Руханият 0 пікір 0 лайк

Жетпіс – желең

Шілде 16 / 2018

 

Қайырғали МЕДЕТ (Әңгіме)

Айжан өмірлік қажеттерге орай көп қабатты үйдегі пәтерін сатып, кепе үйге көшіп келгелі қонағы да көбейгендей. Бес қабатты үйде көршілер пәтерге бас сұқпақ түгілі, бас изесуге де сараң еді. Ал, мұнда жеке үйлер бірінен-бірі едәуір қашық салынса да, бір айдың ішінде ұзын-сонар көше тұрғындарының жартысына жуығы Айжанның жиып үлгермей жатқан кепесіне «қоныс құтты болсын» айтып бас сұққаны былай тұрсын, кейбірі ырғала-жырғала әңгіме өрбітіп, шай-пай ішіп кетуге де уақыт табуда.

 

Сондай кезекті қонақтың бірі жылыұшырай қарады. Жүзі таныс. Бірақ, Айжан оны қайда көргенін есіне түсіре алмады. Ізет қылып «төрге шығыңыз» деді. Дастарқан басына жайғасқан соң бет сипай бата қылған ақсақал:

– Айналайын, қоныс құтты болсын! Біздің бұл ауданның суы, газы дегендей бітпеген шаруасы көп болғанымен, жақсы. Көп мәселені мен өзім шапқылап тындырып берем. Ел-жұрт риза оған... Иә, өзіңнің де қызмет бабында бірнеше мәселеге қолғабыс жасағаның есте. Мен Дәурен ағаңмын ғой, ұмытпаған шығарсың? – деді.

– Жо-жоқ, неге ұмытайын, – Айжанның есіне бұл ақсақал еміс- еміс түскендей болды.

– Көршілерге де айттым, «бұл келіншек ескі танысым» деп. Отбасың көрінбейді... – Дәурен ақсақал екі бөлменің ішін көзімен тінткілей қарады.

– Екі балам да Астанада. Тұңғышым жұмыста, кішісі мектепте оқиды. Мұнда бір өзім, – деді Айжан амалсыз жауап бере.

– И-и...отағасы жоқ па еді?! – қазымыр Дәурен қазбалай түсті.

– Иә, сөзіміз жараспады. Сосын ажырасып тынғанбыз...

– Е, бопты. Мен де жалғызбастымын. Кенже ұлмен тұрған аты болмаса, әркім өз шаруасымен кетеді. Шүйіркелесіп сөйлесетін де адам таппай қаламын кейде... Мына «Жерім қоршалмады, су тартылмады» деп сен қам жеме. Өзім көмектесем, осындамыз ғой. Жалғыз әйел адамға бұл ауырлау болар, Құдайға шүкір, еркек деген атымыз бар дегендей...

– Рахмет, аға, қоршауға әзірге асығыс жоқ. Егіп жатқан егінім жоқ, мал түседі дейтін. Ал, су тасу шынымен алыстау екен, – деді Айжан тұрмыстық мәселелер қозғаған соң. Бірақ, Дәурен ағасының жүрек түкпіріндегі жылт еткен үмітін байқап қойды. «Мына шалың сөз салудан кет әрі емес қой. Екпіндеп емексіп бара жатқанын қарай гөр» деген ішкі ойын жасыра, – қажет кезде айтармын өзіңізге, – деп қойды.

– Өзім де хабарласып тұрам ғой. Үй арасы да таяқ тастам жер дегендей...

– Жарайды, аға. Қала жаққа түсіп шығар шаруам бар еді, айып етпесеңіз, – Айжан жайбарақат жайғасып отырған ақсақалға қозғау салды.

– Е, бопты. Кіріп тұрам ғой, – деп Дәурен ақсақал орнынан еріне қозғалып, далаға шықты.

Арада жарты сағат өтпей, сыртқы есік тағы да тықылдады. «Жаңағы шал бірдеме айтуды ұмытып кетіп, қайта оралып тұрмаса де». Ойлана барып есік ашты.

– Амансың ба, қарағым. Қонысың жайлы болсын, – деп таяққа сүйенген, екі беті нарттай қып-қызыл, орта бойлы сары кісі ай-шай жоқ үйге ене берді. Айжан оған да дастарқан жайды.

– Мен, шырағым, осы көшедегі бақуатты адамдардың бірімін. Ныспым – Дарабай. Кемпірім о дүниелік болғанына жылдан асты. Марқұм жақсы адам еді. Туралап келген ажалға ақша араша бола алмайды екен. Емдетпеген жеріміз қалмады. Жабысқан кесел ақыры алып тынды... Содан сопайып қара басым қалдым. Жетімсіреп жүрген жай бар, қарағым... Сыртыңнан байқап жүрмін, сен де жесір қалған сияқтысың?! «Жасы бір құрдас емес, заманы бір құрдас» деген, – тоқтаусыз өзі ғана сөйлеп отырған Дарабай қария Айжанға сығырайған көзінің астымен барлай қарады.

– Жоқ, аға. Жесір емеспін, жалғызбастымын. Нақтысы, отасқан күйеуіммен заңды түрде ажырасқанмын. Айжан қытымырлана жауап қатты. «Қаланың қағынған шалдарының көзіне сүйел болдым-ау осы. Кіл кәрі бойдақтар жағалап кетті ғой» деген ой қылаң берді.

– Е-е, жөн-жөн... Бүгінде жақсы жар табу да еркекке қиындап кетті ғой. Көп еркек содан ынжық боп алды. Өзіміз кезінде... ой-хой, шіркін...

– Аға, мен жұмыс жаққа шыққалы жатыр едім. Кешірерсіз. Көрші екенбіз араласып тұрармыз деп ойлаймын, – деді Айжан қарияны әдейі дәмелендіре.

– Дұрыс-дұрыс, қолымыз бос дегендей... Ә, әлгі Дәурен не деп жүр? Жұқсыз неме, оның сөзіне көп сене берме. Ақшаңды анау деп, мынау деп қағып кетуге бейім тақыр кедей. «Көрпесіне қарай көсілмейді» ғой ол неме.

– Ол кісі де құтты болсын айта келіпті. Жақсы аға, – деп Айжан өзінің асығыс екенін қарияға құлаққағыс еткендей болды.

*  *  *

Жұмыс орнында біраз шаруаны алдын-ала бітіріп тастауды ойлады. Сөйтіп, демалыс алмаса, соңғы кезде кәдімгідей шаршап жүр. «Кедей болсаң, көшіп көр» деген, үй тірлігі де бітер емес. Бәрін реттестіріп болса, балаларына барып қайтпақ.

«Бала – бауыр етің» демекші, перзенттерін қатты сағынды. Әйтеуір жас босанған келіні олардың ас-ауқатын уақтылы беріп отырғанына көңілі тоқ. Сонан кейін қолға еркін ұстауға әлі келе бермейтін шақалақ немересінің тәтті иісі танауынан кетер емес. Ол иісті де біртүрлі аңсайтын сияқты. Барып иіскеп қайтса, мауқы басылатындай болады да тұрады. Соған асық.

Жұмыс күнінің соңына қарай көптен таныс әрі әртүрлі мәселелерді сылтау етіп жиі соғатын Тұрсынбек ағасы келе қалды. «Ту, осылар-ақ үйлерінде тыныш отырмайды екен. Уақыт жоқта қолбайлау болатын болды» деп ойлады ол. Бірақ, онысын сездірмей, жылы амандасты. Көрші ақсақалдар жетпісті желкелесе, Тұрсынбек ағасы сексеннің сеңгірінен асқалы да бес-алты жылдың жүзі болып қалған. Сонда да ұзын бойын тіп-тік ұстап, сықиып киініп, мойына галстук байлап алады. Ол кісінің де кемпірі дүниеден қайтқан. Бірақ, көңілі жігітшіліктен кет әрі емес сияқты, кім білсін. Әйтеуір, қыз-келіншектермен әңгімелессе, еміреніп тұрады.

– Айжан-ау, түрің шаршаңқы көрінеді ғой. Мына жаман ағаңда ақша жетеді. Мақұл десең, екеулеп жұрт қатарлы шетелдің біріне демалып қайтсақ қайтеді, – деді сөз арасында.

– Ой, ағай, қойыңызшы. Сосын жұрт не дейді? Сіздің де әзіліңіз қызық, – деді Айжан оның сөзін қалжыңға балап.

– Жоқ, Айжан-ау, бұл қалжың емес, шын ниетіммен шақырып отырмын. Екеуміздің де басымыз бос емес пе?! – Тұрсынбек қария ағынан жарылды. – Керек болса, екеуміздің сөзіміз де, өзіміз де жарасамыз. Онда тұрған не бар екен?

– Ой, ағай, сіз де айтасыз. Сіз менің әкеммен жастысыз ғой.

– Сен де үлбіреп тұрған жас емессің ғой. Еркек пен әйелдің арасында жас санаспайды. Құдайға шүкір, бақуаттымын.

– Жарайды, ағай, бұл әңгімемізді осымен доғарайық.

– Бәрібір ойлан, – деп Тұрсынбек қария есікке беттеді. – Қазір ашуланып отырсың ғой. Оңашада қабырғаңмен кеңес.

Ол кісі кеткен соң Айжан өзінен-өзі қарқылдап күлді. «Бұларға не болған, бір күнде жетпістен асқан үш кісі сөз салғандай болды. Құдай-ау, сонда өзіммен құрбыластар қайда? Әлде олардың батылдары жетпей жүр ме? Әйелсіз жүрген бірнешеуін білемін. Бәлкім, олар ар-ұяттан аспайтын шығар. Ал, мыналардың дәмелері зор. «Шал да бір бала» деуші еді әжем. Сол рас-ау» деп ойлады сосын. Мұнан әрі жұмыста да отырғысы келмей, тезірек далаға шығып, жападан-жалғыз көше кезіп қыдырғысы келді.

*  *  *

Кезекті еңбек демалысын алып, балаларының қасында арқа-жарқа болып, үйіне жақсы көңіл-күймен оралған Айжанды көше тұрғындары әжептеуір сағынып қалғандай қарсы алды. Кейбірі, тіпті, үйлеріне шайға шақырып та жатты. Бұл олардың ыстық ықыластарына ризашылығын білдіріп, өз шаңырағынан ешқайда шыға қоймады. Ертелі-кеш көршілерімен көбіне есік алдында сөйлесіп жүрді.

Күн жексенбі. Ұйқысын қандырып, түске таман оянып, шай ішіп алмаққа отырғаны сол еді, Дәурен ақсақал келе қалды.

– Е, айналайын, көрінбей кеттің ғой?! – деді салған жерден.

– Еңбек демалысында болдым. Бала-шағама бардым.

– Е, мауқыңды басып қайтқан екенсің ғой, жөн-жөн.

– Иә, төрлетіңіз, таңғы шайді түсте ішкелі жатырмын, – деп Айжан ол кісіні дастарқанға шақырды.

– Түнеукүні бір табын қара мал осы сенің есігіңнін алдын жайлап алыпты. Аулағырақ айдап салдым. Бір қоршау керек-ақ екен. Сонда ағаш-пағаш егіп, бау жасап қоюға болар еді. Су мәселесін де ұмытпай, қайта-қайта әкімдікке барып келісіп жүрмін. Қымбаттау айтты, «болмайды, басқаша амал қарастырыңдар» дедім. Әзірге көнгендей болып тұр, – Дәурен ақсақал тізе бүгіп жайғасқаннан Айжанға есеп бергендей тоқтаусыз сөйлеп отыр. Түрлі әңгімелері де жиылып қалыпты.

Айжан ұсынған ыстық шайді терлеп-тепшіп отырып сораптады.

– Ой-бу-у, намаздың уақыты болып қалыпты ғой... Сен де сәждеге бас қойып па едің? – деді кенеттен орнынан көтеріле.

– Иә, – деді Айжан.

– Ой, айналайын, онда намазды екеулеп оқи салайық. Сонау үйге жеткенше... дәретсу болса...

– Кәзір, дайындап жіберейін.

– Сәл ыстықтау ете бер, – деді ақсақал кебісін киіп жатып еркін сөйлеп.

Дәрмен ақсақал жылы су құйылған құманды көтере үйдің артын айнала бергенде, қарсы беттегі қырқада қаны бетіне теуіп Дарабай қария отырған еді. Ол ызадан қолындағы асатаяғын ары-бері айналдыра берді.

Дәретін алып болған Дәрмен ақсақал ішке енгені сол еді, оның қолындағы қара құмғанды іліп алып, енді Айжан үйін айналып кетті. Көзі шарасынан шыққан қырқадағы Дарабай қарияның тіпті дегбірі қашты. Жайшылықта аяқ-қолы, сүйектерінің ауыратынын, көптен жабысқан құяң ауруын сылтау етіп, орнынан ыңырси әрең көтерілуші еді. Ал, қазір лып етіп орнынан қалай көтерілгенін өзі де байқамады. Айжанның үй жағына қадалған қалпы «оп-по, мен кеш қалдым-ау, осы!» деді сосын өз-өзіне естірте. «Пәлі, Дәрмен кім, Дарабай кім?! Бірақ, анау қу неме тіл-жағына сүйеніп, келіншектің тілін тауып қойған болса ше?.. Екеуінің алма-кезек құман көтерулері жаман... Сонда да болса, Дәрмен қу кеткен соң, мен де барып сұлу келіншектің тамырын басып көрейін. Қанша дегенмен еркек емеспін бе?!» Көңіліне үміт ұялаған қалпы сылқ етіп қайта отыра кетті.

Бұл кезде Дәрмен ақсақал мен Айжан бесін намазын оқып жатқан еді.

Әлден уақытта Дәрмен де үйден шықты-ау ақыры.

Дарабай оны көзімен ұзатып шығарып салды да, оң қолымен жер тірей орнынан тұрды. Таяғын беліне көлденең қойып, екі қолын одан асыра іліп алды да, баяу адымдады. Бағыты – Айжанның кепе үйі. Сол сәтте Айжан есік алдына шығып, күйбеңдеп әлдене істеп жүрген. Алыстан өзіне қарай келе жатқан Дарабай қарияны байқаса да, көрмеген болып шаруасымен айналыса берді. Бір ойы «менде не жұмысы бар» деп те қойды. Бірақ, қателескен еді. Дарабай қария тіке мұның есігінің алдына келіп кілт тоқтады. Сосын Айжанды өзіне қарата қақырынып қойып:

– Қарағым, амансың ба? – деді. – Көрінбей кеттің ғой. Ай бойы өзіңді көрмей, іздеп қалдық, – деп Айжанға жақындай берді.

– Демалыста болдым, ел жақта, – деді Айжан селқос үн қатып.

– Жөн-жөн... Осында сөйлесеміз бе, әлде үйге шақырасың ба?

– Кіріңіз, кіріңіз. Үлкен кісіні үйге шақырмау әдебімізге де сай емес қой... Мен қазір есікті ашып жіберейін. – Мұндай сөз күтпеген Айжан қариядан ыңғайсызданып қалды. Сосын сыртқы есікті айқара ашып, жол берді.

– Әңгіменің турасына көшейін. Өткенде шет жағасын айтып едім. «Екі жарты, бір бүтін» болайық. Кішігірім тойханада отыз шақты адамға дастарқан жаямыз. Көп адам шақырған ұят болар, жас жұбайлар емеспіз. Некемізді осы жердегі мешіттің имамы қияды. Келісіп қойдым. Сосын біздің үйде тұрамыз. Ал, мына сенің кепеңді пәтерге бере саламыз. Жалдамалы жай іздеп жүргендер көп қой. Төрге жайғасқан Дарабай қария Айжанға бірден анау-мынау деп орағытпай, мына жасқа жеткенде жаралы күйге түскен жүрегін ұсынды. Бірақ, кеселге ұшыраған ләкәр жүрегінің махаббат сезіміне селк етпей, тас боп қатып қалғаны қалай?! Сезімге булыққан еш лүпіл байқалмайды. Сонда да болса, көңіл түкпіріндегі бар сырын жайып салды. Болашақ жоспарымен де таныстырып үлгерді. Айжан аңтарыла тыңдап отырды да:

– Аға, жалғызбасты болсам да, өз теңімді тауып алғам. Сіз кеш қалдыңыз! – деді ашуға булыға жалған сөйлеп.

– Не дейді? Теңің әлгі Дәрмен неме ме? Соның сені жағалауы жаман еді...

– Жоқ. Ол сіздерден әлдеқайда жас. Дәрмен аға да кеш қалды. Оны өзіне де айттым. Енді мені мазаламаңыздар, сөз салып... – деді де Айжан орнынан тұрып кетті. Мұнан әрі отыра беруді жөн санамаған Дарабай қария да амалсыз орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды. Айжан ренжіген адамдай теріс қараған күйі тұра берді. Қария сыртқа шығып кетті.

«Осылай етпесем, бұлардан құтылар түрім жоқ қой, жүдә. Жастық шағын сағынғанда әжем «Ілгеріде алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған кезде қыз-қырқынға жігіт-желең қырғидай тиюші еді. Содан бірінен соң бірі той болатын» деп отырушы еді. Ал, мына кісілер жігіт-желең емес, жетпіс-желең ғой шетінен. Жетпіске жетіп желіккендер... Бұларды да түсінуге болар. Бірге қартаяр кемпірі болса, бұлай желікпес еді-ау... Жетпіске келген кемпірлер желігер ме еді?! Әй, қайдам... Адамдар қартайған соң өмірден сыңар іздемей-ақ қойса болар... Бар өмірін бірге өткізген сыралғы боп қалған қосағына бәрібір ешкім жетпейді ғой. Көңілді алдағанмен, жүректі алдай алмайсың. Сезімге әбден маталған жүрек шіркін, өмірде бір-ақ рет махаббат буына тұншығып жібісе керек. Олай болмаса, қалғаны бос әурешілік. Бәрібір дүниеге жалғыз келіп, жалғыз кетесің ғой... Бұл жаратылыс заңы емес пе?!»

Айжан ой құшағына шырмалып отыра берді...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ