Ол чемпион болып оралды!

Шілде 10 / 2018

 

7 шілде күні Астанадағы «Барыс Арена» сарайында кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов өзінің ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Денсаулығына байланысты екі жыл үзіліс алған жерлесіміз түрік боксшысы Хизни Алтункаяны тізе бүктіріп, өзінің жеңісті сериясын жалғастырды. Айта кетейік, бұл — Бейбіттің кәсіпқой рингтегі 18-ші жеңісі.

 

Бейбіт пен Хизни бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасты. Бейбіт алғашқы раундтан-ақ қарсыласының аңысын аңдып жатпай, ашық шабуылға көшті. Нәтижесінде түрік боксшысы бірінші раундта-ақ нокдаун алды. Ал, одан кейінгі раундтарда Бейбіт қарсыласының шабуылдауына мүмкіндік бере қойған жоқ. Хизни тек қорғанумен болды.

Қорғана жүріп шабуылдаған Хизни тоғызыншы раундқа дейін шыдады. Тоғызыншы раундта Бейбіт қарсыласын бұрышқа тықсырып, ауыр соққыларды үсті-үстіне жұмсады. Осындай ауыр соққылардан кейін Алтункаяның төрешіден араша күтуден басқа амалы қалмады. Төреші секунд санауға көшкен. Хизнидің ес жия алатынына ешкім сенбеген. Алайда, ол табандылық танытып, жекпе-жекті қайта жалғастырды. Тек гонг даусы естілген соң ғана бапкерлерімен ақылдасып, жеңілгенін мойындады.

Осылайша Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокстан қол үзіп қалғанға дейін өзіне тиесілі болған WBA белдігін қайтарып алды. Енді Шымкенттің оғланы Александр Усик пен Мурат Гассиев арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен қолғап түйістіргісі келеді. Айта кетейік, бұл жекпе-жек 21 шілде күні Мәскеу қаласында өтеді.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ