Ерлікті Ресей жасады, жартылай финалға Хорватия жолдама алды

Шілде 10 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионаты дәл қазір ең қызық жеріне жетті. Өткен аптада 32 құрамадан дараланған 8 үздік жартылай финал жолдамаларын сарапқа салды. Сол сегізден үздік шыққан 4 құрама енді мундиаль жүлделері үшін таласпақ. Бұл командалар қазір белді де, белбеуді де ұмытқан. Ұмытпағанда ше, әлем кубогі қол созым жерде ғана тұр. Екі аттаса алтын кубокті құшақтарына қыса құламақ. Ал, сүрінгендердің өкініштері таяу уақытта тарамайды. Осындайда «тұлпарға озудан да қалу қиын» деген сөз еске түседі. Төртжылдықтың басты турнирінде жүлде бөлісін сарапқа салатындар кімдер? Ширек финалдағы ойындар несімен есте қалды? Айтайық.

 

Дешам бапкер Беккенбауэр бола ала ма?

Бразилия, Италия, Германия, Аргентинамен салыстырғанда Франция құрамасы Англия секілді әлем чемпионатын бір-ақ рет ұтқан. 1998 жылы мундиальды өз елінде қабылдаған үш жолақты елдің құрамасы алтын кубокты бастарынан асыра көтерген. Сол құрама бір төбе еді де, сол құрамдағы Зидан бір төбе еді. Зизу одан кейін де француздарды талай рет өрге сүйреді. Франция футболындағы №1 ойыншы атанды. Алайда, қазір сол 1998 жылы чемпион болған құраманың тағы бір футболшысы Дидье Дешамның аты да жиі айтылуда. Неге айтылмасын?! Дешам ұлттық құраманың тізгініне ие болғалы Франция біраз жетістіктерге жетті. Екі жыл бұрын өткен Еуропа чемпионатында бірінші орынға сынық сүйем ғана жетпей тоқтады.

Ширек финалда Уругвай мен Франция кездеседі дегеннен жанкүйерлердің делебесі қозып, тартысты ойын күткен. Алайда, «селеста» сапында атақты шабуылшы Кавани жарақат алып, ойынға қатыса алмады. Эдинсонның жасыл алаңға шыға алмауы бұл ойынның қызығын біраз кемітіп жіберді десек қателеспейміз. Гризманн бастаған француздар сәт сайын Муслераны мазалап, ақыры 40-минутта дегендеріне жетіп тынды. Айып добын әдемі көтерген Гризманның пасына қорғаушы Варан басын қоя салды. Есеп – 1:0.

Екінші таймда Гризманн алыстан соққы жасап, уругвайлық қақпашының қаншалықты қағылез екендігін сынап көрген. Ал, ол болса уысында ұстап тұрған доптан қалай айырылып қалғанын өзі де сезбей қалды. Осы чемпионатта да, мұның алдындағы мундиальдарда да өзін жақсы қырынан көрсеткен Фернандо Муслераны аяқ астынан осылай қара басты. 2:0 есебімен жеңіске жеткен Франция Уругвайды үйіне қайтарды. Бір күн алдын «финалға дейін жететініміз анық» деп өрекпи сұхбат берген Оскар Табарестің енді Уругвай құрамасын жаттықтыру-жаттықтырмауы екіталай. Ал, Франциядан талайлар көзді жұмып-ақ жеңіс талап етіп отыр. Мына жұмыр жерде футболшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де әлем чемпионатында топ жарған жампоздар аз да болса кездеседі. Дешам ендігі жерде Беккенбауэрлердің ерлігін қайталай ала ма? Бұл сауалдың жауабын Сіз осы аптада аласыз...

Пеленің өзі де алтын, сөзі де алтын

Францияның ақтық сын үшін болатын ойындағы қарсыласы Бразилия – Бельгия кездесуінде анықталды. Бразилия бұл мундиальға алтыншы алтын кубок үшін келгені анық-тын. Басқа нәтижелердің барлығы да Пеленің отандастары үшін жеңіліс болып саналады. Алайда, «селесао» атты алып кеме бұл жолы үлкен «қызыл айсбергке» соғысып барып тоқтады. Бельгия бапкері Роберто Мартинес өзінің қарсыласы Титені тактикалық тұрғыдан сан соқтырып кетті. Мартинес ойынға шекелерінен шертіп тұрып 3 қорғаушы,
4 жартылай қорғаушы, 3 шабуылшы шығарды. Қарсыластың шабуылы кезінде 2 жартылай қорғаушы дереу қорғанысқа көмектесіп, алынбас шеп құрды. Ал, шабуыл кезінде қапталдағы қорғаушы Менье тіпті шабуылшының міндетін атқарды. Ойын бастала сала «пентакампеондар» Бельгия қақпасына лап қойды. Алайда, ол шабуылдардың бәрі нәтижесіз аяқталды. «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қағиданың барын ұмытқан оңтүстікамерикалықтар бұрыштамадан гол жіберіп алды. Фернандиньо допты айып алаңынан алыстатамын деп жүріп өз қақпасына гол салып алды.

Гол жіберіп алған «селесао» тайлы-тұяғымен тағы да алға ұмтылған. Сондай сәттердің бірінде бельгиялық футболшы Лукаку допты құйын-перен болып ала қашты. Екі-үш ойыншының арасынан еркін өткен ұзынсирақ Лукаку де Брюйнеге пас қалдырды. Кевин болса командаласына пас беретін сыңай танытып тұрды да, артынша Алиссон Беккердің қақпасына қарай қақырата соқты. Беккердің секіргені бекер еді... Есеп: 2:0

Бельгия екінші таймды тек қорғаныста өткізді. Бразилия сауатты қорғанған бельгиялықтардың қорғанысын бұзып өте алмай дал болды. Ойынның 76-минутында Аугусто есеп айырмасын қысқартып, Бразилия жанкүйерлеріне үміт сыйлаған. Алайда, еуропалықтар дес бермеді. Осылайша Бельгия Оңтүстік Американың осы чемпионатта қалған соңғы құрамасын еліне қайтарды. Газетіміздің алдыңғы нөмірінде атақты Пеленің журналистерге берген сұхбатынан үзінді келтіргенбіз. Сонда футбол королі «Бразилия чемпион бола алмайды. Мен командалық ойын көріп тұрған жоқпын» деген-ді. Айтқаны дәл келіп, әр ойыншысы бір құрамаға татитын Бразилия командалық ойыны мығым ұжым Бельгиядан айласын асыра алмады.

Ағылшындардың да айтары бар...

Англия – осы чемпионатқа ең жас ойыншыларды әкелген құрамалардың бірі. Ал, команда капитаны Харри Кейн – осы мундиальдағы ең жас капитан. Гарет Саутгейт бапкер осы біріншілікке тек Англия чемпионатында өнер көрсететін 23 футболшыны әкелді. Стандарттық шабуылдарға өте сауатты ағылшындар осы чемпионатта соққан 11 голдың көпшілігін сол  стандартты шабуыл кезінде соққан.

«Стандарттың королі» атанған құрама ширек финалда шведтерді қиналмай ұтты. Алдымен Магуайр бұрыштамадан берілген допты Оульсен қорғаған қақпада тулатса, екінші таймда Алли да басымен гол соғып, футболдың отанынан келген құраманы жартылай финалға шығарды. Англия құрамасы бұрын-соңды бір чемпионатта 11 голдан артық соқпаған екен. Сонау 1966 жылы Англия әлем кубогін басынан асыра көтергенде, футболшылары 11 голмен тыншыған. Ал, ол рекордты бұл құрама қазірдің өзінде қайталап отыр. Алда екі ойын бар. Демек,  рекорд жаңарып қалуы әбден мүмкін. Қорғанысы да, шабуылы да мығым ағылшындар «біз чемпион болғалы да 52 жыл өтіп кетіпті ғой» деп іштей күбірлеп қояды...

Смоловтың көз жасы

Турнир қожайындары Ресей құрамасының ширек финалға жетуінің өзі үлкен ерлік. 1/8 финалда Испанияның өзін қапы қалдырған ресейліктердің Хорватиядан да сескенетін жөні жоқ еді. Алайда, футболда жеңілмейтіндер болмайды. Орыстар салған жерден шабуылдап, ұрымтал сәттердің бірінде Денис Черышев хорват қақпашысы Субашичті қапы қалдырды. Денистің әдемі голының арқасында алға шыққан орыстар сосын бір сәт біржола қорғанысқа кеткендей болды. Ал, ойламаған жерден ауыр соққы алған «шақпақ жиделілер» жан-дәрмен шабуылға ұмтылды. Бір қорғаушыны айналып өткен Манджукич әріптесі Крамаричке қолмен қойғандай әдемі пас берді.  Ал, ол мүлт кеткен жоқ. Одан кейін қос құрама қанша шабуылдаса да бір-бірін ала алмады. Ал, экстра таймның температурасы тіпті жоғары болды. 101-минутта хорваттар алға шыққан, алайда, өлермендігімен өрге шығатын ресейліктер соңғы секундтарда есепті теңестіріп кетті. Сіз мойындаңыз, мойындамаңыз, Ресей осы чемпионатта нағыз ерліктің үлгісін көрсетті.

Ойын тағдыры футбол лотереясы арқылы шешілетін болды. Бір қызығы, қос құрама да 1/8 финалдық кезеңнен осы пенальти сериясы арқылы өткен. Сондықтан Субашичке де, Акинфеевке де өз елдерінің қаһармандары атануға тағы бір мүмкіндік туды. Ол мүмкіндікті Субашич сәтті пайдаланды. Федор Смоловтың соққысын қайтарып, Хорватияны жартылай финалға жетеледі. Ойын соңынан кейін Сочидегі абажадай «Фишт» стадионы құлаққа ұрған танадай тып-тыныш күйге түсті. Бос қалған алып стадионның нақ ортасында тамағына өксік тығылып жалғыз Смолов отырды. Көзі жасқа, кеудесі ащы запыранға толған Федяның осы отырысының өзі Ресейде футболдың болашағы жарқын екенін аңғартқандай еді.

Енді жартылай финалда Франция мен Бельгия, Хорватия мен Англия кездеседі. Бұл апта – жүрек пен жүйкенің сынға түсетін аптасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ