ТҮРКIСТАН ӘЛЕМДIК ДЕҢГЕЙДЕГI ТАРИХИ-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚ БОЛАДЫ

Шілде 16 / 2018

 

Кеше Түркістан облысының орталығында есімдері елімізге белгілі архитекторлар мен археологтар, тарихшылар мен суретшілер бас қосты. Қырыққа жуық азамат «дөңгелек үстел» мәжілісі барысында Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жайы сөз болды.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебев облыс орталығына айналып отырған Түркістан қаласын экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени жағынан дамыту басты мақсат екенін атап өтті.

«Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалды, оның басты бағыттарының бірі туристік индустрияны дамыту болып белгіленді. Жобаның негізгі идеялық мәні – Түркістан қаласын Түркі әлемінің тарихи астанасы контексінде «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдерге ұсыну. Сонымен қатар, түркітілдес халықтардың сәулеттік, этнографиялық және ұлттық гастрономиялық бағыттарын танытып, қаланы Түркі әлемінің мәдени орталығына айналдыру болып табылады» деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, жалпы жоба 99,6 гектар аумақты қамти отырып, үш кезеңде іске асырылатын болады. Бірінші кезеңде Түркия тарапынан салынған мешіттің оңтүстік шығыс бетіндегі 61,8 гектар аумаққа этносаябақ салу көзделсе, екінші кезеңде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы бетіндегі 12,3 гектар жерге «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтары мен сол елдердің тарихын сипаттайтын нысандардың құрылысын жүргізу жоспарлануда. Ал, үшінші кезеңде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің 88,7 гектар аумағындағы бекініс қорғаны мен арбатты және оның бойындағы ғимараттарды жаңғырту көзделуде.

«Түркістан қаласында бой көтеретін тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді» деді Ж.Түймебаев.

Түркістан қаласын туристер үшін қолайлы  аймаққа айналдыру мәселесін сөз еткен өңір басшысы мұнда жаңадан әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және қонақүйлер, дәмханалар салынатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, әкім Қ.А.Ясауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлердің көптігінен арнайы Ясауи музейі салыну қажеттігіне де тоқталды.

Жиын барысында Ж.Түймебаев Елбасы тапсырмасының аясында республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір ғимараттан салып, сыйға тартатынын жеткізді. Мәселен, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешов «Астана» саябағын салу туралы ұсыныс білдірген.

Отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Байтанаев, «Интеллект-эксперт» әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мажитов, әдебиет сыншысы, жазушы, тарихшы ғалым Құлбек Ергөбек, ҚР құрметті сәулетшісі, саясат ғылымдарының кандидаты Ғабит Садырбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов сөз алып, Түркістанды дамыту бойынша өз ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұқара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтататынын жеткізді. Сонымен қатар, ұтымды ұсынысқа қолдау танытқан барша жиынға қатысушыларға шынайы алғысын білдірді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ