Руханият 0 пікір 0 лайк

Қазақтың қара шаңырағы

Шілде 16 / 2018

 

Ғылымда «Түркістан» атауы тарихи-географиялық ұғым ретінде жиі кездеседі. Бұл атау  Орталық Азия мен Орта Азияның түркітілдес халықтары мекендеген аймақтарды анықтау үшін қолданылатын. VI-VIII ғасырларда армян және парсы деректерінде Каспий мен Орал тауынан Алтай мен Қытайға дейінгі жерлер «Түркістан» деп аталған. Одан кейінгі ғасырларда түрлі тарихи оқиғаларға байланысты Түркістанның аумағы бірде ұлғайып, бірде кішірейді. Шын мәнінде, «Түркістан» ұғымына Оралдан Алтайға, Каспийден Қытайға дейінгі, Томск пен Тобылдан Иран мен Ауғанстанға дейінгі ен дала мен Шыңжаң өлкесі, яғни жалпы көлемі 3 миллион шаршы шақырымнан асатын аймақ енеді.

 

Бүгінде Түркістан қаласы сол атаудың заңды мұрагері десек, артық айтқандық емес. Себебі, бұл атауды оған тарих әбден талқыдан өткізіп барып берді.

Ал, археологиялық зерттеулерге келсек, Талас өзені бойындағы далалар мен оның батысын – Талас пен Сырдың арасын және Қаратаудың қос беткейін қангүй тайпалары мекендеген. Олармен қатар өмір сүрген сақ, үйсін тайпалары да малшылықпен, аңшылықпен және егіншілікпен айналысқанын Қытай деректерінен кездестіреміз. Түркістан жазирасының ежелгі және кейінгі ежелгі (б.з.д.V-ІVғғ.– б.з. ІV-Vғғ.) замандардағы археологиялық картасына қарасаңыз бұл тұста 30-дан аса қала мен қоныстың өмір сүргенін байқауға болады. Олардың ішінде Шаш-төбе, Көксарай-І, Қазтөбе, Мейрамтөбе, Қарашық І, ІІ, ІІІ, Ақтөбе, Бершінтөбе, Шаш ана, Үштөбе І, ІІ, ІІІ, Ясы, Сидақата, Шорнақ, Майбалық, Оқжетпес секілді көптеген қалалар бар.

Бұл кезеңді Әбіш Кекілбаевтың тілімен айтсақ «...Сыр мен Қаратау көшпелілік пен отырықшылықтың қоян-қолтық араласуының алдыңғы шебіне айналды. Осыдан туындайтын технологиялық ықпалдастық мәдени ықпалдастықты да күшейтті. Ежелгі Түркістан атырабы дәл осындай мәдени жарастық кеңістігіне кірді. Ол «Авеста» мен «Махабхаратада» айтылатын көне Қаңға (Қангүй) мемлекетінің құрамында болды». Осылайша шаруашылықтың екі түрі қатар дамып, екі мәдениет тоғысты. Бұған қоса діни наным-сенімдер де – көшпелілердің Тәңірлік діні мен отырықшылардың Зардушт (зороастризм) діні де бір кеңістікте қатар өмір сүрді.

Зерттеуші Зікірия Жандарбеков Шауғар қаласының шығу тегін зерттей келе оның Қытай деректеріндегі Қангүйдің Шы қаласына сәйкес келетіндігін және бұл қаланың ғибадатханасында Қангүй халқы әрбір жорыққа шығар алдында 1000 қойды құрбандыққа шалып отырғанын айтады.

Қорыта келе айтарымыз, Түркістан алабы бағзы заманнан түрлі шаруашылықтардың ғана емес, Алтайдан бастау алған көшпелілердің Тәңірлік діні мен Тұран даласында пайда болған Зардушт діндерінің тоғысқан, Мағжан Жұмабаев айтқандай, екі дүние есігі еді.

2010 жылы Ясы–Күлтөбе қаласының көне цитаделінен табылған алып төрт жапырақты гүлге ұқсас құрылыс пен оның қосалқы бөлмелері (қабырға қалыңдығы 1,5-2 метр, биіктігі 4-5 метр) де отқа табынушылардың ғибадатханасы деуге негіз бар. Құрылысты қоршаған қорған қабырғасы астынан ежелгі дәуірде салынған тағы бір қорған қамалдың шығуы оны б.з.д. ІІ ғасырдан бастап мерзімдеуге мүмкіндік береді. Яғни, б.з.д.
ІІ ғасырда бұл өлкеге Қытай саяхатшысы Чжан Цян келіп кеткен соң қалыптасқан Ұлы Жібек жолының бойындағы алғашында керуендерге қызмет ететін форпост – бекініс есебінде пайда болған Ясы қонысы б.з. ІІІ ғасырында ірі діни орталыққа айналған. Жібек жолы пайда болысымен әрбір екі фарсах (10-12 шақырым) сайын салынған Майбалық, Ташнақ, Ясы, Оқжетпес, Сидақ, Шорнақ, Қаратөбе-Сауран, Ақтөбе-Сауран қала бекіністерінің барлығы бұдан 2000 жыл бұрын бой көтерген десек, қателеспейміз.

Халықтың шығыстан батысқа қарай ұлы қоныс аударулары (ІІ-IV ғғ.) Қазақстан, Орта Азия ғана емес, Шығыс Еуропа картасына да этникалық және саяси өзгерістер алып келді. ІІ ғасырда басталған түркітілдес ғұндардың ұлы көші өздерімен бірге Шығыс Сібір, Алтай, Тұрфан өңірінің көптеген халқын батысқа қарай көшіріп, мұндағы халықтың бір бөлігін Шығыс Еуропаға – Қара теңіз, Дунай жағаларына дейін ығыстырды. Бұл көш Қангүй мемлекеті мен Құшан империясының күйреуіне әкеп соқты, солардың территориясына көшпелі кидариттер, хиониттер, эфталиттер (ақ ғұндар, абделдер) келіп қоныстанды. V ғасырдың ортасында аса күшті Эфталиттер мемлекеті өсіп жетілді. Ғалымдар «эфталиттер дегеніміз – Арал бойын мекендеген массагеттер мен ғұндардың қосылуынан пайда болған этнос» деп есептейді. Бұл көзқарасты қытай және армян тарихшылары да қолдайды. Олардың және кеңес дәуірі тарихшыларының пікірінше, таттар (Авестада айтылатын), құшандар, эфталиттер (ақ ғұндар), теталдар, хейталдар және т.б. – түркітілдес массагет тайпаларының жеке атаулары ғана. Мұны VI-VII ғғ. батыс түркі қағанаты түркілерімен араласып кеткен эфталиттердің «й» әрпін «ж» әрпіне ауыстырып, «йоқ» деудің орына «жоқ» деп тілдеріне өзгеріс енгізгені де байқатады.

VI ғасырдың ортасында (552 ж.) Алтай өлкесіндегі түркі халықтары бірігіп Түркі қағанатын құрды да, олар 581 жылға дейін бүкіл Оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан, Орта Азия аймақтарындағы халықты бағындырып, биліктерін Қара теңізге дейін жүргізді. Осы кезеңде олар Ұлы Жібек жолының Қытайдан Жерорта теңізіне дейін созылған солтүстік бөлігіне иелік етті.

Қытай елшісі Сюань-Цянның жазуынша, Шудан Әмударияға дейінгі аралықтағы барлық түркілердің мәдениеті біртұтас болып «тұрғындардың киімі де, жазуы да, тілі де барлық жерде бірдей болды». Астанасы Тоқмақ маңындағы Суяб қаласы, ал, жазғы тұрағы Түркістан маңындағы Мыңбұлақ жайлауы болды. Алайда, Түркістан өлкесін VIII ғасырдың басында Түргештер қағанаты басып алды (702-756 жж.). Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия арабтар шапқыншылығына ұшырады. Дегенмен, Сыр бойы қалаларын исламға енгізуге көп күш жұмсалды. Соңғы жорықтар Ахмет Ясауидің бабалары Ысқақ баб, Әбд ар-Рахым баб, Әбд әл-Жәлил бабтардың тұсында
(766-780 жж.) өтті. Олардан қалған «Насабнама» нұсқаларында жергілікті халықты мұғ және тарса дініндегілер деп бөледі, мұндағы «мұғтар» – отқа табынушы зардушт дініндегілер, ал, «тарса» деп несториан бағытындағы христиандарды атаған.

Міне, осылайша Түркістан жазирасы мен ондағы қалалар б.з.д. ІІІ ғасыр мен б.з. IV ғасыры аралығында Қангүй, V-VI ғғ. Ақ ғұндар, VI-VII ғғ. Түркі, Батыс Түркі, VII-VIII ғғ. түргештер, IX-XI ғғ. Қарлұқтар, Саманидтер, Оғыздар, XI-XII ғғ. Қараханидтер мемлекетінің құрамында болса, XII ғ. Салжұқтар (оғыздар) мен Қарақытайлардың вассалына айналды. Ал, XII ғ. аяғынан XIII ғ. бірінші ширегіне дейін Хорезмшах мемлекетінің қол астына өтті. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың қорытуынша, «Түркістан сөйтіп соңғы бір жарым мың жыл бойы теріскей Еуразиядағы... саяси-идеологиялық метаморфозалардың шет аймағында емес, кіндік өрісіне айналды. Оған бұл атырапта түркі нәсілінің қалыптасуы мен мұсылман дінінің көшпенді қауымдар мен далалық аймақтарға тарауына еткен жетекші ықпалы себепші болды.

Түркістанның мұндай маңыз иемденуі, негізінен, оғыз мемлекетінің күшеюіне ықпал етті. Мехмед Нешридің баяндауынша, Оғыз хан жақтастарымен Түркістанға келіп, Иасы деген жерге бекінген. Түркістан атырабын алғаннан кейін түпкілікті жеңіске жете бастайды.

Сөйтіп, Алтайдан бастап Балқанға дейін созылатын түріктер елінің атын әлемге жайған ежелгі Қарашық, қазіргі Түркістан маңынан жан-жаққа тараған оғыздар болды. Оғыздар екі тарихи процеске бастамашылық етті. Олар теріскей Еуразияның едәуір бөлігінің түркіленуінің және мұсылмандануының тездетушісі болды. Бұл процестердің өрбіген кіндігі оғыздардың рухани астанасы болған қазіргі Түркістан атырабы еді».

Өз хикметтерімен Құранды түркі тілінде сөйлеткен Қожа Ахмет Ясауи бабамыз көшпенділердің де, отырықшылардың да көкейінен шығып, жан-дүниелерін қинаған сұрақтарына жауап таба білді. Жергілікті дәстүрлік діни нанымдар мен әдет-ғұрыптардың тамырына балта шаппай-ақ оларды өзіне жақтас етіп алып, исламның жаңа қырларын ашып көрсетті. Көзі тірісінде-ақ бүкіл түркі жұртына рухани ұстаз болған бабамыздың жолын шәкірттері қазақ жерінің түкпір-түкпіріне таратты.

Монғол мемлекеті ұлыстарға бөлінген кезде Түркістан жазирасы да қалаларымен бірге Шағатай ұлысына өтті.

XIV ғасырдың жетпісінші жылдары Ақ Ордаға қарайтын Сыр бойы қалаларын Әмір Темір өзіне қарату әрекетін бастады.

1404 жылы Темір өзінің ұлдары мен немерелеріне басып алған жерлерін бөліп берді, Түркістан жазирасы Ұлықбектің еншісіне тиді.

XVI ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарының соңында Сыр бойы қалалары үшін күрес қазақ хандары мен шәйбанидтік Ташкент, Бұқара билеушілері арасында өтіп жатты. Бұл күресті қазақ хандары Тахир, Хақназар, Шығай, Тәуекел және Есім хандар басқарды, ақыры 1598 жылы Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Самарқанды басып алды. Тәуекелдің ісін әрі қарай жалғастырған Есім хан XVI ғасырдың соңында Яссы – Түркістанды Қазақ хандығының астанасы ретінде бекітті. Осыдан бастап Сыр бойының 32 қаласы 200 жыл бойы (1598-1798 жж.) Қазақ хандығының қол астында болды, ал, Түркістан қаласы қазақтың қара шаңырағына айналды.

XVI-XIX ғасырлардың аралығында қазақтың 19 ханы Түркістанды астана етті. 21 ханы кесене мен оның айналасына жерленді, мұнан басқа 8 сұлтан, 14 би мен 50-ден аса батыр мәңгілік мекенін осы жерден тапты. Осы уақыт аралығында Түркістан елдің саяси да, экономикалық та, рухани да орталығы бола алды, ал, кесене қазақ халқының игі жақсылары жерленетін Ұлттық пантеонға айналды. Исламда мұсылмандықтың бес парызы болса, қазақтар үшін Түркістанның киелі топырағына, ұлы бабалар әруағына бас иіп, зиярат етуі алтыншы парыз болып қалыптасты.

Кезінде Мағжан ақынның «Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің тәңір берген несібі ғой» деп неге жырлағаны өз-өзінен түсінікті болды. Мұның себебін Әбіш ағамыз былайша түсіндіреді: «Түркістаннан тарап жатқан тарихи тамырлар, имандылық желісі, елдік татулық, ұлттық ынтымақ рухы ұлан-ғайыр жазираларда шашырап жүрген қандастарымыздың бет-бетіне шашылып кетпей, еншіміз бөлінбеген бүтін жұртпыз деп сезінуінің бірден-бір негізі болды.

Тәуелсіздікке қолы енді жеткен еліміздің де бірден-бір ұлттық мүбәрагі – Түркістан».

Яғни 2000 жылдан аса тарихы бар киелі Түркістан шаһарын бүкіл Түркі жұртының рухани орталығы, атақонысы, бүкіл қазақтың қара шаңырағы және Қазақстан қалаларының анасы десек, қателеспейміз!

Марат ТҰЯҚБАЙ, тарих ғылымдарының кандидаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ