Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Шілде күшіне мінді

Шілде 12 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Биылғы шілденің ыстығы Дулат Исабеков айтпақшы, «қара қарғаның миын қайнататын ыстық» болып тұр. Әсіресе, соңғы аптада сынап бағанасы 40-45 градустан түсер емес. Бұл, әсіресе, жүрек қан-тамырлары ауруына шалдыққан науқастар үшін өте қауіпті. Сол үшін мамандар сақтық шараларын барынша күшейтуге шақырады.

 

Жалпы, мұндай жағдайда не істеген жөн? Нендей азық-түлік тұтынған дұрыс? Қандай тағамдардан қауіптену керек? Шіліңгір шілдеде адамдар шыбын жанын қоярға жер таппай, жаппай суға түсуге асығады. Суға шомылғанда қандай ережелерді ескерген жөн? Біз бүгін осы бір қарапайым, бірақ дәл қазіргі уақытта өте маңызды болып саналатын мәселе төңірегінде сөз қозғап отырмыз. Яғни арнайы мамандарды сөйлету арқылы сақтық шараларын тағы бір жаңғыртып қоюды құп көрдік.

Ыстық ауа райы тағамның ерте бүлінуіне әкеп соғатыны белгілі. Сол себепті тез бұзылатын тағамдардан барынша бас тартқан жөн. Кейде іштегі ыстықтың өзі түрлі инфекцияларды қоздырады. Сол себепті  аяқ астынан ауырып, «Жедел жәрдемнің» көмегіне жүгінетіндердің де саны айтарлықтай артып тұр. Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекованың айтуынша, өткен маусым айының осы мезгілімен салыстырғанда «Жедел жердемнің» қызметіне жүгінгендер жүз адамға дейін көбейген.

Мұздай суға түскенде қол- аяқтары тырысып қалатындар бар. Мамандар алдымен саусақтар тырыса бастайтынын айтады. «Мұздай су қанды сұйылтады. Содан денеде тырысу байқалады. Егер саусағыңыз тітіркене бастаса жағаға шығуға асығыңыз. Шамаңыз келмесе, жұдырығыңызды түйіп, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз. Бұл қолдың тырысуынан сақтайды» дейді Шардара аудандық судан құтқару мекемесінің аға құтқарушысы Сәкен Әбдіғаниұлы.

Әлбетте, жылы суға қарағанда суық су қауіпті. Суық судағы 5-10 минут қимылсыздық естен тануға, одан әрі өлімге әкеліп соғады. Есін жиғанның өзінде қайта талып қалуы мүмкін. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты ерлерге қарағанда әйелдер мұздай суға төзімдірек болады екен.

Алғашқы көмек қалай жасалады? Енді осыған аз-кем тоқтала кетейік. Дәрігерлердің айтуынша, алдымен асқазан судан босатылады. Одан кейін оттегі жетімсіздігін қолдан дем алдыру арқылы жояды. Ең тиімді тәсіл – «ауыздан – ауызға» немесе «ауыздан – мұрынға» ауа үрлеу. Басын барынша шалқайтып, бас бармақпен және сұқ саусақпен қатерге ұшыраушының мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 рет дем жіберу керек.

Міне, осылайша басқа өңірлермен салыстырғанда ауа райы біршама ыстық болып келетін оңтүстік өлкеде шіліңгір шілде күшіне мініп тұр. Мұндай кезде адамдардың тамаққа да тәбеті бола бермейді. Сонда да сақтанып, дәрігерлер айтқандай, майлы тағамдар мен алькоголдік ішімдіктерден барынша бас тартқан абзал. Есесіне, сүт өнімдері мен түрлі көкөніс жеуді көбейтіңіз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ