АҒЫЛШЫННЫҢ түсіне... ХОРВАТ кіреді

Шілде 16 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қашан да тәкаппар қалпынан танбайтын, айналасына астамси қарайтын ағылшындар өздерін футболдың отанымыз деп есептейді. «Әлемге доп тебуді үйреткен біз» дейді. Бірақ, кешегі сәрсенбіден бейсенбіге қараған түнде футболды қалай ойнау керектігін ағылшындарға хорваттар көрсетті. Және қалай көрсетті десеңізші, келесі мундиальға дейін өздерін ағылшындардың түсінен шықпайтындай қылды. Қазір «әр ағылшынның түсіне хорват кіреді» деп бейнелей айтсаңыз, әлем оны тура мағынасында қабылдайтындай күйде.

 

Хорватия – осы мундиальда алаңда ең көп уақыт өткізген команда. Олар қазірдің өзінде жасыл алаңда 630 минут доп тепті. Топтық турнирдегі 3 ойын мен 3 рет экстра таймға созылған плей-оффтық бәсекелерді есептесек, осындай цифрға тап боласыз. Ал, жартылай финалдағы Англияға қарсы өткізген ойынындағы драмаға толы көңіл-күйді ең талантты деген драматург та дәл осы күйінде жеткізіп бере алмас еді. Тіпті, жарақат алған ойыншылары бас бапкерден өзін алмастырмауын өтініп, «өлсем сүйегім осында қалсын!» дегенді көздерімен ұқтырып тұрды.

Мундиаль басталмай тұрып «Хорватия құрамасы финалға шығады» деген біреуді кездестірсек оны ойланбастан есі дұрыс емес адамдардың қатарына жатқызған болар едік. Ал, «шақпақ жейделілер» ондай ертегіні шындыққа айналдыра білді. Олардың мықтылығы да сонда!

Хорватия – Англия ойыны 80 мың адамға лайықталған «Лужни-ки» стадионында өтті. Стадиондағы қадірлі қонақтар арасынан ФИФА президенті Джанни Инфантино, Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Хорватияның премьер-министрі Андрей Пленковичті көзіміз шалып қалды. Ал, «Ресейдегі ӘЧ-ға бойкот жариялаймыз. Тіпті, ашылу салтанатына да қатыспаймыз» деген Англия билігінің өкілдері бұл матчта төбе көрсеткен жоқ. Бәлкім, жеңіп тұрып жеңілгенді көргеннен төбе көрсетпегендері де дұрыс болған шығар...

Түрік төрешісі Жунейт Чакырдың ысқырығы естіле сала ағылшындар хорваттардың қақпасына лап қойды. 5-минутта Деле Аллиға қарсы ойын ережесі бұзылып, ағылшындар 17-18 метрдей жерден айып добын тебуге мүмкіндік алды.

Бірінші тайымның алғашқы минуттарында «Тоттенхэм» қорғаушысы Киран Триппьердің тепкен добы хорваттардың жібек торлы қақпасында тулап жатты. Бұл допқа Субашич қанат байлап алса да жете алмайтын еді. Жылдам гол салып алған ағылшындар сосын ойын мәнерін өзгертіп, Кейн мен Стерлингті ғана алға жұмсады. Қос шабуылшының жылдамдығына үміт артып, тек алыс пастармен ойнады. Бірінші таймдағы Хорватия құрамасының баяу ойынына қарап, жеңісті британдықтарға беріп қойғанымыз да рас еді. Модричтің де, Манджукич-тің де ойындарынан мән қашқанда хорватиялық жанкүйерлердің өзі үмітін үзіп алғандай еді.

Екінші таймда алаңға мүлде басқа Хорватия шықты. Алаңның ортасында допқа иелік ету тәкаппар ағылшындарға мұң болып қалды. Оған себеп аса қырағы Модрич пен Брозовичтің сауатты ойындары еді. Осы екі жампоздың арқасында «Еуро – 2016» турнирінде хорваттардың сүйікті ойыншысына айналған Иван Перишичтің екінші тынысы ашылғандай болды. Ойынның 68-минутында Врсалько әуелете асырған допқа өкшесін қоя салған Перишич жер бетіндегі бүкіл хорватты шат-шадыман күйге түсірді. Ал, ағылшындар осыдан кейін-ақ білгендерінен жаңыла берді. «Допты әйтеуір аулаққа тебумен айналысып жатқан басқалар емес,  ағылшындар» десе ешкім сенбес еді. Алайда, бұл нақты шындық болатын... Сондай сәттердің бірінде доп тағы да сол Перишичтің аяғынан табылған. Ол бір қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға соққы жасады. Қақпашы Пикфорд допты қайтаруға құлшына секіргенімен, қайтара алмады. Тек доптың қақпаға кіруге құлқы болмады. Құлқы болғанда қақпа бағанасына тиіп, кейін серпілмес пе еді?! Осы шабуыл голға айналғанда Перишич Хорватия қаһарманына айналар еді. Есесіне, Хорватияның батыры атануға Манджукич мүмкіндік алды. Экстра таймның өзі түгесілуге шақ қалғанда англиялық  қорғаушылардың ту сыртынан пайда бола кеткен ол Пикфордқа титтей де мүмкіндік қалдырған жоқ. «Лужники» стадионына Англияны қолдауға келген 10 мың жанкүйердің көзі шарасынан шығып кете жаздады, ал, ол уақытта Загреб қаласы тойлауды бастап кеткен еді.

Ия, Хорватия құрамасы осы мундиальдың ең үлкен сенсациясын жасады. Хорватия өз тарихында ӘЧ-ның финалына тұңғыш рет шығып отыр. Олардың әлем біріншілігінде қол жеткізген ең үлкен жетістігі – 1998 жылғы мундиальда жартылай финалға дейін жетуі. Сол чемпионаттың жартылай финалында алаң қожайындары Францияға ұтылып қалған еді. Енді сол жеңілістің есесін қайтаратын сәт те туған сыңайлы. Хорватия финалда Франция құрамасымен күш сынасады.

Кіл «жұлдыздардан» тұратын Франция құрамасы өз тарихындағы екінші чемпиондық атаққа қол жеткізе ала ма? Жоқ, әлде Хорватия өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атана ма? Бұл сұрақтың жауабын біз осы жексенбіде анықтаймыз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ