Экономика 0 пікір 0 лайк

Сайрамда сансыз тірліктер атқарылуда

Шілде 10 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Сайрам ауданында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Соның бірі – Ақсу ауылындағы «Gas Standart System» ЖШС-нің сұйық газ сақтайтын және сататын кешені. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

 

– Мұнда сыйымдылығы 650 текше метр болатын 13 резервуар бар. Бұл кешен өз кезегінде өңірдегі көліктерді газбен толық қамтамасыз етеді. Яғни, өңір халқы бұдан былай экологияға зиян келтірмейтін, бензиннен 2,5 есе арзан газды тұтынады, – деді өңір басшысы.

Одан кейін Жансейіт Қансейітұлы Ақсукент ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген 200 орынды балабақшаның ашылу салтанатына қатысты. Бұрынғы орта мектептің орнына құрылған балабақша күрделі жөндеуден өтіп, 8 ай ішінде пайдалануға беріліп отыр. Құрылыс жұмыстарына 290 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

Осы Ақсукент ауылында жасөспірімдердің спорт мектебінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиында сөз алған өңір басшысы тұрғындарды жаңа кешеннің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі етіп, ауыл жастарын спортпен айналысуға шақырды.

– Елбасымыздың өзі әлі күнге дейін спорттан қол үзген емес. Үлкен теннисті шебер ойнайтынын жақсы білесіздер. Одан бөлек Президентіміз суда жүзумен айналысады. Бұл спорт кешені сіздерді үлкен жеңістерге бастасын. Осы кешенде жаттыққандар әлем және Олимпиада шыңын бағындырсын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Түркістан облысы Сайрам ауданында бір мезетте 10 мың ірі қара бордақылайтын кешен салынуда. «Нұрым Групп» ЖШС-інің  мал бордақылау кешенінде қосымша құрама жем шығаратын цех және мал сою алаңы да қарастырылған. Ауданға арнайы сапармен барған өңір басшысы аталған нысанға аялдап, серіктестіктің алдағы жұмыс жоспарымен танысты.

Сондай-ақ, өңір басшысы ауданға сапары барысында шетелдерден келген еріктілермен кездесіп, жұмыс тобының атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, еріктілерге алғыс білдірген облыс әкімі топтың бірқатар мүшелерін марапаттады.

Құрамында дәрігер, құрылысшы сынды түрлі саланың мамандары бар еріктілер тобының Сайрам ауданына келгеніне 3 аптаның жүзі болған. Олар мұнда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға түрлі бағытта ақысыз түрде көмек көрсетумен айналысып келеді. Шетелдік қайырымды жандар елімізде тағы 2,5 айдай болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды жоспарлап отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ