Мбаппені тұп-тура шабыт дерсіз!

Шілде 12 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы жылдары Франция мен финал сөзі егіз ұғымға айналып кеткендей. Екі жыл бұрын «қарт» құрлықтың біріншілігінде де үш жолақты елдің футболшылары финалға дейін жеткен. Баптары келіскенімен, бақтары шаппай ақтық сында Португалиядан ұтылып, өзектерін өкініш өртеген. Енді сол ащы жеңілісті ұмытатын сәт те туған сияқты. Алайда, сол бір жеңілісті ұмыту үшін 15 шілдеде Мәскеудегі «Лужники» стадионында жеңіске жету керек. 18 караттық алтын кубокты Парижге арқалап қайту керек. Сонда ғана кешегі күндердегі өкініштердің орны толады. Әлем чемпионатында бір рет топ жарған құрама екінші орынды ешуақытта жетістікке балаған емес!

 

Дидье Дешам шәкірттері ол жеңістің алғышарттарын жасап та қойды. Жартылай финалда Бельгиямен жолығады дегеннен Франция жанкүйерлері ұйқы дегеннің не екенін ұмыта бастаған. Басқа емес, күш сынасатын командаң Бельгия болса, ненің ұйқысы?! Чемпиондық атаққа лайық екі команданың жартылай финалда кездесіп қалуы да мундиаль қызығын арттырмаса кеміткен жоқ. Жарайды, ойынға оралайық...

«Матчқа қай ойыншыларды шығарамын» деп Дидье Дешам бас қатырған жоқ. Өздерін осы чемпионатта жақсы қырынан танытып жүрген 11 футболшыға Куртуа тұрған қақпаны көрсетті де, өзі алаң жиегінде қала берді… Ал, Роберто Мартинес бапкерге көбірек ойланбаса болмайтын еді. Себебі, ширек финалдағы Бразилияға қарсы матчта «сары қағаз» алған Тома Менье бұл ойында командаға көмектесе алмайтын-ды. Меньені жоғалту – Мартинес үшін көліктің бір доңғалағын жоғалтумен барабар еді. Ойлана-ойлана келе Мартинес негізгі құрамға Муса Дембелені шығарыпты. Дембеле мен Феллайниге ортаңғы шепті тапсырған. Ал, Меньенің қапталында алғашқы минутта Шадли ойнады. Осындай ротацияға барған Мартинес бапкер жүрісінен жаңылғандай еді.

Алғашқы минуттан бастап-ақ Азар бастаған бельгиялықтар Льорис қорғаған қақпаға лап қойғанымен, одан еш нәтиже шығара алмады. Есесіне, француздардың жас перісі Мбаппе сәт сайын қорғаушылардың «аузын айға қаратып» кетіп отырды. Бельгияның қорғаушылары үшін  айып алаңына емін-еркін еніп кететін Мбаппені тұсағаннан гөрі ағып өтіп жатқан сағымды тұсаған оңай еді. Мбаппені тура шабыт дерсіз! Оған басқа теңеу жүрмейді! Алайда, алма-кезек шабуылдармен өткен алғашқы таймда қос команда бір-бірін ала алған жоқ.

Екінші таймның басында Мбаппе бұрыштамадан доп көтерген. Бойы ұзын Умтити допқа барлығынан бұрын жетіп, Куртуаны қапы қалдырды. Есеп ашып алған француздар сосын шабуылдың не екенін ұмытты. 11 ойыншысы қақпаларының алдында «қытай қамал» жасап, жатып алды. Реті келгенде қарымта шабуылға шығып, уақыт созуды да ұмытқан жоқ. Уго Льорис те керемет сейвтер жасап, өзінің шеберлігін танытты. Шабуылдан нәтиже шығара алмаған Бельгия футболшылары төрешінің ащы ысқырығынан кейін көз жастарына ерік берді. Финалға қарға адым жетпей жығылған олардың өкініштері түсінікті еді. Енді Франция финалдағы қарсыласын күтпек. Ал, Бельгия болса қола жүлде үшін таласады.

Бет қатталып жатқанда:

Астана уақыты түнгі сағат 12-ні ұрғанда екінші финалдық жолдама үшін алаңға Англия мен Хорватия құрамалары шықты.  Бұл матч туралы егжей-тегжейлі мақаланы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ