Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Төрт ауданның шекарасы бекiтiлдi

Шілде 12 / 2018

 

Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма жетінші сессиясы өтіп, онда қайта құрылған Жетісай, Мақтаарал,  Келес,  Сарыағаш аудандарының шекаралары бекітілді. Сессияға қатысқан депутаттар ше-шімнің жобасын бірауыздан мақұлдады.

 

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасымыздың қолдауымен екі ауданның бөлінуі халқы тығыз орналасқан аймақ үшін өте маңызды шара екеніне тоқталды.

– Өткен аптадағы Үкімет отырысында аталған аудандардың шекарасын бекіту туралы ұсынысымыз қабылданып, бүгін оны мәслихаттың сессиясында бекітіп отырмыз. Қайта құрылған Сарыағаш ауданының аумағы 417 мың гектарды құраса, Келес ауданының   шекарасы   345   мың   129 гектарды, Жетісай ауданының аумағы 104 мың 600 гектарды, ал, Мақтаарал ауданының көлемі 80 мың 760 гектарды құрайтын болады. Осыған орай аудан әкімдеріне тиісті жұмыстарды қолға алып, ұйымдастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, өңір басшысы облыс орталығы – Түркістан қаласына көшу бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, қыркүйек айында барлық басқармалармен бірге әкімдік аппаратының да Түркістанда болатынын жеткізді. Ол үшін осы шілде, тамыз айларында әкімдікке қарасты мекемелер мен мәслихат аппараты орналасатын ғимараттар дайындалатынын атап өтті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жоғарыда аталған жұмыстарды бірлесе атқарып, Түркістан қаласына көшуге біркісідей атсалысуға шақырды.

Сессия барысында бірқатар азаматтар «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Серікжан Сейтжанов, Есей Өркен, Әсет Қайыпбеков, Қайрат Сапарбаев, Мұрат Төлтебаев, Қайрат Сүлейменов, Бекасыл Төлендиев бар. Ал, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен  Рабиға Қуатбекова, Зуппархан Чалданов, Айнаш Сатиева марапатталды.

«Оңтүстік» - ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ