Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Бейнет – диқандікі, пайда…

Шілде 12 / 2018

 

Қазір Шымкент қаласындағы базарларда Жетісай, Шардара қаласының қауын-қарбыздары мен Сарыағаштың жылыжайында өскен қызанақтар толып тұр. Бірер апта бұрын қызанақтың бір келісі 150-200 теңгеден саудаланса, бүгін олардың бағасы 80-50 теңгеге дейін төмендеген. Сондықтан тауардың молдығы мен аздығына байланысты базардағы баға да күн сайын құбылып тұрады.

 

«Қырғы базар» неге арзан?

Жалпы, көкөніс шілде айының ортасынан ары қарай таза піседі. Өткен аптада Шымкент қаласындағы «Карл Маркс» аялдамасындағы көтерме сауда базарында Жетісайдағы плеенка астында піскен қауындардың келісі 200 теңгеден сатылса, қазір ол – 180-150 теңгенің айналасында. Ал, әуелде 150 теңге болған қарбыздың келісі 50 теңгеге түскен. Қауынның қымбат бағалануы әлі толық піспеуінен болса керек. «Қауын мен қарбыздың екінші, үшінші терілімнен келгенін қорықпай жеуге болады. Алғашқыларына дәрі көп беріледі» дейді сатушы. Енді 10 күннен соң ашық далада піскен қызанақтар базар сөрелерінен табылмақ.

Көтерме сауда орнында картоп-пияз сатып тұрған Нұржан есімді сатушы өнімді егіс басынан алып, жолға шығындалғаннан гөрі екі ортадағы делдалдан алған тиімді деп есептейді. Алайда, біразы шаруаның өзімен тікелей байланыс жасағанды құп көреді екен. Ал, «Қырғы базардағы» сатушы Бибігүл Исақызы ең ауыр жұмыс диқандікі дейді. «Олар ерте көктемнен қыбырлап жер жыртып, дақылды егіп, оны сәбидей күтіп-баптайды. Сол еңбегі бірде ақталса, кейде өзінің шығынын да жаппай қалады. Жер баптаудың шығыны шаш етектен. Дайын өнімді делдалдар көтерме бағамен алып, бізге үстіне ақша қойып сатады. Таңертеңнен тұрып, көтерме сауда орнынан тауар әкелуге денсаулығым жарамайды. Сосын осында жеткізіп бергендерден аламын. Демек, тауар маған жеткенше үш қолдан өтеді» дейді ол. Сатып отырған қызылшасы Келес жақтан, сәбіз бен пияз Ташкенттен келеді екен.

Қала және жақын маңдағы ауыл тұрғындарының көпшілігі бағасы төмендеу деп осы базарға үйреніп қалған. Шынында мұндағы баға басқа жерлерге қарағанда едәуір төмен. Тіпті, кейбір саудагерлер қызанақты 50 теңгеден де беріп жіберіп жатыр. Қиярды – 80-130, баялдыны – 70, болгар бұрышының келісін 200 теңгеден өткізуде. Алайда, мұнда сауда жақсы жүргенімен, жылыжайларда піскен қызанақтардың өтіп кетуі басқа дақылдармен салыстырғанда төмендеу. Сатушылардың айтуынша, қызанақ қазір арзан. Дегенмен, тамыз айының басында жұртшылық жаппай салат қайнататын уақытта ол азайып, қымбаттайтын көрінеді. Сары өріктің келісі 150-200 теңгеден болып тұр. Алхоры – 150, шабдалы – 500, алша – 300, алма – 100-300, қырыққабат – 100 теңгеден болса, тұт – 700, таңқурай – 800, шие 200 теңгеден сатылуда. Ал, жұдырықтай әңгелек – 100 теңге. Сәбіз – 150, пияз бен картоптың келісі 100 теңгеден. Тауар көбейсе аяқ астынан баға да түсіп кетеді. Оның үстіне қалаға жақын ауылдардан ауласындағы өрік, шиелерін теріп әкеліп, уақытша сатып тұрғандар да бар.

 Ал, «Самал» базарында қызанақ – 150, қияр – 130 теңге. Басқа өнімдерде де жоғарыдағы бағадан едәуір айырма бар.

«Қырғы базар» сыртындағы кейін салынған сауда нүктелері бей-берекет орналасқан. Көк-
өністің бағасы кіреберісте арзан болса, ішкері жақта қымбатырақ. Көпшілік аялдамаға жақын болған соң сырттан алып кете береді. Алайда, сол көпшіліктің өздерінің айтуынша, мұндағы заттар арзан болғанымен, таразыдан «ұрады». Өздігімізше мұны да тексеріп көрдік. 3 келі сары өріктен 500 грамм кем шықты. Қайсысымыздың қателескенімізді, қайсысымыздың алданғанымызды кім білсін...

Шаруа баласынан гөрі егінін көп уайымдайды

«Алаш» базарындағы қарбыз сататын қатардан көлігімен көтерме бағамен қарбыз өткізіп тұрған жігітпен жолықтық. Диқаншылықпен айналысатын ол он  жылдан бері көтерме бағада қарбыз сатумен шұғылданады екен. Мақсат Қыдырбайұлы кеше ғана егіс басынан  алған   қарбыздың  екі  тоннасын   70 мың теңгеге өткізіпті. «Саудагерлер қарбыздың келісін 30-35 теңгеден алып, үстіне 15-20 теңге қосады. Егістікте дақылдар бір уақытта пісіп, көбейіп кетсе баға түседі. Өңірдің диқандарына өнімін Алматыға барып сатудың шығыны көп, сондықтан олар да Шымкент қаласынан аса қоймайды» дейді ол.

– Жыл сайын қызанақ, қауын-қарбыз егемін. Шаруаның пайда көруі карта ойыны сияқты. Мақта, жүзім егуге бөлінетін субсидия қауын-қарбызға берілмейді. Қауын егу үшін шұрайлы жерді көктемнен күзге дейін 250-300 мыңға жалға аласың. Өнім піскенде айналамызда сатушылар көбейсе кеткен шығынды өтемесе де,  шіріп кетпеу үшін өткен бағасына береміз. Жетісай, Шардарадан мен сияқты делдалдар тонналап әкеліп  «Жібек жолы» базарына көтерме бағамен сатады. Биыл, мысалы, қырыққабаттан пайда көріп жатқан ешкім жоқ. Ерте піскеннің өзінде 1 гектарга 1,5 млн. теңге шығын кетсе, одан   біреулер – 20,   екіншісі – 30,   тіпті    15 тонна өнім алуы мүмкін. Қазір қарбыздың екінші піскендерінің 3 тоннасы 50 мың теңге болып қалды. Ал, 3 тонна қарбызды 15-20 сотық жерден өндіреді. 1 гектардан 30-35 тонна аласыз. Оны 3 тоннадан он рейс жасап қалаға әкелесіз. Әр «ГАЗельді» 50 мың теңгеге жалдайсыз да, өніміңізді 500 мың теңгеге сатасыз. Бірақ, диқанның қолында соның  150 мың теңгесі ғана қалады. Ерте көктемнен қос  қабат  плеенканың  астына   егу   үшін   1 млн. теңге жұмсаған шаруа оны сатып біткенде шығынын жапқанға қуанады, – дейді Мақсат бізбен әңгімесінде. 

Қауын-қарбызды егудің машақаты да көп. Ыстықта кетпен шауып, суарып, дәрілемесе құрт түседі. Көктемде ұрығын егіп, түбін қопсытатын кезде адам жалдайды. Диқанның айтуынша, балаңа қалай қарасаң, егініңе де солай қарайсың. Тіпті, балаң тұмауратып қалса, егініңді ойлағандай уайымдамайсың дейді.  

Мақсат өткен жылы 30 сотық жерге қызанақ егіп, 600 мың  теңгеге  саудалағанымен,  1 млн. теңге шығынды жаба алмаған. Биыл екі гектарға еккені қызарып тұр. Алынған өнім  800 мың теңге шығынды жапса болар еді деп отыр.  Сол үшін қазіргі базар бағасының төмен кезінде емес, жылыжайдағы қызанақ науқаны аяқталған соң, 10-15 күнде базарға шығармақ. Былтыр қызанақтың қорабы  250 теңгеге дейін түсіп кетіп, жол шығынын ғана жауыпты. Оның алдыңғы жылы келісі 280 теңгеге дейін қымбаттап, едәуір пайда тапқан екен. Тамызда Қордайдың, Жамбыл облысының қызанағы келіп, ол Жетісайға дейін сатылады. Олардың сорты үлкен болғандықтан, жергілікті қызанақ өтпей қалатын көрінеді. Шаруаға осының бәрі уайым.

Қауын-қарбыз жейтін кез енді басталды

Делдалдың да жұмысы оңай емес. Өнім Жетісайдан тонналап сатып алуға қолайлы бағада бірден кездеспейді  екен.  Оның  үстіне  дақылының  пісуіне  әлі  1 апта бар диқандар бағасын жоғары пұлдаса, өнімі пісіп, мерзімі өтіп бара жатқандары келіскен бағасына сатады. Ол жақтан қымбат алып келсе базардағылар арзанға сұрайды. «Жібек жолындағы» базарда тез өтеді, ал, «Карл Маркстегі» көтерме сауда орнында бір «ГАЗель» қарбыз 3 күн тұрып қалады. Картоп сияқты ұзаққа шыдамаған соң арасында  шығыны да болады. Сондықтан Мақсаттың да қалтасы біресе жұқарса, біресе қампаяды. Тегін жатқан дүние жоқ. Сосын маусымның ішінде піскен қарбыздарға дәрі көп қосылғандай көрініп, күдікпен қарайтынымыз тағы рас. Диқан да ерте егілетіндерінің көлемі үлкен болу үшін дәрілеп, селитраны да көп қосатынын мойындайды. Дәрілемесе құрттап, еңбектің зая кететіні тағы бар. Дәу қауын мен кішкентай қауын қатар тұрса, тұтынушы үлкенін алғысы келеді. Бірақ, екінші, үшінші терілімдерге көбіне тек су салып, дәрі аз берілетінін білетіндердің көпшілігі айтады. Екінші терілім шілденің басы мен ортасына тура келеді. Сондықтан мүмкіндігінше шілденің орта тұсынан  кейін піскен қауын-қарбызды алған дұрыс секілді.  

Міне, біз көрген Шымкент қаласындағы базар бағасы осы. Диқанның пайда көруі карта ойыны сияқты деп отырғанымыздың да себебі сол...

Динара БАЛҚЫБЕКОВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ