ТҮРКІСТАН ТҰҒЫРЫ – ТЕКТІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ!

Шілде 10 / 2018

 

Түркістан облысы ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерінің және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен облыстық Қоғамдық кеңестің Ү Н Д Е У І

 

Қымбатты Түркістан облысының тұрғындары!

Қазақ елінде, сүйікті Отанымыз Қазақстан Республикасында, тарихи мән-маңызы терең, ұлы оқиғалар мен өзгерістер болып жатқан жауапты кезеңде жан-жүректерімізден жарып шыққан үнімізді жеткізу үшін баршаңызға Үндеу арнап отырмыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел келешегін, ұрпақ болашағын болжай білген көрегендігінің арқасында шырайлы Шымкент қаласына республикалық мәртебе беріліп, Оңтүстік Қазақстан өңірі Түркістан облысына айналды. Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек жолындағы жөні бөлек, жосығы ерек шаһар, түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы облыс орталығы болды. Мемлекетіміздің мақтанышы Мақтаарал ауданы мен суы шипалы, топырағы құйқалы Сарыағаш, Жетісай мен Келес аудандары да биік белестерге бет түзеді.

Осы жаңалықтардың бәрі де – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясының, Ұлт Жоспарының, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалаларының жүзеге асырылған жемістері мен жеңістері.

Ардақты ағайындар! Түркістан облысының ардагерлері мен зиялы қауымы! Қоғамдық-саяси бірлестіктердің, ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, алуан түрлі мекемелердің, оқу орындарының, бизнестің, кәсіпкерлік ұжымдар, жалынды жастар! Біз жүрекжарды сөзімізді – осы Үндеуімізді баршаңызға және әрқайсысыңызға арнаймыз!

Жоғарыда атап айтылған жасампаз жаңалықтар, орасан зор оқиғалар бәрімізге және әрбірімізге жоғары жауапкершілік жүктейді. Бірлігіміз бен ынтымағымызды, татулығымыз бен тұрақтылығымызды, ұлтішілік және ұлтаралық ауызбіршілігімізді көздің қарашығындый қастерлеп, жұмыла жұмыс істеп, ерекше еңбек еткенде ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Мұны бір сәт те естен шығаруға болмайды.

Ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ, қазақтың қаймағы бұзылмаған өңірі атанған асыл дәстүрлерімізді кіршіксіз сақтап, кемел келешекке ұрпақтар сабақтастығын өрелі де өрісті, кестелі де келісті түрде тектілікпен жалғастыру – басты борышымыз, парасатты парызымыз.

Өкінішке қарай, ел арасында әлі де болса алауыздықтың, күншілдіктің көріністері, қасақана ғайбаттау мен бықсытудың, әдейілеп бөле-жарып, бірлікті бүлдірмекке, ынтымақты ыдыратпаққа тырысатын жымысқылықтың, арыздар ұйымдастырып, өсек-аяң өршітудің өрескел әрекеттері байқалып қала береді.

Еліміздің, халқымыздың, ұлтымыздың тағдыр-талайы мен тарихына тереңірек мән бере қарасақ: арызқойлық, алауыздық, іштарлық, күншілдік, сыбыр-сыпсың мен күбір-күпсің, ізгілікті ниеттерге іріткі салу сияқты жат қылықтар мен жұқпалы кесапаттардың бәрі жүздеген жылға созылған отаршылдық, басқыншылық жүргізген сұрқия саясаттардың сарқыншақтары екені бүгінде жан-жақты дәлелденген.

Империялық іштарлықтың, отаршылдық ойрандардың зұлымдықтарынан елуден астам түркі халықтарының жартысына жуығы жойылып кетті, қалғандары көштерін түзей алмастай күйзеліске ұшырады. Қазақ ұлтын бөліп-жарып, бір-біріне деген өшпенділігін өршіту, жүзаралық, руаралық қырқыстарды қоздыру, «Сексеуілді сексеуілмен ұрып күйрету» саясаты, сайып келгенде, халқымызды жер бетінен жойып жіберу мақсаты қойылғанын ешқашан естен шығаруға болмайды.

Бұрынғы замандардағы басқыншылықты айтпағанда, патшалық Ресейдің үш жүз жылдай уақытқа созылған отаршылдығы қазақ арасына жоспарланған, жүйелі түрде жік салып, от жағып, өрт шығарып, күншілдікті, іштарлықты, арызқойлықты, сатқындықты, опасыздықты, өтірік сөйлеу мен өсекшілдікті өршітті. Қазақтың қасиетті құнарлары мен құндылықтарын түп-тамырынан айырып, құрдымға айдап құрту жөнінде қаншама құжаттар қабылданғаны, тікелей тапсырмалар берілгені, олардың орындалуы қалайша қатаң қадағаланғаны да белгілі болып отыр.

Кеңестік кезеңде де қазақтың қырғын кесапаттарға, саяси қуғын-сүргіндерге, алапат ашаршылықтарға неліктен өзгелерден әлденеше есе артық ұшырап, алты миллионнан астам Алаштың екі миллион төңірегіне дейін төмендегені ұлт санасында қасірет қоңырауы болып қағылуы қажет-ақ!

Айналайын халайық! Сол бір сұрқия саясаттар, ойсырата күйреткен отаршылдықтар, қуғын-сүргіндер, қолдан жасалған қырғындар артта қалды. Аллаға мың да бір шүкіршілік, ата-бабаларымыз, Алаш ардақтылары, Түркістан дейтұғын даңқты атауды ту етіп көтерген тұлғаларымыз армандаған тәуелсіздікке жеттік. Жиырма жеті жылдан бері азат елде өмір сүріп, ғұмыр кешудеміз. Бостан жұрттың, егемен елдің тұтас бір ұрпақ буыны өсіп-жетілді.

Енді Көшбасшымыз кемел келешекке бастаған «Мәңгілік Ел» сапарындағы кей-кейде көлденеңдей беретін кесел-кесапаттарға, яғни күншілдікке, арызқойлыққа, өсек-аяң өршітетін өлермендікке, бірлікті бұзатын кезкелген өркөкірек өжеттіктерге жол беруге болмайтынын ұғынатын уақыт келді!

Әрине, ауылдарда, аудандарда, кенттеріміз бен қалаларымызда кемшіліктер, шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелер мен күрмеулі түйіндер аз емес. Олар бірте-бірте шешіледі. Жоғарғы жаққа, биіктегі билік буындарына, түрлі органдарға әдейі арыз ұйымдасты-рушылыққа тосқауыл қояйық. Олардың бәрін де жергілікті жердегі әкімшілік, өкілетті, құқық қорғау және тағы басқа  органдар арқылы да шешуге әбден болады. Ауыл-аудандарда шешілмесе, облыстық әкімшілік, мәслихат, басқа да мемлекеттік органдар мен мекемелер бар. Қазір «Нұр Отан» партиясының филиалдары, облыстық Қоғамдық   кеңес,   кәсіподақ   кеңестері,  ардагерлер  кеңестері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдар лайықты абырой-беделге ие. Шынтуайтына келгенде, осы ұйымдардан артылатындай, шешімін таппайтындай жағдаяттар жоқтың қасы деуге негіз бар.

Жоғарғы Соттың өзі дау-дамайларды, кейбір шиеленісті жағдайларды татуласу, келісу, бітімге, бәтуаға келу арқылы сотсыз, соттасусыз шешуге шақырып, Үндеу қабылдағанын білесіздер. Бұл орайда да ардагерлер кеңестері, зиялы қауым, қоғамдық кеңестер мен ұйымдар үлкен рөл атқаруы тиіс.

Оңтүстік өңірінде сәл бір нәрсе бола қалса, ыңғайсыз оқиғалар орын алса, улатып-шулатып жазу, айту, ушықтыра, үдете түсіп, қасақана қоздырып, «қыздырып» әкету бұрыннан бар екені белгілі. Біз бұқаралық ақпарат құралдарын, журналистер қауымын осы орайда ойлануға шақырамыз. Шымкентіңізді шымшып-шымшылау, Түркістаныңызды түртіп-түрткілеу тоқтатылуы тиіс деп санаймыз.

Қымбатты жерлестер! Түркістан облысының тұрғындары!

Ұлттық ұлағатты қасиеттер мен құндылықтарды жаңғыртып, жан-жүрегімізге жаңарта сіңіріп, кемшілік-терден, кежегелерді кері тартатын кеселдерден ертерек арылайық!

Егемендіктің ерені, Тәуелсіздіктің тереңі, кемеңгерліктің кемелі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған айқын міндеттері мен мақсаттарын орындауда татулықтың, талапшылдық пен жауапкерші-ліктің жоғары үлгісін таныта білейік!

Президентіміз лайықты бағалап, үлкен сенім артқан айтулы азаматымыз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі әлеміне танымал тұлғамыз – өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың жаңа жобаларына, тың тірліктеріне берік бірлігімізбен, бекем тірлігімізбен қолдау көрсетейік!

Түркістан шаһары, Түркістан облысы, тұтас Қазақстан үшін ғана емес, түгел Түркі әлемі үшін қасиетті бабамыз Қожа Ахмет Ясауи: «Іштеріне қулық толғандардың, көкіректерінде ар-ұят солғандардың жүректері дірілдемейді, жандары тебіренбейді» деген. Ардақты әлеумет! Осы Үндеуімізді бәріңіз де жан-жүрек толқыта қолдайды деп сенеміз!

Түркістан облысын бірлігі мен ынтымағы жарасқан, ерекше еңбексүйгіш, рухани жағынан жаңғырып-жаңарған, жан-жақты өнегелі, өзгеше өңірге айналдырайық!

Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық!

Түркістан облысы әкімдігі, Түркістан облыстық мәслихаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Үндеу облыс ардагерлері мен зиялылар қауымының арнайы басқосуында және облыстық Қоғамдық кеңестің мәжілісінде қабылданды.

Түркістан қаласы, 2018 жылғы маусым.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ