ЕЛ БІРЛІГІНЕ СЫНА ҚАҒАТЫНДАРҒА ОРЫН ЖОҚ!

Шілде 16 / 2018

 

Түркістан облысының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің, облыстық мәслихат депутаттарының, облыстағы түрлі ұлт өкілдерінің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Үндеуі

 

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Ұлы дала төсінде ұлт болашағын саяси көрегендікпен дәл болжай білетін Өзіңіздей кемеңгер Көшбасшының  арқасында қазақ елінде, оның ішінде қазақы қаймағы  бұзылмаған Түркістан облысында тарихи  мән-маңызы терең, ұлы оқиғалар мен өзгерістер орын алып отыр. Осынау салмақты да дәйекті мемлекеттік шешімдер қабылданып жатқан жауапты кезеңде жан-жүректерімізден жарып шыққан үнімізді жеткізу үшін Өзіңізге осы Үндеуді арнап отырмыз.

Сіздің тікелей бастамаңызбен халқы бір миллионға жеткен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, Оңтүстік Қазақстан өңірі Түркістан облысына айналды. Қазақ хандығының астанасы болған, түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы облыс орталығы атанды. Күрмеулі мәселелері көп Мақтаарал, Сарыағаш аудандары екіге бөлініп, олардың өркендеуіне даңғыл жол ашылды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани жаңғыруына бағытталған осындай тарихи әрі прагматикалық тұрғыдан тың шешімдеріңіз арқылы Сіз елдің ыстық ықыласына бөленудесіз.

Осынау сын сағаттарда Сіздің берген тапсырмаларыңызды тап-тұйнақтай орындап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосуға барша облыс халқы дайын.

Өкінішке қарай, ел арасында әлі де  болса алауыздықтың, күншілдіктің көріністері, қасақана ғайбаттау, берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды ыдыратуға тырысатын жағымсыз әрекеттер байқалып қала береді. Елдің ішінде «бір қарын майды шіріткен құмалақтай» қарау, ниеті бұзық адамдардың тобы бар екенін жасыра алмаймыз. Өңірде ыңғайымен жүрмегендерге доқ көрсетіп, үстінен шағым жинап, түрлі инстанцияларға арыз жазғыш азаматтардың аттары кеңінен танымал, оларды жұрт жақсы атай қоймайды. Олар жүрген жерлерінде 2000 жылдардың басында Мақтааралға қатысты жазған өз арыздарына 7000-нан астам адамның қолын жинай алғанын мақтанышпен алға тартып, кез келген лауазымды тұлғаның үстінен арыз ұйымдастырып, әлгі арызға қол қойған жеті мың адамның қолының ксерокөшірмелерін тіркеп, заңсыз әрекеттерге баруда және жергілікті жерде сыбайлас жемқорлық өршіп тұрғандай етіп көрсету арқылы қоғамда жалған пікір қалыптастыруда. Осындай әрекеттері арқылы әкімдерді, мемлекеттік қызметкерлерді бопсалап, қорқытып-үркітіп, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүр.

Біз осындай арыз иелерінің өмірбаяны, қызметіне арнайы талдау жасадық. Сонда көзіміздің жеткені – көпшілігінің өз ұжымында, елінде беделінің жоқтығы. Ең бастысы, олардың өздерінің тұла бойларының таза еместігі, жұмысында істі болған азаматтар екендігі белгілі болды. Олардың тәсілі – шантаж, алдын-ала  арыз жазу арқылы өздерін тасалау секілді жымысқы әрекеттер.

Олар облысымызда қалыпты жұмыс жүруіне кедергі келтіріп отыр. Біз болған кездесулерде бұқара халық «бұларға тоқтау бола ма, өзге облыстардың алдында жүзіміз күйетін болды» деген мәселені көтереді.

Көр-жер теріп, ел ішін бүлдіргендердің Ақорданы нысанаға алып, арыздарды қардай боратып отырғанын көріп, біліп отырмыз. 2016 жылы жергілікті мәслихаттарға  депутаттар сайлау науқанында республика бойынша депутаттық мандат пен мансапқа таласушылардан және олардың жақтастарынан сот органдарына түскен 349 арыздың 193-і, яғни, 55 пайызы біздің облыстың үлесіне тиесілі болды. Бұдан бөлек, прокуратура органдарының жиынтық мәліметіне сәйкес 2017 жылы облыс бойынша 191973 арыз келіп түскен, оның ішінде 1996-сы – жоғары тұрған органдардан, 458-і – Президент Әкімшілігінен, 199-ы – Премьер-министр Кеңсесінен, 202-сі Парламент депутаттарынан тиістілігіне қарай өңірдегі органдарға қайта жолданған. Мұның өзі қит етсе болды, жоғарғы жаққа, биіктегі билік буындарына, түрлі органдарға арыздарды қарша борату, әдейі арыз ұйымдастыру тенденциясының белең алып бара жатқандығының айқын көрінісі.

Осы орайда, таяуда өткен облыстық мәслихат сессиясында ел ішіндегі арызқойлық, алауыздық, іштарлық және ізгі істерге іріткі салу сияқты жат қылықтарға тосқауыл қою мақсатында «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық!» атты Түркістан тұрғындарына арналған Үндеу қабылданды.

 

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Бізден бір тілек бар. Қасиетті Түркістанды, Сіздің тапсырмаларыңызды орындап жатқан әкімдік, мемлекеттік қызметкерлерді жаптым жала, жақтым күйеге ұрындырып, ел ішінде наразылық тудырмас үшін Ақордаға жазылған арыздарды облысқа жолдап, өз деңгейіңізде рұқсат етсеңіз дұрыс шешім болар еді.

Түркістан облысында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық мәслихат, ардагерлер ұйымы, Қоғамдық кеңес, Алқа билер институты бар, арыз-шағымдар солардың құзырында қаралса нағыз шешімін табар еді.

Сондай-ақ, әділ шешімін табу үшін қызмет көрсетіп отырған арнайы құқық қорғау органдары бар: облыстық прокуратура, облыстық сот, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық тексеру комиссиясы, т.б.

Осы органдар істі өз деңгейінде қарап, әділ шешімін таппаған жағдайда ғана Астанада қаралғаны жөн.

Жоғарғы соттың өзі дау-дамайларды, кейбір шиеленісті жағдайларды татуласу, келісу, бітімге, бәтуаға келу арқылы, сотсыз, соттасусыз медиация әлеуетімен шешуге шақырып, Үндеу қабылдаған болатын.

Өйткені, арыз жазғыш арызқойлардың дәурені жүріп тұр. Қорқытады, үркітеді, алатынын алып, дегеніне жетеді, қатарын көбейтеді.

Мемлекеттік қызметкерлердің үйлесімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.

Жаман әдет тез жұққыш. Ел ішінде оппозициялық ойлар айтып, Қазақстанның тыныштығын бұзғысы келетіндерге мықты тоқтам салмаса болмайды.

Қазақта  «Бақ, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген қанатты сөз бар. Бізге бақ керек, ынтымақ керек. Айрандай ұйыған бірлікті қарау ниетімен бұзғысы келетіндер керек емес. Біз оларды сын тезіне саламыз. Ар соты бәрінен биік тұруы керек.

Түркістан – Алланың ер түрік баласына берген бақыты.

Сізді бүкіл түркі әлемі темірқазығымыз, бірлігімізді нығайтқан тұлға деп таниды, иманындай сеніп отыр. Бар Алаш жұрты киесіне балаған Түркістан атын алған облыста ел бірлігіне сына қағатындарға орын жоқ.

Ұлт Көшбасшысы ретінде біздің Үндеуімізді дұрыс қабылдап, Ақордаға жазылған арыздарды облыс шеңберінде қарауға ықпал жасасаңыз, ол қазақтың қасіреті – арызқойлықты төмендетуге ықпалын тигізетін еді. 

Осы Үндеу Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының кезектен тыс жиырма жетінші сессиясында облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен облыстық Қоғамдық кеңестің қатысуымен талқыланып, қабылданды.

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев,

«Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов,

«Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы фракциясының төрағасы Ш.Жамалбек,

Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ө.Мелдеханов,

Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Мәуленқұлов,

Түркістан облысы зиялы қауымы өкілдерінің атынан М.Байғұт,

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ