионатында пенальти сала алмаған алғашқы португалдық футболшы ретінде де тарихта қалды.

Франция – құрамасы ең көпұлтты құрама. Тізімдегі 23 футболшының 17-сі өзге мемлекеттерде дүниеге келгендер. Оның 12-сі «қара» құрлықта өмір есігін ашқан екен.

Турнир қорытындысы бойынша «Ең үздік футболшы» атағына хорват Лука Модрич лайық деп танылды. Ал, ойынымен талайларды тамсандырған Килиан Мбаппе «Ең үздік жас ойыншы» атағын жеңіп алды. Бельгияның қақпасын күзеткен Тибо Куртуа «Ең үздік қақпашы» атағына ие болды.

Келесі мундиальды әлем жұртшылығы4 жылдан да ұзақ уақыт күтетін болады. Себебі, 2022 жылы Катардағы чемпионат қараша-желтоқсан айларында өтпек. Бұл өзгеріс – Катардағы ауа райына байланысты орын алып отыр. Ал, 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп өткізетін әлем біріншілігіне 48 команда қатысады деп күтілуде.

Демек, біз соңғы бір айда өзгеріссіз өткен соңғы әлем чемпионатын тамашаладық деуге болады. Бұл футбол тойы жанкүйерлер мен футбол мамандарының есінен жуық арада шыға қоймас.

Бүкіл әлемнің жанкүйерлері, Катарда кездескенше!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ