Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Мәселелерді Мәжіліс мінберінде көтеруге уәде етті

Шілде 12 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Наталья Жұмаділдаева Түркістан облысына келді.

 

Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутат жұмыс сапарын облыстық Ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілерімен, этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуден бастады. Сондай-ақ, ол Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттердің облысымызда іске асырылу барысын, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

– «Кез келген жақсы бастаманы оның нашар атқарылуы жоққа шығарады» деген тәмсілді бір ұстазым айтып еді. Осы сөз жадымда сақталып қалды. Елбасымыздың небір тамаша идеялары бар, соларды өз деңгейінде орындай білсек, көп нәрседе ұтамыз. Қазір әлем өте тез өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде барлық келеңсіздікті биліктің мойнына артып қойып, қарап отыруға болмайды. Әрбір азамат қоғамдық мәселелердің шешілуіне атсалысуы тиіс, – деді Н.Жұмаділдаева.

Депутатпен кездесудегі пікіралмасулар кезінде білім саласына қатысты мәселелер де тілге тиек болды. Облыстық кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак мектеп оқулықтары шәкірттерге тым ауыр екендігін, негізінде оқулықтың тілі жеңіл, мазмұны түсінікті болуы тиістігін қадап айтты. Бес пән бойынша сынақты үш жарым сағатта тапсырып шығуға мәжбүрлейтін ҰБТ-ның да мектеп түлектерін күйзеліске түсіретіндігі сөз болмай қалмады.  Өз кезегінде Наталья Васильевна бұл түйткілді мәселелерді Мәжіліс мінберінен көтеруге уәде етті.

Тоғыз күндік жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева Түркістан қаласында, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен, жергілікті тұрғындармен кездесулер және жеке қабылдаулар өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ