Елбасы қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады

Шілде 10 / 2018

 

Салтанатты қабылдауға Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының президенттері де қатысты.

 

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтап, «Қазақстан», «Тәуелсіздік» және «Астана» сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа елордасының құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты.

– Астананың салынуымен Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттілігіміздің барлық институттары орнықты. Астана бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталыққа айналды, – деді Елбасы.

– 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есе өсіп, бір миллионға жетті. Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді. Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті, – деген Мемлекет басшысы жаңа идеялар мен инновацияларға серпін берген Астананың жетістіктеріне тоқталды.

Қазақстан Президенті соңғы 20 жыл ішінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келгенін атап өтті.

– Мемлекеттер басшылары мен жоғары лауазымды жауапты тұлғалардың сапарлары елдер арасындағы достық қарым-қатынастардың маңызды көрсеткіші саналады. Осындай әр сапардың арқасында Астананың бүкіл әлем бойынша достары көбейе түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шетел көшбасшыларымен жеке достығы жөнінде айтып, олардың Қазақстан астанасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды елорданың 20 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтап, бүкіл халқымызға бақ-береке тіледі.

Салтанатты қабылдаудан кейін Қазақстан Президенті елорданың мерейтойына арналған мерекелік гала-концертті тамашалады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ